Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Облыс болмай қоймаймын!»: Айбек Қалиев Торғайға жыр арнады

0 178

Белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев Торғай өңірінің қайтып облыс болып ашылмағанына назын білдіріп, жыр арнады деп хабарлады turkystan.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Абай, Ұлытау мен Жетісу облыстарының құрылатынын айтқанда қалың көпшілік те Торғай өңірінің қайтып облыс болып ашылғанын қалап, қуанышты хабарды күткен еді. Алайда халықтың көңілі су сепкендей басылып қалды. Көптен бері күткен қуаныш болмады. Халықтың осы бір көңілін айтыскер ақын Айбек Қалиев төменде жарияланған дүниесінде жақсы келтірген.

Торғай да, Торғай, Торғаймын,

Жүректе тұнған мол қайғым.

Тыңдаушы жұртым кез келсе,

Сөйле деп маған сөз берсе,

Толғау да, толғау толғаймын.

 

Алаштың асыл нәрі деп,

Сөйлеген сөзі дәрі деп,

Абылай таққа мінгенде,

Батасын берген баһадүр,

Шақшақтың ұлы Жәнібек,

Арыстан туған Торғаймын!

Алты Алашқа күн болған,

Күннен туған нұр болған,

Ахмет пен Міржақып,

Данышпан туған Торғаймын!

 

Әбдіғапар хан бастап,

Амангелді ол қостап,

Ақ патшаның өзін де

Торықтырған Торғаймын!

Әскерін итше сабылтып,

Қайратынан қағынтып,

Айбатынан арылтып,

Зорықтырған Торғаймын!

 

Әлихан құрған Алаштың,

Ордасы болған Торғаймын!

Азаттық үшін күресте,

Төлбасы болған Торғаймын!

Қасиет пен киенің

Жолдасы болған Торғаймын!

Одан кейін қызылдың,

Олжасы болған Торғаймын!

Отыз жетіде сүргінде,

Еміргенген елім деп,

Тебіренген жерім деп,

Асыл да берген Торғаймын!

Эрмитажға Кейкінің

Басын да берген Торғаймын!

 

Сырбай болып,  Ғафу боп,

Әдебиеттің күні кеше

Төрін де ойған Торғаймын!

Орнағанда азат күн,

Теңгесіне қазақтың,

Байназаров Ғалым боп

Қолын қойған Торғаймын!

Толғау да толғау, толғаймын!

 

Өз тұсында екі рет,

Өкімет болған Торғаймын!

Облысым жабылып,

Тынысым да тарылып,

Әркімдердің ермегі,

Жетімек болған Торғаймын!

 

Тарихымыз осылай,

Парақталған Торғаймын!

Қостанай, Ақмолаға,

Екі көзі жәутеңдеп,

Қарап қалған Торғаймын!..

 

Тасынғандар басынып,

Масыл болған Торғаймын!

Басынғаннан ашынып,

Батыл болған Торғаймын!

Ашынғаннан ашылып,

Ақын болған Торғаймын!

Ақиқатын айтайын,

Қорқатұғын нем қалды?

Қорқа-қорқа әркімнен,

Батыр болған Торғаймын!

Құдірет Кәрім бар болса,

Жаратқан ием жар болса,

Жұрт не десе о десін,

Облыс болмай қоймаймын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.