Союға апара жатқан жерінен жүк көлігінің шанағынан секіріп, қашып кеткен сиыр қала орталығын армансыз шарлады. Бірнеше адамды жарақаттап та үлгерген, деп хабарлайды Экспресс К.
Әл-Фараби даңғылы бойында көліктер мен адамдардан үркіп, тоқтаусыз шауып жүрген сиырдың видеоларын куәгерлер әлеуметтік желілерге жарыса таратты. Олар әбден шошынып қалған үй жануарының адамдарға шабуылдағанын да айтты. Мұны облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары растады.
Сиыр үш адамды жарақаттады. Ер адам жамбасы сынған деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Тағы бір әйелдің табанына зақым келген. Сондай-ақ, зейнеткер әйел білек сүйегін ауыртып алған,
Тәртіп сақшылары үй жануарының иесін анықтады. Қазіргі таңда оқиға болған жерде барлық қауіпсіздік шаралары қабылданған. Сиыр ұсталғаннан кейін арнайы қоршаулы нысанға апарылды. Иесі сол жерден алып кетеді,
Айта кету керек, бұл жануар Әулиекөл тұқымына жатады. Ветеринар мамандары келіп анықтағандай, жануарда ешқандай құтырма ауруы жоқ. Тек қатты шошынып қалған. Ал оның бұдан кейінгі тағдыры белгілі — бәрібір пышаққа ілінеді.