Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық кеңес келелі мәселелерді қалт жібермейді

0 1  552

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті Қоғамдық кеңестер мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы органға айналуға тиіс. Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Осылайша қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады», – деп атап көрсетті.

Президент айтқандай, Қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру – уақыт талабы. Халықтың билік қабылдаған әр шешімге үн қосуы – демократиялы мемлекеттегі қалыпты құбылыс.
Қоғамдық кеңес – қоғамдық бірлестіктердің белсенді өкілдері мүшелік ететін, белгілі бір формадағы құрылымы бар жүйе. Қоғамдық кеңестер әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін жергілікті билік органдарымен келісе отырып жұмыс істейді, бірақ әкімдікке тәуелді емес. Қоғамдық кеңестерге мемлекет тарапынан белгілі бір өкілеттіліктер бекітілген.
Қоғамдық кеңес қалалық мәслихаттың жұмысын қайталамайды. Мәслихат бюджетке байланысты мәселелермен айналысады. Ал қоғамдық кеңестің құзыретіне қалада туындайтын барлық мәселелер кіреді. Сонымен қатар қоғамдық кеңес партиялардан тыс, сондықтан қатаң партиялық тәртіп жоқ.
Кеңестің басты айырмашылығы – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуде, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруда, мемлекеттік қаражаттың сапасын жақсартуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық бақылаудың тиімді құралдардың бірі болуында.
Қоғамдық кеңестердің негізгі міндеті – азаматтық қоғамның маңызы бар мәселелері бойынша пікір білдіру. Халықтың тілегімен, ой-пікірімен санасу. Бюджеттік бағдарламалардың, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту, тіпті мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын талқылау Қоғамдық кеңестердің құзыретіне кіреді. Одан бөлек, ұйым мүшелері қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын талқылау, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін тыңдау, жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына қатыса алады.
Қоғамдық кеңес сондай-ақ мониторингтік бақылау жүргізу құқығына ие. Қоғамдық мониторинг мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуі, мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарларды және бюджеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыруы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларын, іс-шараларын іске асыруы, мемлекеттік қызметтер көрсетуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану нәтижесінде азаматтар үшін теріс салдарларды және қоғамдық мүдделерге қысым жасалуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, қаланың инфрақұрылым жағдайлары, халықты жарықпен, газбен және таза ауызсумен қамтамасыз ету, жол тарту мәселелері, күрделі жөндеуді қажет ететін балабақша, мектеп, мәдениет үйлері, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар жайын шешуде, халықтың ойымен билік санасуы үшін ұсыныстар айтуда және тағы басқа мәселелерді шешуде қоғамдық кеңестің қызметі зор екеніне бүгінде халық лайықты бағасын беріп отыр.
2022 жылдың ақпан айында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңымен бекітілген ережеге сәйкес, жаңа сайланған 27 мүшеден тұратын Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің құрамына қоғамның түрлі санаттары мен топтарының өкілдері – мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, қалалық мәслихаттың депутаты, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, облыстың, қаланың Құрметті азаматтары мен Құрметті ардагерлері, өзге ұлт өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасынан конкурстық негізде іріктеліп алынды.
Қоғамдық кеңес 2022 жылы ақпан айында өткізілген жаңа құрамның бірінші отырысында кеңестің әдістемелік-үйлестіру жұмыстарын заманауи өзгерістерге бейімдеу жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, кеңестің қызметін тиімді жүзеге асыру үшін үш комиссия құрылды.
Жаңа сайланған Қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының құрылымында 3 комиссия іске кіріскен болатын. Айталық, Бюджет, экономика, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі комиссияны ұзақ жылдар облыстың қаржы, салық және тексеру қызметі органдарында басшылық қызметтер атқарған Серік Медербекұлы Құтбаев, Құрылыс, коммуналдық салаларды дамыту, жер қатынастары және қоғамдық көлік мәселелері жөніндегі комиссияны Тараз қаласы, Сарысу ауданы, Түркістан облысы Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, облысқа танымал ардагер Рахманқұл Тұрсынқұлұлы Байтелиев, Экология, мәдени-әлеуметтік, қоғамдық даму мәселелері жөніндегі комиссияны кезінде облыстың денсаулық сақтау саласын басқарған, қазіргі уақытта облыстық аурухананың бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты Марат Сейтбекұлы Жұманқұлов басқарады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген «2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» мен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысы негізінде қаладағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында бүгінгі күні қала аумағының кеңейіп, халқының саны едәуір көбеюіне байланысты кеңес мүшелерінің де саны артқандығын ескере отырып, Қоғамдық қауіпсіздік, дін және жастар саясаты жөніндегі жаңа комиссия құрылды. Бұрын бұл құрылым атқаратын міндеттер басқа комиссияларға жүктелген болатын.
Қоғамдық кеңес мүшелері 12 қаңтар күнгі отырысында комиссияны басқаруды Қоғамдық кеңестің мүшесі болып жаңа сайланған М.Х.Дулати атындағы университеттің проректоры Серік Жақсылықұлы Сәлемовке сеніп тапсыруды бірауыздан қолдады.
Жалпы қалалық кеңестің жұмысы жылдық жоспарға сай, ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы аясында бекітілген 4 бағыт-та – қоғамдық бақылау, мониторинг жүргізу, тыңдаулар және сараптамалар форматтарында ұйымдастырылып келеді.
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің үшінші шақырылымы 2022 жылдың ақпан айы мен 2023 жылдың желтоқсан айы аралығында сан салалы мемлекеттік қызмет түрлері мен оларды жетілдіруге, қаржыландыруға, облыс орталығының қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді қамтыған 3 қоғамдық тыңдау, 5 кеңейтілген отырыс, 26 кеңес төралқасы отырыстарын өткізді.
Атап айтқанда, «2022 жыл – Балалар жылы аясында Тараз қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы»; «Қала аумағында қоршаған ортаны қорғаудың, атмосфералық ауаның жай-күйі, оның сапасын ҚР Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес жақсарту шаралары туралы»; «Еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің, жалпы қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау мәселелері туралы»; «Бағаны тұрақтандыру қоры арқылы қала тұрғындарын ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы»; «Тараз қаласының 2023-2025 және 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасын жария-талқылау туралы» және басқа да мәселелер қаралды.
Кеңес мүшелері барлық мәселелерді талқылау кезінде белсенділік пен табандылық танытуда. Қойылған міндеттер мен бар проблемаларды шешу бойынша сындарлы ұсыныстар енгізді.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесі қорытындыланып, БАҚ-та және Қоғамдық кеңестің «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланып отырды. Мысалы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Балалар жылы аясында Тараз қаласында белгіленген іс-шаралардың орындалу барысы туралы» мәселе бойынша Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілген қоғамдық тыңдауға 150-ден астам қала тұрғыны жиналды. Онда қоғам белсенділері балалар үшін ауыз толтырып айтарлықтай жасалып жатқан іс-шаралар байқалмайтынын сынға ала отырып, жергілікті билікке балалардың бойында кездесетін дерттің көбеюі, соның ішінде аутизммен, сал ауруына шалдыққан балалардың саны артып отырғанын ескеріп, оларға тегін медициналық көмек түрлерін жетілдіру, инклюзивті білім беру системасын дамыту, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды ерекше назарда ұстау, балабақша проблемаларын шешу, тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін арттыру, жас жеткіншектердің бойына ана тілін, ұлттық тәрбиені, ұлттық рухты дарыту, жасөспірімдер арасында құқық тәртібін бұзушылықпен күресті жетілдіру, жасөспірімдер спортын дамыту, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі тегін үйірмелер ашу және тағы да басқа мәселелерге көңіл бөлуді ұсынды.
Сол сияқты «Бағаны тұрақтандыру қоры арқылы қала тұрғындарын ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз ету туралы» мәселе бойынша өткізілген кеңестің кеңейтілген отырысында бағаның маусымдық өсуі кезінде тұрақтандыру қорының жұмыстарын жаңғыртуды қолға алу, барлық нарықтарға әрдайым мониторинг жүргізіп отыру, тауар өндірушілердің бәсекелестігін қалыптастыру үшін әкімшілік тарапынан альтернативті нарықтарды ұйымдастырудың жолын қарастыру; қала аумағында ашылған әлеуметтік дүкендердің барлығының типтік үлгідегі нысандарда орналасуын қамтамасыз ету, Үкімет Қаулысымен бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік дүкендер қорын азық-түлікпен жеткілікті көлемде толықтырып, тауарлардың уақытылы және сапалы түрде жеткізілуін қамтамасыз ету, әлеуметтік дүкендер орналасқан аумақтарда санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау, қала тұрғындарын тиімді бағада азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерін тікелей жеткізуіне ықпал етіп, жыл бойы жұмыс істейтін шаруалар базарын ашу, әлеуметтік дүкендер желісін жандандыру, алдағы уақытта қаланың барлық аумақтарында дүкендер ашу жөнінде тиісті мемлекеттік атқарушы органдарға ұсынымдар жолданып, қоғамдық бақылауға алынды.
Қоғамдық кеңес қараған мәселелердің ішінен жоғарыда аталған екі мәселенің, атап айтқанда, «Балалар жылы аясында Тараз қаласында белгіленген іс-шаралардың орындалу барысы туралы» және «Бағаны тұрақтандыру қоры арқылы қала тұрғындарын ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз ету туралы» қоғамдық тыңдау мен кеңестің кеңейтілген отырысын ұйымдастырудағы және өткізудегі жұмыс тәжірибесі ҚР Ақпараттар және қоғамдық даму министрлігінің Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевқа дайындаған Ұлттық баяндамасында үлгі ретінде ерекше аталып өткені Тараз қалалық қоғамдық кеңесіне министрлік тарапынан берілген оң баға деп санаймыз.
Сол сияқты, «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған Қоғамдық кеңестің 2022 жылғы 9 қыркүйекте «Еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің жалпы қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау мәселелері туралы» күн тәртібімен өткен кеңейтілген отырысы да аталмыш министрлік тарапынан оң бағасын алғанын атап өткім келеді.
Соңғы екі жылдың ішінде кеңестің төралқасы мен комиссиялары, кеңестің ішкі ұйымдастыру жұмыстарын қоспағанда, 35 мәселе қарады. Өткізілген іс-шараларда жалпы қаралған мәселелердің 26-сы, яғни 74,3 пайызы мемлекеттік қызмет көрсетудің іске асырылу барысына, сапасын одан әрі арттыруға, механизмдерін жетілдіруге арналды.
Жергілікті атқарушы органдар бас-шыларының орын алған көкейкесті мәселелер бойынша есептерін тыңдау да басты назарда болды.
Тоқсан сайын көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген іш-кі бақылау жұмыстарының нәтижесі бой-ынша Тараз қаласы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесі басшысының есебі тыңдалып отырды.
Қоғамдық кеңесте көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша атқарған жұмыстарының ахуалы және мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасын арттыру мәселесі туралы 7 атқарушы орган басшыларының есептері тыңдалды.
Қоғамдық кеңестің төралқасы мен комиссияларының жалқы немесе біріккен отырыстарында әртүрлі салаларға қатысты мәселелермен қатар, өкілетті органдардың әзірлеуіндегі нормативтік-құқықтық актілердің жобалары да талқыға салынып отырды. Құқықтық актілердің әрқайсысының мақсаты мен болжамды нәтижелілігі кеңес тарапынан сараптамадан өткізіліп, мақұлданып неме-се жұртшылықтың мүддесіне қатысты жетілдіруді қажет ететін тұстары болған жағдайда өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар беріліп келеді.
Қоғамдық кеңестер өкілеттігі шеңберінде мұндай жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады. Мысалы, кеңес төралқасы мен комиссияларының біріккен отырыстарында Тараз қаласы аумағында №14 және №15 мөлтекаудандардағы құрылыс барысы және техникалық, жобалық, мерзімдік, сапалық талаптардың орындалу жағдайы және жауапты мемлекеттік мекемелердің тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифтерінің бекітілмеуі сынды мәселелер шұғыл қаралып, адрестік ұсынымдар берілді. Нәтижесінде, тұрмыстық қалдықтарды жинаушы мекемелердің оны түзу нормасы мен тарифі заңдастырылып, жүйеге келтірілді.
Сол сияқты, кеңестің төралқа мүшелері мен комиссияларының өткен жылғы 13 мамырдағы біріккен отырысында қала әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша бөлімінің жұмысы туралы», 21 қыркүйекте Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары және сәулет және қала құрылысы бөлімінің «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру туралы» мемлекеттік қызметі бойынша орын алған кемшіліктер туралы» және «Тараз қаласында тұрмыс қалдықтарын шығарудың тарифтерін бекітудегі орын алған заң бұзушылық дәйектері туралы» мәселелер қаралды.
Мысалы, қалалық қоғамдық кеңес жанынан құрылған мониторингтік топ ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, Тараз қаласында электр қуаты бағасының қалыптасу жағдайына қоғамдық мониторинг жүргізді. Мониторинг нәтижесінде, анықталған заң бұзушылық дәйектері туралы дайындалған анықтама тиісті лауазым иелеріне шара қолдану үшін Тараз қалалық прокуратурасына жолданды.
Осы тәрізді қаладағы маңызды мәселелер қоғамдық бақылауға алынып, тиісті ұсыныстар беріліп отырды. Мысалы, кеңес төралқасы мен комиссияларының 13 мамырда өткен біріккен отырысында қаралған «Тараз қаласы аумағында №14 және №15 мөлтекаудандардағы құрылыс барысы және техникалық, жобалық, мерзімдік, сапалық талаптардың орындалу жағдайы туралы» және «Тараз қаласында тұрмыс қалдықтарын шығарудың тарифтерін бекітудегі орын алған заң бұзушылық дәйектері туралы» мәселелер бойынша арнайы шешім қабылданып, олар бойынша тиісті органдарға хабарланып, кеңес құзыреті аясында тапсырмалар да берілді.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – қоғамдық бақылау функцияларын іске асыруда Қоғамдық кеңес белсенділігі мен тиімділігін және оның қызметі туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру.
Қоғамдық кеңестер өкілеттігі шеңберінде мұндай жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады.
Сонымен қатар тоқсан сайын көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі бақылау жұмыстарының нәтижесі бойынша Тараз қаласы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімі басшысының есебі тыңдалып отырады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өткізілген іс-шараларға арнайы шақырумен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің өкілі қатысып отырды.
Сонымен қатар қоғамдық кеңес облыстағы саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен байланыса отырып, қоғам дамуы барысында кездесетін кейбір түйткілді мәселелерді, мемлекеттік сатып алу, қоғамдық тәртіптің сақталуы, коррупциялық әрекеттердің алдын алу мәселелерін ашық талқылап, азаматтардың ойында жүрген ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салып, зерделеуді үрдіске айналдырды.
Мысалы, Тараз қалалық қоғамдық кеңесі мен «Аманат» партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесі бірлесіп облыстағы әлеуметтік көмек ұсыну орталықтарының қызметін пайдаланушы қарттарға, мүгедектерге және кемтар балаларға ҚР Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі бекіткен Қағидаларға сәйкес қызмет жүргізілуіне, әлеуметтік қызмет алушылардың тұрмыс жағдайларына, ғимараттардың, жатын бөлмелердің, демалыс бөлмелерінің, құрал-жабдықтармен, қондырғылармен (жұмсақ жиһаздармен, теледидармен, тоңазытқышпен, басқа да тұрмыстық техникалармен) қамтамасыз етілуіне, тұрмыстық бөлмелердің тұрғындардың қажетін өтеуге сай орналасуына, әлеуметтік қызмет алушылардың арнайы медициналық тексеруден өткізілуіне, орталықтардың қаржылық, материалдық-техникалық жағдайларына сараптамалық, мониторингтік зерделеу жүргізіп, нәтижесі көшпелі отырыста қаралып, кемшіліктер бойынша берілген ұсынымдардың орындалуы екіжақты қоғамдық бақылауға алынды.
Өткен жылғы Президент сайлауы қарсаңында көптеген кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде «Amanat» партиясы тарапынан құрылған қалалық штабтың құрамында жоғары белсенділік танытып, еңбек ұжымдарымен өткізілген үгіт-насихат жұмыстарының алдыңғы қатарында жүрді. Сайлау нәтижесі бойынша Қоғамдық кеңестің 12 мүшесі Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың және «Amanat» партиясы Орталық комитетінің төрағасы Е.Қошановтың тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Қоғамдық кеңестің қызметі мен жұмысы туралы облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Жамбыл-Тараз» газеттерінде мақалалар ұдайы жарияланып тұрады. Тек есепті мерзімде баспасөз бетінде қалалық қоғамдық кеңес төрағасы С.Ә.Сейдәзімовтің 9 сұхбаты, кеңес мүшелерінің 6 мақаласы жарияланды.
Қорыта айтқанда, қоғамдық кеңес шешілмей жатқан мәселелер бойынша бой көрсетіп қалатын психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шараларды өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде орындауда. Алдағы уақытта да әлеуметтік топтар немесе жекелеген азаматтар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-тілектер кеңестің бақылауында болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.