Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ол кезде тілмаш болдым». Дос Көшім Рысқұлбековтің атылатынын 3 ай бұрын білген

0 337

Белгілі саясаткер Дос Көшім 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қылмыстық істерді қазақшаға аударған және Қайрат Рысқұлбековтің сотында тілмаш болып жұмыс істеген. Ол құзырлы орган қызметкерлерінің кімнің қандай жазаға тартылатынын сотқа дейін алдын ала дайындап қойғанын айтады.

Экспресс К тілшісі танымал саясаткер, сол кездегі 31 жаста болған Дос Көшіммен сұхбаттасты,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

Экспресс К: Желтоқсан көтерілісі кезінде сіз қайда болдыңыз? Алаңға жиналып жатқан жастар туралы кімнен естідіңіз?

Дос Көшім: Мен сол уақытта қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде сабақ беріп жатқанмын. Бір жұмыстармен ректоратқа бару керек болды. Ол кезде ректорат басқа корпуста болатын. Қағаздарды өткізуге барғанымда, сыртта шерулетіп өтіп бара жатқан жастарды көрдім. Олар университеттің алдына келіп «ҚазПИ, шығыңдар» — деп айқайлады. Есіктерді жауып қойып еді, тарсылдатып тұрып алды. Біз іште қалып қойдық. Содан кейін декан шақырып алып, шерушілер кеткеннен кейін бізді жатақханаға жіберді. Біз түнімен 4 ер мұғалім сол жерде кезекшілік еттік. Бірақ түнде екі студентімді терезеден шығарып, «не болып жатыр, біліп келіңдер» деп жібердім. Алаңда болып жатқан жайттарды солар айтып келді. Ертесіне таңертең баламды балабақшаға апарғаннан кейін алаңға келдім. Бұл 17 желтоқсан болатын. Жан-жақтан студенттер топ-топ боп келіп жатты. Әскерилер ауық-ауық шабуылдап, жастарды алып кетіп жатқанын көріп, студент қыздарға «бармаңдар, сендер қаша алмай қаласыңдар» деп айтқаным әлі есімде. Сағат 13:00-ге дейін алаңда болып, ары сабағыма қарай кеттім. Ол кезде жасым — 31-де, қазақ тілінен сабақ беремін.

Экспресс К: Сізді қылмыстық іс қағаздарын аударуға, сот процестерінде тілмаш болуға кім шақырды?

Дос Көшім: Желтоқсан оқиғасынан 1 ай өткеннен кейін менің түкірігім жерге тимейтін болды. Өйткені 1985 жылы атақты әртіс Талғат Нығматуллиннің өлімінен кейін қылмыстық істі қазақшаға аударып берген болатынмын. Желтоқсанға қатысқандардан жауап алу басталғанда мені шақырта бастады. «Бармаймын» деген ол уақытта сөз болмайтын. Түрмелерге барып жауап алдық, басқа да жерлерде мен аудармашы қызметіне кірісіп кеттім. Ол уақытта істі ешқайда алып кетпейді. Сол прокуратурада отырып аударасың. Ұмытпасам Дубаев деген прокурор болды. Сол жерде-ақ айтылып жатты мынау атылуға кетед , мынау 15 жылға сотталады деп. Бірақ сотқа дейін әлі 3 айдай уақыт бар. Барлығы алдын-ала шешіліп қойғанын сол кезде-ақ білдім.

Экспресс К: Тілмаш ретінде неше сот процесіне қатыстыңыз?

Дос Көшім: Мен бір ғана сот процесінде тілмаш болдым. 1987 жылы маусым айында болды. Өйткені сол уақытта емтихан болып жатқан. Мені одан босатты. Шамасы бір айдай аудармашы болып жұмыс істедім.

Экспресс К: Қайрат Рысқұлбековтің соты қашан болды? Оның жанында тағы кімдер болып еді?

Дос Көшім: Төртеудің сотында тілмаш болдым. Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев және Түгелбай Тәшеновтің. Негізінен Түгелбай орыс тіліне өте шорқақ болды. Қайратты жартылай аударып отырдым. Жамбыл Тайжұмаев жақсырақ болды орысшаға. Осылардың қазақша сөйлеген тұстарын аударып беріп отырдым ғой. Осылардың екеуі 15 жыл, Күзембаевтың сот кезінде әйелі бала туып, соған байланысты сот оған 14 жыл берді. Ал Қайрат Рысқұлбековті ату жазасына кесті. Сот залында бос орын болған жоқ. Телевизия тілшілері, фотографтар барлығы келген. Олар төртеудің жауабын түсіру үшін келіп тұр ғой. «Қылмысымызды мойындаймыз» деген жауап болуы керек оларға. Бірақ төртеуі де «Жоқ, жоқ, жоқ!» деп жауап берді. Сот содан кейін үзіліс жасады. Қысқасы ойлары жүзеге аспай қалды.

Экспресс К: Сотқа олардың туыстары қатысты ма?

Дос Көшім: Төртеудің туыстары сотқа түгел қатысты. Қайраттың шешесін, бауырларын көрдім. Енді ол уақытта Талғатты танымаймын ғой. Сот үкім шығарған кезде алдыңғы орындарда түгел әскерилер мен полицейлер отырды. Өйткені үкім шығарылған соң бәрі лап қойды. Сол кезде бәрін ығыстырып далаға шығарып жіберді. Есікті жауып алды. Ал біз шыға алмай іште қалып қойдық. Ол уақытта соттан бөлек екі алқаби болатын. Соның бірі қазақ еді. Мен соған барып: «Аға, неге өлім жазасын бердіңіздер? Қолыңыз қанға малынды ғой» деп едім, ол төмен қарап жылап жіберді. «Екі сағат отырып, келісімге келе алмадық» дегені есімде.

Экспресс К: Жігіттер соттың үкімін қалай қабылдады?

Дос Көшім: Жігіттер қасқайып тұрды. Ешқандай қорқу, көздерінен жасты байқамадым. Қайрат өлім жазасына кетіп бара жатса да рухын құлатпады. Тек анасына жалтақтап қарап, «Жазықты емеспін, апа» деп айқайлап үлгерді алып бара жатқанда. Соңғы сөз берілгенде Қайрат екі өлең оқыды. Қазір әр-түрлі аңыздармен мына өлеңді , ана өлеңді оқыды — деп жүр ғой. Қанша жыл өтіп кетті, ұмытпасам екі-үш өлеңін оқыды. Біреуі арзандау өлең, екіншісі туған-туыстарымен қоштасқан өлеңі. Ол жақсы шықты. Содан сот маған өлеңді аударып бер — деді, мен өлең аударылмайды, бұл Қайраттың қоштасуы — дедім. Бәрі біткен соң мен Қайраттың өлең жазылған дәптерін алғым келді. Дәл сол кезде мүмкін болмағанымен, кейін сол дәптерді органда істейтін танысым арқылы алып, туыстарына бердім.

Экспресс К: 15 жылға сотталған жігіттерді кейін көрдіңіз ба, кездестіңіз ба?

Дос Көшім: Әрине, көрдім. Олар 15 жыл толық отырған жоқ. 1990 жылы ұмытпасам, «Желтоқсан ұйымы» деген болды. Оны Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаев деген екі жігіт басқарды. Солардың бастамасымен Қазақстан парламентінің отырысы болып жатқанда, 9-мамырда 4 жігіт жататын төсектерін алып келіп, аштық жариялады. Сол парламенттің қасына. Біреуі Михаил Көбеков деген журналист, біреуі Өткірхан деген жігіт, біреуі Түгелбай Тәшеновтің ағасы содан кейін тағы бір жігіт. Оның атын ұмытып тұрмын. Аштық жариялап жатты. Полицейлер қуайын деп еді, біреусі қайшы алып қарнын жаратынын айтты. Біз солардың су-пуын тасып, шашбауларын көтеріп сол жерде жүрдік. Бұл Қазақстандағы тұңғыш саяси аштық жариялау болды. Артынан депутаттар шықты. Қысқасы соның әсерінен 3-4 күннен кейін 2-3 жігіт түрмеден шықты. Ұмытпасам, Жамбыл Тайжұмаев пен Қайыргелді Күзембаев сол кезде түрмеден босатылды. Ал Түгелбай 3-4 жылдан кейін бірақ шықты.

Экспресс К: Қазір барлығы тарих болып қалды ғой. Сіз үшін сол тілмаш болған кезіңіз, қазақ жігіттерінің бірі атылып, бірі ұзақ жылға сотталып бара жатқандығы қалай әсер етті?

Дос Көшім: Оңай болған жоқ. Сол кездегі жүйеге іштей қарсылық бәрімізде болған секілді. Жалғыз менде ғана емес. Мен Компартияның мүшесі ешқашан болған жоқпын. Ал мына жерде мен барлығын өз көзіммен көрдім. Қайратты әдейі өлтірді бұлар. Саяси өмірге араласуыма, көзқарасымның қалыптасуына сол оқиғалар маған қатты әсер етті.

Экспресс К: Желтоқсан оқиғасы лайықты бағасын алмады, шындығы ашылмады дегенді жиі естиміз. Сіздің ойыңызша, тәуелсіздік үшін жанын, қанын берген боздақтарға лайықты құрмет көрсетіліп жатыр ма?

Дос Көшім: Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың барлығына медаль тақса жақсы болар еді. Қазір ол да жоқ. Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ адамды Тәуелсіздікке 30 жыл медалімен марапаттады ғой. Ең қызығы сол адамдардың бірде біреуі тәуелсіздік үшін күрескен адамдар емес. Мен таң қаламын. Бұл надандық па, әдейі істеу ма, жоқ әлде боздақтардың әруағын қорлау ма?! Мысалға соғыс кезінде Берлинді алғаны үшін, Ленинградты азат еткені үшін деген медальдар болды ғой. Бұл марапат тек сол соғысқа, тап сол жерде болғандарға ғана берілген. Мәселен былтырлары корновирус індетіне қатысты дәрегерлерді марапаттады. Ал ол медальды экология қызметкерлеріне бермейді ғой. Сол секілді әрбір марапаттың соған қатысты иесі бар, соған қатысты мағынасы бар. Сол 86 жылы алаңда жүріп, ел болу үшін одан кейін де еңбек еткендерді елеп жатқан қазір ешкімді көрмедім. Керек десеңіздер сол медаль алып, марқайып жүргендердің көбі кезінде тәуелсіздікке қарсы шыққан адамдар. Мені қатты толғандыратын мәселе осы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.