Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оралда мүгедек баланың әкесі мемлекеттен пәтер алған соң, отбасын үйден қуып шыққан

0 239

Мүгедек баланың әкесі мемлекеттен пәтер алып, отбасын үйден қуып шықты. Есіктің құлпын ауыстырып, жұбайы мен балаларын көргісі келмейтінін айтқан. Ирина Заварзина осы баспана үшін жалдап тұру ақысын төлеуге мәжбүрмін деп ашынады. Себебі ол келісімнің кепілгері болып қол қойған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сатып алу құқығы берілген жалдамалы пәтерді Ирина Заварзинаның отбасы жеңілдік санаты бойынша алған. Кенже қызының мүмкіндігі шектеулі еді. Ауыр дертке шалдыққан қыз отырып, басын тік ұстай алмайтын. Алайда отбасы сол күйі қоныс тойын тойлай алмады. Отағасы әйелі мен екі баласын үйден қуып шыққан.

«Мен құлыпты ауыстырдым. Келмей-ақ қойсаң болады, сау бол», – деп хабарласты. – Пәтер менікі, иесі мен, – деді. Қалай сенікі? – деймін. Ол пәтерге нашақорларды жинап, притон жасаған. Көршілер растай алады. Екінші қалалық сот келісімді бұзу туралы талабымызды қабылдамады. Себебі ажырасу келісімді бұзуға себеп емес», – дейді Ирина Заварзина.

Жалға алу туралы келісім Иринаның күйеуі мен Қазақстандық тұрғын-үй компаниясының арасында жасалған. Құжатта пәтердің «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы «Мүгедек баласы бар отбасыға» берілгені анық жазылған. Ирина кепілгер ретінде қол қойғандықтан, енді баспанаға кезекке тұру құқығынынан айырылып отыр.

«Пәтерді берген соң, оларды кезектен алып тастадық. Олар баспанамен қамтамасыз етілді, өз мүмкіндіктерін қолданды. Келісімді бұзғысы, күйеуін алып тастағысы келсе, Қазақстан ипотекалық компаниясына жүгінуі керек. Теңгерімді ұстаушы солар», – дейді Орал қалалық ТҮКШ баспана секторы мен жекешелендіру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Шайхиев.

Отбасын үйден қуған Иринаның күйеуі енді пәтер ақысын төлемей жүр. Демек қарызды өтеу кепілгердің мойнына жүктеледі. Ирина түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып шаршағанын айтады. Ол аздай, жақында қызын жер қойнына тапсырған. Екі жылдың ішінде «Қазақстан тұрғын үй компаниясына» бірнеше рет жүгінгенімен, ол жақтағылар тексерісті тек телеарнаның сұранымынан кейін бастаған. Ресми жауапта отбасы мен олардың көршілерінің тарапынан ешқандай шағым түспегені айтылған.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ жалға алушылардың жеке өміріне араласпайды. Жүргізілген тексеріске сәйкес, биыл 18 қаңтарда пәтерде санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталған жоқ», – деп хабарланды компаниядан.

Ал тәуелсіз заңгерлердің пікірінше, сот отағасы мен тұрғын үй компаниясының арасындағы келісімді жарамсыз деп тануы керек еді. Өйткені ажырасқан еркек өзіне тиесіліден артық шаршы метрде тұрып жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.