Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қоқысқа тастаған баланы бақтым»: Түркістан облысында әйел 13 жыл бойы асыраған ұлын өз атына аударғысы келеді

0 171

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Тамара Дүйсенова осыдан 13 жыл бұрын туған анасы бас тартқан баланы бауырына басқанын айтады. Айтуынша, туған анасы алғашқыда баладан құтылмақ болып, кейін біржола тастап кеткен. Енді Тамара Дүйсенова жасөспірімді өз атына аударғысы келеді, алайда туған анасынан осы уақытқа дейін хабар болмапты. Бұл туралы «Еуразия» арнасының KOREMIZ бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тамара Дүйсенованың айтуынша, ол тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірде жалғыз қалған Камила Якубованы үйіне кіргізген. Көп ұзамай қыздың жүкті екенін біледі. Алайда Камила баланың әкесі кім екенін айта алмаған. Алғашқыда іштегі баласын алдырмақ болғанда, Тамара Дүйсенова оны райынан қайтарғанын айтады.

«Кейін тұрмыс құрып жатсаң, бала таба алмай қаласың. Мен өзім асырап көмектесемін дедім», – дейді әйел.

Баланы босанғаннан кейін Камила оны тастап кеткен. Ерасылды үш айынан бері өзім бағып отырмын, дейді Тамара Дүйсенова. Сөзінше, арада үш ай өткен соң, ол Камиланың басқа адамға күйеуге шығып кеткенін естіпті. Камила 5 жылға жуық Берікбай есімді адаммен азаматтық некеде тұрып, одан бір бала тапқан. Бүгінде екінші ұлы Мансұрды экс-абысыны асырап отыр.

«Келін болып жарытқан жоқ. Мансұрды босанғаннан кейін де жүріс жүретін. Өзім де көретінмін. Ондай болғаннан кейін, әкем онымен араластырмай қойды. 2 жасында тастап кеткелі бері баласын іздеп келген емес», – дейді абысыны.

Мансұрдың жиен әпкесі Айгүл Жүнісова жеңгесінің сөзін растады.

«Ол баланы Шымкентте босанып, сол күні перзентханада тастап, үйге қашып кеткен. Менің анам оны қайта алып келді. Неге кетіп қалдың дегенде: «Дәрігерлер маған екпе салып, мені өлтірейін деді», – деген. Кейін анам оны қайтадан перзентханада тастап кетті. Ал ертеңгі күні дәрігерлер консилиум жасады. «Дені сау ма? Оған баланы беруге бола ма?» – соны ақылдасқан», -дейді Айгүл Жүнісова.

Бағдарлама барысында студияға жасы 70-тен асқан Рыскүл Қожабекова есімді қария келді. Өзін Камиланың руласымын, көрші апасымын деп таныстырған ол әйелдің екі баланы тастап кетуіне не себеп болғанын түсіндірді.

«Бір күні Камиланың анасы Ташкентке тексерілуге кетті. 2-3 күн болмай өлігін алып келді. Ол кезде Камила 10-сыныпта оқиды. Жылап, елді, жұртты жылатты. Күйзеліске түсіп, содан жақсы болмады. Кейін әкесі тағы үйленіп, өгей шешесі тағы дұрыс болмады. Ауылдың аңқау қызы, оны біреу алдамаса, ол біреуді алдамайды. Әкесі де, шешесі де өліп қалды. Артынан іздейтін адам болған жоқ», – дейді қария.

Оның айтуынша, Камила терең күйзеліске түсудің салдарынан екі баласын тастап кеткен болуы мүмкін.

Ал Камила Якубованың шындығы басқа. Әйелдің тағы тұрмыс құрып, үш бала тапқаны белгілі болды. Айтуынша, Тамара Дүйсенова «алтын алқа» иеленіп, қандай да бір жеңілдіктер алу үшін оның баласын алып қалған. Ал екінші күйеуі Берікбай ұрып-соғып, күн көрсетпепті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.