Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқимын деп опық жедім: Түркияға оқуға барған 18 жастағы алматылық қорланғаннан кейін кері қайтуға мәжбүр болған

0 170

Түркиядағы медреселердің бірінде оқыған 18 жастағы қазақстандық өзінің қорланғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv. арнасына сілтеме жасап.

Қазақстандық талапкер Түркияда бір жылға жуық болған. Аты-жөнін құпия сақтауды өтінген жігіт жергілікті медреседе тұрып, білім алғанын айтты. Оның айтуынша, бастапқыда мұғалімдер студенттерге жақсы қараған. Алайда біраз уақыттан кейін оларды көпшілік алдында қорлап, намыстарына тию басталған.

«Шетелде оқып, білім алып, сәулетші болу – арманым еді» дейді 18 жастағы жігіт. Елдегі білім мекемелерінде ақылы оқу қалтаны қағатындықтан, халықаралық агенттік арқылы Түркияның медрессесіне барып оқыған. Алайда шетелдегі өмірі өзі ойлағаннан өзгеше болыпты.

«Құрмет көрсетпеді. Оятқан кезде мені жастықпен ұратын. 2 рет бір балаға қолын көтерген. Бірінші рет ол бала өзі айтып берген «біздің ұстазымыз менің мұрнымды қанатты» деп. Екінші рет бүкіл сыныптың алдында сол ұстаз 3 рет шапалақпен бетіне ұрды», – деді ол.

Тіпті, медреседе ұялы телефондарды тартып алып, анасымен байланыссыз қалдырғанын және түсініксіз жағдайлардың болғанын да жасырмады.

«Бүкіл медресеге қарайтын  ұстаз бар, өз адамы бар. Сол адам біздің медресеге келген кезде, бәрі аяғына жығылып, ішкен суына бәрі төбелесіп, сол суды ішіп, ол кетіп жатқан кезде көлігінің артынан жүгірді. Маған түсініксіз жағдай болды», – деді ол.

Стамбул медресесіндегі 1 жылым қорлықпен өтті деген отандасымыз, маусым айында себепсіз оқудан шығып қалғанын айтады. Ал ұлын елге әрең қайтарған анасы баласының қатты өзгергенін алға тартты. Баяғы батылдық пен қайсар мінез жоқ, керісінше қорқыныш пен өкініш байқалады дейді.

«Ұлымды қарсы алғанымда өзге адамды көргендей болдым. Көзі мұңға толы, әбден басылып қалған. Сөйлеспейді. Өмірге құлшынысы жоқ. Әбден күйзеліске түсіп кеткен. Қазір де сондай», – деді анасы Аққу Темірбекова.

Ал қалалық Дін істері жөніндегі басқарма өкілдері өзге мемлекеттердің теологиялық білім беру мекемелерінде оқып жүрген жастар деструктивті ұйымдардың ықпалына түсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазір отандасымыз психолог мамандардың бақылауында.

«Күмән келтіретін шетелдің білім мекемелерін таңдамаған жөн. Өйткені, опық жеп жатқан азаматтар аз емес. Өзге елдің теологиялық білім беру мекемесіне оқуға түскен кезде түрлі сипаттағы жалған діни ағымдарға еріксіз кіру немесе деструктивті ұйымдарға тартылу жағдайы кездеседі», – деді Дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Алмас Жанаманов

«Жалған діни ағымға түскен адам өзінің қалай деструктивті ұйымға тартылғанын түсінбей қалады. Оны біз сол адаммен сөйлескен кезде ғана білеміз. Өйткені ол қоғамнан алыстай бастайды, өзін қоршаған жандар мен өмір сүру салтын лайықты деңгейде емес деп санайды», – деді психолог Михаил Замятин.

«Бұл оқиға баламның өміріне балта шаппаса екен» деп алаңдайды анасы. 1,5 мың АҚШ долларын төлеп, ұлын оқытқысы келген әйел ақшаны кері қайтаруын талап етіп отыр. Тіпті шағымын айтып, қалалық полицияға да арыз жазған. Болған істің мән-жайын анықтап жатқан тәртіп сақшылары тиісті шаралар қабылданатынын алға тартты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.