Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отадан соң ауызы ашылмай қалған: Қызылордада жеткіншек тіс емдетуге барып, операциядан бір-ақ шыққан

0 137

Қызылордалық Сымбат Жақсыбекова тісін емдетуге барып, операция үстелінен бір-ақ шыққан. Ата-анасының айтуынша, қараша айында мемлекеттік емханаға тісі ауырып барған қыз, дәрігерлердің салғырттығынан 3 рет операцияға түскен. Жағдайы әлі мәз емес.  Қызын осындай жағдайға жеткізген кінәлілер тиісті жазасын алсын дейді олар. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.

Сымбат қараша айында облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығындағы тіс дәрігеріне қаралған. Сол күні оған ем жасап, үйіне қайтарады. Ал келесі күні Сымбаттың мазасы қашып,  қайта барады. Дәрігер тісті жұлу керек екенін айтыпты. Бірақ  қыздың сөзінше, өзінің оған шамасы жетпей, жеке емханадағы әріптестерінен көмек сұраған. Үш дәрігер кезек-кезек әурелеп, тісті жұла алмады дейді.

“Сендерде мұндай тіс болмаған тәжірибе жасап көріңдер деп айтты. Солай екеуі бастады. Екі сағаттай жұла алмады. Үшеуі кезек-кезек жұлды. Темір көп қолданды. Мен сол кезде айттым, болды әлсіреп тұрмын деп, көзімді жұмып жаттым. Баста егер істей алмағанда. Мені басқа жаққа жіберу керек еді”, – дейді қала тұрғыны Сымбат Жақсыбекова.

Әбден әлсіреген Сымбатты  әжесі үйіне әрең жеткізген көрінеді. Содан бері үш айда 3 рет ота жасатты дейді қыздың жақындары. Іріңнен бет-ауызы қатты ісіп, ауызы ашылмай қалыпты. Анасы оның жағдайы қазір де мәз емес екенін айтады. «Ал жақ сүйектің арасында әлі  алынбай қалған белгісіз заттың қалдығы бар» дейді.

“Майда-майда екі тіс алынды. Қасындағы темір алынған жоқ. Ол инструменттің ұшы болуы мүмкін дейді. Осы кезде жақ сүйегінде тұр. Сол бізді алаңдатады. Өйткені қазір жағы ісіп қазір үйде. Ауырсыну бар. Екі күн болды түкірген кезде ірің түкіріп тұр”, – дейді қыздың анасы Баян Берлібаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар жеке тіс емханасының дәрігерлерін тексеруге құзіреттілігіміз жоқ дейді. Ал кеңес беру-диагностикалық орталығы дәрігерінің әрекетіне қатысты тексеру жүргізілетінін айтады.

“Ота барысында, бөгде дене табылмаған. Дәл қазір балада Алматыға барып ем алуға көрсеткіш жоқ. Қазір балада реабилитациялық шаралар жүргізіледі емханасы бойынша. Егер де қажет болған жағдайда Алматыға немесе республикалық орталықтарға тегін квота арқылы жіберуге болады”, – дейді Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.

Сымбаттың ауызы әлі еркін ашылмайды. Биыл мектеп бітіретін оның алдағы сынаққа да дайындалуға мүмкіндігі жоқ дейді ата-анасы.  Ал оны осындай  халге түсірген дәрігерлер тиісті жазасын алсын деп талап етіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.