Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отбасы – ұлттың тірегі

0 267

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл – қазақ қоғамындағы өзгермейтін, әбден қалыпқа түскен қағиданың бірі. Олай дейтініміз, ел экономикасының тірегі, бәсекеге қабілетті, саналы да білімді ұрпақтың қалыптасуында отбасының алар орны айрықша.

Осы институтты нығайтып, мүмкіндігі шектеулі жанұяның жағымды имиджін қалыптастыру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау, рухани ойлауы терең, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы таза, еңбекқор ұрпақты тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру мақсатында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Отбасы күні» мерекесіне орай «Отбасы – ұлттың тірегі» атты байқау ұйымдастырды.
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өткен тартысты сайысқа облыс көлеміндегі әлемді көзімен емес, көкірек жанарымен көретін зағип отбасылар және барлық топтағы көз мүгедектігі бар 8-12 жас аралығындағы зағип балалар мен ата-аналары қатысты. Атап айтсақ, Байбосыновтар, Жарылқасыновтар, Әсембектер, Ізбасаровтар отбасылары байқау ережелеріне сәйкес бақ сынасты. Олар «Жанарымдағы сол бір әуен», «Сәнді киін», «Киностан», «Білгенге маржан…», «Бір жыр оқимын», «Ыстық жанұям» атты кезеңдерде белсенділік танытып, сахнада поэзиялық шығармаларын орындап, өздерінің шеберліктерін, өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Қоғамның негізгі мақсаты – адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі терезесі тең, керегесі кең, берік отбасына байланысты. Байқау басталмас бұрын жанына жақын жандардың маңыздылығын ашатын отбасы жайында түсірілген әлеуметтік бейнеролик көпшілікке ұсынылды. Ал өмір сынағына сынбай, отбасын сақтап қалу үшін барын аямай жүрген жандар алдында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның әншілері Алмас Қырғызалиев дәстүрлі ән шырқаса, Балжан Ділдабекова «Құлыншағым» әнін әуелетті. Сондай-ақ «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары Еламан Салауат пен Айсана Сағындық қолдау көрсетіп, «Әке-ана» әнін орындап, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің бас маманы Жадыра Құттыбаева, облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» филиалының төрайымы Гүлнұр Нұрмашева және «Болашақ» мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Мамасеріковалардан жасақталған қазылар алқасының шешімімен Байбосыновтар топ жарса, 2-орынды Жарылқасыновтар, 3-орынды Ізбасаровтар отбасы еншіледі. Ал Әсембектер жанұясы ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды.
Байқаудың барлық қатысушылары сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Гүлзада Қырықбаева, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.