Павлодарда кәмелеттік жасқа толмаған 7 жасөспірім үй терезесінен оқ атқан. Олар танысының үйіне компьютер ойнау үшін жиналған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
23 қаңтарда 17:47-де 34 жастағы Павлодар тұрғыны полицейлерге белгісіз адамдардың терезеге оқ атқанын мәлімдеген. Хабарлама бойынша оқиға орнына келген із кесу тобы тексеріс жұмыстарын жүргізіп, белгісіз азаматтардың екі рет оқ атқанын анықтаған. Оқ Бұқар жырау көшесінде орналасқан үйдің балконын зақымдаған.
Полиция қызметкерлері 13-15 жас аралығындағы жеті жасөспірімді анықтады. Олар №6, 16, 24, 29 және 34 мектепте білім алады.
Анықталғандай, 23 қаңтарда жасөспірімдер достарының үйіне компьютер ойнау үшін жиналған. Қонақтардың бірі өзімен бірге тапашаға ұқсас зат алып келген.
Қызық үшін жасөспірімдер балконға шығып, «тапаншаны» тексеріп көру үшін кезекпен оқ атқан. Нәтижесінде олар пәтерлердің бірінің балконын зақымдаған.
«Тапаншаға ұқсас зат тәркіленді. Сараптамадан кейін жасөспірімдерге қатысты шешім шығарылады», – деп мәлімдеді полициядағылар.
Жасөспірімдердің әрекеті үшін олардың заңды өкілдері жауап береді. Осыған байланысты полицейлер ата-аналарға балаларының уақытын қалай өткізетінін, немен шұғылданатынын бақылауды сұрайды.