Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы қызметіне жуырда тағайындалған Раушан Қожамжарова шаһардағы білім ордаларын аралап, жай-күйімен танысуда. Раушан Пернешқызы алдымен «Шөлдала» алқабында орналасқан №59 орта мектебіне ат басын бұрды.
Бөлім басшысы мектепті аралау барысында білім сапасының, ҰБТ көрсеткішінің былтырғы жылмен салыстырғанда төмендігіне ескерту жасап, мектеп директорына олқылықтарды жою және орнын толықтыру үшін жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар оқу ордасының тазалығын сынға алды. Атап айтқанда, мектеп асханасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыз- дағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығында көрсетілген заң нормаларына сәйкес емес. Соның салдарынан тауарлық көршілестік сақталмаған, көкөністер сақталатын жәшіктердің сыртында ешқандай жазба ілінбеген және асхананың тазалығы сын көтермейді. Осы бойынша Раушан Пернешқызы мектеп директорына және директордың шаруа ісі жөніндегі орынбасарына қатаң талап қойып, кемшіліктерді 2 күн ішінде қалыпқа келтіруді тапсырды.
Бұдан кейін бөлім басшысы қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариевпен бірге №18 орта мектептің жұмысымен танысты. Кездесу барысында мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы, білім сапасы төңірегінде сөз қозғалды. Шаһар басшысының орынбасары білім мекемелеріндегі мамандардың жетіспеушілігіне мән беру керектігін, жоғары оқу орындарымен бірлесе жасалған меморандумдардың аясында жұмысты күшейту керектігін ерекше атап өтті.
Келесі кезекте бөлім басшысы №27 орта мектепке аялдады. Раушан Пернешқызы мектептің бүгінгі күнгі материалдық жағдайын өз көзімен көріп, 1957 жылы қолданысқа берілген білім мекемесінің материалдық-техникалық базасы төмендегеніне және оқу кабинеттерінің жетіспеу- шілігіне баса назар аударды. Қазіргі таңда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Ағымдағы жылы ғимарат сараптамадан өткізілмек. Сонымен қатар Раушан Қожамжарова №38 орта мектепке де барып, білім сапасын арттырудағы ең өзекті құрылым – модификациялық кабинетті тиімді пайдалану мүмкіндігімен танысты. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін қадағалауға алуды тапсырып, асхана қызметкерлеріне ас бөлмесіндегі ыдыс жуғыш құралдары санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес сақталуы қажеттігін қатаң ескертті.
Осылайша қалалық білім бөлімінің басшысы өз жұмысын қырағы бақылау мен мектеп директорларына қатаң сын-ескертпе беруден бастады. Бұл, әрине, ең бірінші оқушылар үшін жасалып жатқаны түсінікті.
Құрмаш Қаптағай