Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нью-Йорктегі 3D аниматор: Қазақ мәдениеті жайында анимация түсіріп, OSCAR сыйлығын алғым келеді

0 310

Анимация десе ішер асын жерге қоятын Темірлан Кенжеғалиев бүгінде Нью-Йорктағы Trans Perfect компаниясында 3 D аниматор бо­­лып жұмыс істейді. Нью-Йорк кино ака­де­мия­сында білімін жетілдірген ол «Қазақ­фильм­де» еуропалықтардың ыстық ықыла­сы­на бөленген «Күлтегін», «Мұзбалақ» анима­ция­лық фильмі, «Балуан Шолақ» деректі филь­мін әзірлеуге атсалысқан. Жуырда «Ири­на Кайра­товна» тобының «Көк Ту» әніне тү­сірілген кли­піне анимация құрастырған. Амбициясы мық­ты, арманы асқақ Темірлан ал­дағы уақытта қа­зақ мәдениетіне қатысты жо­ба әзірлеп, Оскар сыйлығын иеленгісі келе­тінін жасыр­май­ды. Жуырда Амстердамда өте­тін жеке көр­месіне дайындалып жүрген Те­мір­ланға ха­бар­ласып, әңгімеге тартқан едік.

– Өзіңіз секілді ІТ мамандығы бойын­ша білім алған, бүгінде шетелдің белді ком­панияларында жұмыс істейтін қазақ­стан­дықтардың көбі бағдарламалау ісіне оқу­шы кезінен қызыққанын айтады. Бі­рақ сіз анимацияға бала кезіңізден әуес­тенген екенсіз…
– Бала күнімде анам сатушыға жеке куә­лі­гін тастап, көп кассетаны прокатқа алатын. Сол кассеталар арқылы көп кино, мультфильм, ани­мация көріп өстім. Әсіресе, әйгілі жа­пон­дық режиссёр-аниматор Хаяо Миядзакидің Spirited Away туындысын көріп, онда баян­дал­ған оқиғаның анимация арқылы шебер си­патталғанына қатты таңғалғаным бар. Содан соң мен де дәл сондай әлем құрғым келетінін түсіндім. Сол үшін арнайы дәптер бастап, онда түрлі фигуралардың суретін салып, қисыны кел­сін-келмесін, өзімше анимация жасай­тын­мын. Жалпы, бұл салаға қалай келгенімді сөз етпес бұрын, ең алдымен ата-анама ерекше ал­ғы­сымды айтып өткім келеді. Олар «Сен дәрігер боласың. Бәлкім, бағдарлама жа­сақ­тау­шы боласың. Дұрысы, сен мұнайшы бол» деп өз пікірлерін таңған емес. Керісінше, «Ты­ры­сып көр. Байқа. Қара. Ештеңеден қорықпа. Бағдар көрсететін курстарға барып көремін десең, оны да құптаймыз. Көмектесеміз» деп өзіме ерік берді. Олардың маған осындай мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Қазір Нью-Йоркта осылай жұмыс істеп жүргенім солардың арқасы деп білемін. Негізі, ІТ сала­сын­дағы мықтылардың көбі қазақ-түрік лицейі, Дарын, Назарбаев зияткерлік мектебі секілді білім ошағында білім алған. Ал мен Атыраудағы қарапайым орта мектепті тәмамдадым. Осы ретте айтайын дегенім, орта мек­тепте оқушыға таңдау мүмкіндігі бері­ле­тіні ұнайды. Сені тек бір бағытқа зер салуға итермелеп, қысым көрсетпейді. Өзің қы­зық­қан саладан басқа, география, биология секілді ғы­лымдар туралы көп дерек білесің. Оған қо­са, онда орыс тобымен араласуға мүмкіндік бар, оқушы көп жерде көзқарас, ізінше орта қа­лыптасады. Мақтанғаным емес, бірақ орта мектептің берері көп. Әдепкіде ата-анам өз­дері оқыған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық университетінде білім алғанымды қалады. Мектеп бітірген соң, бірінші сол уни­верситетке құжат тапсыруға бардық. Кейіннен КИМЭП, Қазақ-Британ техникалық универ­си­тетіне назарымыз ауды. Бірақ онда оқуға түс­келі жатқан түлектердің көбі маған өзім­шіл секілді көрінді. Олардың «Міне, қара, ме­нікі қызыл диплом», «Мен ҰБТ-дан осыншама ұпай жинадым» деген әңгімесін естігенде «Мәс­саған, мен осылай мақтанатындармен бірге оқимын ба сонда?» деп ешбіріне құжат тап­сырмай кеткенім бар (күліп). Ал Алматы Ме­неджмент университетінде барлығы ашық әрі онда оқитындар қарапайымдылықты жаны сүйетіндей көрінді. Тағы бір ұнағаны, онда студенттермен алмасу бағдарламасы бойын­ша Жапонияда біраз уақыт білім алуға бо­лады. Алматы Менеджмент университетіне алдымен ақылы бөлімге түскен едім. Бірінші семестрде университет жұмысына белсенді қатысқаным әрі оқу үлгерімім жоғары болғаны үшін келесі семестрде мемлекеттік грант иегері атандым. Негізі, басында Т.Жүр­генев атындағы өнер академиясында білім ал­ғым келген, бірақ төртінші пән ретінде фи­зиканы таңдаған соң, ол жаққа жара­май­тын болар деп ойладым. Оның үстіне, онда ани­мация режиссері секілді мамандық оқы­тылатынын білмей қалдым. Кейіннен анам «ІТ саласын оқығаның дұрыс. Сол арқылы өзің ар­мандап жүрген анимация әлеміне бас сұға­сың» деп ақылын айтты. Анамның сол айт­қаны дұрыс келді. ІТ арқылы қаланған «ір­ге­тас» көмегімен бүгінде анимация саласында жұмыс істеп жүрмін.
– Аниматор болуды армандап жүрген сіз анимацияның отаны саналатын Жапонияға оқуға барғанда сабақтан тыс уақытта сту­дия­лар­ға барып, ондағы қызу процесті өз көзіңіз­бен көріп қайтқан боларсыз?
– Негізі, Жапонияға оңай жібере салған жоқ. Онда білім алу үшін арнайы конкурс ұйым­дастырылды. Жүздеген студенттің іші­нен бесеумізді іріктеп, Нагоя сауда және биз­нес университетіне оқуға жіберді. Жалпы, ани­мацияға ерте жастан қызыққан мен жа­пондардың мәдениеті мен тарихы, дәстүрін зерт­тегім келіп жүрген. Онда барғанда бизнес пен ІТ жөніндегі сабақтар оқысам да, бірнеше сту­дияға барып, анимация индустриясының, комикс салатын мангакалардың, аниматор­лар­дың қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен кө­ріп қайттым. Жалпы, Жапония менің көз­қара­сымды қатты өзгертті. Қазақстанда жүр­ген­де аниматор болатынымды білсем де, қай­да барып, не істейтінімді жете түсіне ал­май жүрген едім. Күншығыс еліне барған соң, өмірдегі бағыт-бағдар айқындала түсті. Жапониядан шабытым шарықтап оралған мен елдегі аниматорлардың жұмысына ара­лас­қым келіп, «Қазақфильмге» бардым. Мен онда дер кезінде барыппын. Дәл сол уақытта танымал режиссер Адай Әбелдинов бастаған топ «Күлтегін» мультфильмін жасауды енді қолға алғалы жатыр екен. Жапонияда оқып келгенімді білетін шығармашылық топқа өнер академиясында оқымасам да сурет сала ала­тынымды айттым. Мамандығым анимациямен байланысты болмаса да, көзімде от ойнап тұр­ғанын байқаған режиссер анимация жасауды үйренгім келетінін, ол үшін бәріне дайын екенімді түсініп, тағылымдамадан өт­кізуге келісті. Әдепкіде кейіпкерлердің ди­зайны мен текстурасын сызуға жауапты бол­дым. Бір айдан соң атқарған жұмысыма көңілі толған режиссер жұмысқа алды. Айт­пақшы, дәл осы жобада ІТ факультетінде оқы­ған білімім көп көмектесті. Мен мұнда ор­на­менттің, кейіпкердің суретін салумен ай­налыстым. Десе де, аниматор маман шеше ал­маған күрделі мәселелердің түйінін уни­верситетте үйренген бағдарламалау ісі арқылы тарқатып, көп уақытымды сарп еттім. Әзірлеу кезінде пайда болған кедергілерді шешетін soft issue маманның жұмысын атқардым. Көп уақытымды жұмсадым. Тіпті, «Қазақфильмге» қонып жүрдім. Жалпы, «Күлтегінді» әзірлеуге көп адам атсалысты. Көп адам жасаған өнім­нің сапасы да жоғары болатыны белгілі. Шы­ны керек, «Күлтегінге» дейін елдегі мульт­фильм­дердің сапасы төмен болатын. Еуропада сұра­нысқа ие болған, бірқатар фестивальда үздік деп танылған осы туындыдан кейін ани­ма­цияның жаңа тынысы ашылғандай. Одан бө­лек, «Мұзбалақ» мульфильмін әзірлеуге ат­са­лыстым. Сосын «Балуан Шолақ» атты дерек­ті фильмде 3 D моделі бойынша үй құрас­ты­рып, нәтижесінде атақты балуан өмір сүрген сол заманның қалашығын әзірлеп шығардым.
– «Қазақфильмде» жемісті жұмыс істеген соң бүкіл әлемді мойындатқан Нью-Йорк кино академиясына оқуға түсудің жолын қарастыра бастадыңыз ба?
– Иә, онда жұмыс істеп жүргенде түсін­ге­нім, қазір отандық кинематография қарқынды дамып келеді. Өзіңіз білетіндей, еліміздегі мық­ты режиссерлердің көбі Нью-Йорк кино ака­демиясында оқыған соң елге оралып, небір сапалы дүниелер жасап жүр. Байқап қарасам, елімізде сол кинорежиссерлер секілді шетел асып, білімін жетілдіріп жатқан ешбір ани­ма­тор жоқ. Сондықтан анимация жанры бойын­ша әлем мақтаған Нью-Йорк кино акаде­мия­сында оқып келейін, сосын сонда оқыған-то­қығанымды пайдаланып, қазақ мәдениетін та­нытатын мультфильмдер жасауды мақсат ет­тім. Әлем жұртшылығына қазақ анима­ция­сын тек батырлар арқылы емес, басқа да қы­ры­нан беруге болатынын көрсеткім келді. Сол мақ­сатты көздеген мен алғашында бір айлық курсқа бардым. Сол бір айдың ішінде бір ми­нуттық анимация жасадым. Әдетте ма­ман­дар Қазақстанда мұндай жобаны әзірлеуге екі апта уақыт жұмсайды. Әлгі жұмысыма таң-тамаша болған оқытушылар әрі қарай оқуға деген құл­шынысымды байқап, бір жыл тегін оқуға мүм­кіндік беретін Talent Based Award стипен­диясын тағайындады. Мен оқуға түскен уақыт пандемиямен тұспа-тұс келді. Студияда оқи­мын, студиядан үйренемін деп келген мен үшін бұл қиын да қызық кезең болды. Бір жыл­­да көп нәрсені үйрендім, дегенмен барлы­ғы мен жоспарлағандай болмады. Сонда да діт­теген мақсатыма жетіп, академияда білім ал­ғаныма шүкіршілік етемін.
– «Нұр-Йорк» деген ерекше атауы бар дип­ломдық жұмысыңызды Нұр-Сұлтан мен Нью-Йорк қалаларымен байланыс­тыра отыра әзірледіңіз бе?
– Нью-Йорк кино академиясында оқыған бір жылдың алғашқы алты айында бағдарлама жасау, скриптинг жазуға көп көңіл бөлдік. Кейін­нен 3 D моделіне анимациялаудың қыр-сырын үйретті. Сол үйренгенімізге сүйене отырып, екінші семестрде жеке жоба әзірлеу қа­жет болды. Жобаның мазмұнын ойласты­рып жүрген кезде «Қазақстан Нью-Йорк болса қалай болар екен? Адамдардың орнында ро­бот­тар жұмыс істесе ше? Мемлекеттік қызмет­к­ерлер мен полицейлердің орнында тағы сол ро­боттар жұмыс істесе қалай болар екен?» де­ген идея келді. Осылайша, «Нұр-Йорк» жо­басын әзірледім. Көпшілікті елең еткізу үшін дәл осылай атағанды құп көрдім.
– Студент кезіңізде кітап шы­ғарып­сыз. Сондай-ақ Нью-Йорк аниматорлар қауым­дастығына мүше болыпсыз. Ака­демиядағы оқуыңыздан бөлек, мұның барлығына қалай үлгергеніңізге таңға­лып отырмыз.
–Қолымыз бос кезде досымыз екеуміз 40 иллюстрация мен жанында әңгімесі қамтыл­ған, оқыған адамды рухтандыратын кітап шығарғымыз келді. Қазір алдына қойған мақсаты жоқ, өмір сүруге құлшынысы кеміген адам­дарды көптеп кездестіреміз. Сол кісілерге жол көрсететін титтей дүние болсын деген мақ­сатпен оқиға мен кейіпкер құрастырып, соңында Kid and the magic orb деген атпен кітап шы­ғардық. Нью-Йорк секілді үлкен мега­по­листің көшелерін аралап жүрген әлгі бала қо­лындағы сиқырлы шары арқылы өмірден баз кешкен тұрғындарға рух береді. Қандай жағдай болса да мойымай, жүрек түкпірінде жат­қан арманға адаспай жол табуға итер­ме­лейді. Ал Нью-Йорк аниматорлар қауым­дас­тығына қалай кіргенімді сұрасаңыз, тағы сол академиядағы оқытушыларым «Титаник», «Икс адамдар» секілді фильмдерге атсалысқан мамандарға мен туралы айтқан. Менің жоба­ларыма жоғары бағасын берген олар мені әңгі­мелесуге шақырып, тәжірибесін бөлісті, ме­нің ойымды тыңдады. Олардың маған берері мол екенін, менің де оларға ұсынарым көп екенін түсінген соң, қауымдастыққа мүше ре­тінде қабылдады.

– Пандемияға тап келсеңіз, академия бітірген соң Нью-Йоркте бірден жұмыс табу оңай болмаған шығар?
– Пандемия салдарынан Америкада ша­мамен 5 миллион адам жұмыссыз қалды. Сон­дықтан оқу бітіріп жатқанда бірден жұ­мысқа тұру маған да қиын болды. Академияда сабақ берген оқытушыларым «Коралина қорқыныштар әлемінде» және «Кішкентай ханзада» се­кілді танымал мульфильмдер әзірлеген Laika Studios компаниясымен байланыс ор­натуыма себепші болды. Онда тағылымдамадан өтіп, артынша жұмысқа тұрдым. Қазір жасанды интеллектпен айналысатын Trans Perfect компаниясында 3 D аниматоры болып ең­бек етемін. Онда бағдарлама жасақтау­шы­лардың жасанды интеллект төңірегінде жа­саған дүниесін анимация жанрына «ауыс­тыра­мын». Десе де, Laika Studios-пен келісім­шартпен жұмыс істеудемін. Одан бөлек, кішкене баланың өмірі туралы қысқаметражды мультфильм әзірлеп жүрген жайым бар. Жеке өзім жұмыс істеп жатқандықтан, уақыттың аздығынан ол туындыны биыл көрермен на­зарына ұсына алмаймын. Құдай қаласа, келесі жылы қазақстандықтарды бір қуантсам деген ойым бар. Бұл жұмыстарымнан бөлек, Амс­тер­дамда өтетін көрмеме қызу дайындалып жа­тырмын.
– Жеке көрме өткізу идеясы қайдан кел­ді?
– Қара нәсілді халықты қолдағысы келетін суретшілер байланысқа шығып, әлеуметтік желіге жүктеген жұмыстарымды ұнатқанын, олар ұйымдастыратын көрмеге қоюға қалай қарайтынымды сұрады. Келісе кеттім. Кейіннен олардан «Егер бүкіл көрме тек қара нәсілді халыққа арналса, мені неге таңдадыңдар? Мен қазақпын ғой» деп сұрағанымда, олар «Сенің Америкада жұмыс істейтін шетелдік екеніңді түсіндік. Америка мәдениетіне үйрену, осындағы өмір ағымына ілесу қиын екенін жақсы білеміз. Оған қоса, бойыңда талантың бар екенін байқадық. Сол үшін саған көмектескіміз келді» дейді. Осылайша, олармен етене араласып, жақсы дос болып алдым. Сол кісілердің қолдауымен келесі көрме өткізу мүмкіндігі беріліп отыр.
– Нью-Йорк кино академиясында бі­лім алған қазақстандық режиссерлер одан кейін ешқайда барып оқудың қа­же­ті жоқ екенін айтады. Бірақ сіздің Еу­ропа­да беделді саналатын Гобелинс уни­верситетінде білім алғыңыз келетінін оқыдым.
– Америкада 3 D анимация өте жақсы да­мыған. Мүйізі қарағайдай режиссерлердің көбі осы модельді қолданады. Академияда мұ­ның қыр-сырын үйреніп алдым. Енді Еуропа жақта кеңінен қолданылатын 2 D ани­мация жасауды үйренгім келеді. Сол үшін Құ­дай сәтін салса Францияға барып оқы­мақ­пын. «Өнер, білім – бәрі де оқуменен табылған» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, шығар­ма­шылық жолға түскен соң бір универси­тет­пен шектелген дұрыс емес. Оның үстіне, Гобе­линс университетінің атағы жер жарып, ондағы оқытушылар құрамын көпшілік аузынан тастамай айтып жүреді. Содан соң сол университет арқылы көп фестивальға қа­тысып, тіпті Оскар сыйлығына дейін қол жет­кізуге мүмкіндік бар. Тым асқақ естілуі мүмкін, бірақ Оскар сыйлығын иеленуден үмітім бар. Амбиция соған итермелейді. Неге көрмеске? Байқап қарасаңыз, Оскарда «Үздік анимация» номинациясын жеңіп алғандардың көбі белгілі бір елдің мәдениетін сипаттайды. Мысалы, 2018 жылы Оскар сыйлығын ұтып алған «Коко құпиясы» туындысы Италияның мәдениетін сипаттайды. Сол секілді қазір Қытайдың, Мексиканың өмірінен хабар бере­тін анимациялар жетерлік. Алдағы уа­қытта біздің мәдениет туралы мультфильм түсіргім келеді. Негізі, бұл ойды мектеп кезінен бастап көздеп жүрмін. Жоғарыда айтып өткендей, бізде жақсы кинолар көптеп түсіріліп жатыр. Ешкімді сөкпеймін, бірақ фильмдердің көп дені романтика мен комедия жанры бойынша түсіріледі. Ал мен анимация арқылы шынайы өмірді көрсеткім келеді. Өзгелерге біздің мә­дениетті тек комедия немесе романтика ар­қылы ғана емес, анимация арқылы, басқа стильде сипаттауға болатынын дәлелдесем деймін. Әсіресе, отбасылық өмір туралы ани­мация түсіру жоспарымда бар. Карьерасын қалыптастырғысы келетін, бірақ айналасы келін болуын қалайтын қыздың өмірі жайлы туынды жасағым келеді.

Жұмыс барысында

– «Ирина Кайратовна» тобының «Көк Ту» әніне түсірілген клипіне анимация әзірлеу ісіне атсалысқаныңызға қара­ған­да, елдегі мамандар сізді енді тани бас­та­ғандай. Осы ретте сұрайын дегенім, сөз арасында елдегі анимацияның дамуына көңілің толмайтынын байқап қалдым. «Қазақфильмде» жұмыс істегендіктен, елдегі ортаны, әлеуетті жақсы білесіз. Жа­пония секілді анимациямен де танылу үшін бізге не істеу қажет?
– Жобаларымды ұнатқан «Ирина Кайра­тов­на» тобының арт-директоры хабарласып, ын­тымақтастық орнату туралы ұсыныс біл­дірді. Қазақстандық өнім әрі бірінші рет клип­тің жұмысына араласатын болғандықтан, қуана келістім. Жалпы, біздегі көпшілік ани­ма­ция мен мультфильм тек балаларға арнал­ған деп ойлайды. Шынында, олай емес. Ани­мация десе ішер асын жерге қоятын үлкен­деріміз баршылық. Бірақ өкінішке қарай, олар тым аз. Алысқа бармай-ақ, өз арамыздан мы­сал келтірейін. Бір жақынымызды ани­ма­цияның бәсі биік шығармашылық түрі екеніне көзін жеткізу үшін үш жыл уақыт ке­тірдім. Құр сөзбен айтқанша, іспен дәлел­дейін деп оларды «Күлтегіннің» тұсаукесеріне шақырдым. Мультфильмді көріп, титрде жазулы тұрған аты-жөнімді көрген бетте әлгі жақыным жылап жіберді. Осыдан кейін анимация, аниматорлар туралы көзқарасы түбегейлі өзгерді. Аниматор демекші, бірде бір ата-ана маған «Аниматор жалдағымыз келеді, қызметің қанша тұрады?» деп жазды. Қызмет құнын жазып жіберсем, «Ертең осындай уақытта келе аласыз ба? Келіп балалардың көңі­лін көтеріп берсеңіз» деп жазып жіберіпті (күліп). Мені түрлі кештерге шақырып, шоу көрсететін аниматор деп ойлап қалса керек. Жал­пы, бізде анимацияға инвестиция тек мем­лекеттік бюджет арқылы құйылады. Тиі­сінше, анимацияның дамуы тікелей мемлекетке байланысты. Мұның бір кемшін тұсы – мемлекеттік орган өкілдері не айтса, соны жасауың қажет. Егер олар батырлар ту­ра­лы жоба қаласа, тек батырларды қамтитын өнім әзірлеп беруге міндеттіміз. Байқап тұрға­ныңыздай, онда шығармашылық еркіндік мүлде жоқ. Сосын бізді шоу жасайтын анима­тор деп қабылдайтын, анимация мен мульт­фильм­ді ажырата алмайтын қазақ­стан­дық­тар­дың ойлау қабілетін өзгерту керек. Режис­серлердің дені кино түсіру ісіне көп қаражат құй­саң, ісің алға басады деп ойлайды. Ани­мацияға да ақша салсаң, алысқа баруың бек мүмкін. Прокатқа шыққанда, қалтаңызды қампайтып, едәуір табыс әкеледі. Сол кезде мем­лекеттік бюджетті керек қылмайсың. Ал бұған ешкімнің бас сұққысы жоқ. Бір шетінен анимация жасау көп уақыт алады. Мысалы, локация бекітіп, әртістерді таңдап қойған ре­жиссер жарты фильмді жарты жылда тү­сіреді. Ал біз болсақ, кейіпкерлерді, локация­ның суретін салып, оған эффектілер мен дыбыстар қосып, бас қатырамыз. Шынымды айтсам, Қазақстандағы анимацияның «шаңы­ра­ғы» мен секілді осы салаға өлермендей ға­шық мамандардың арқасында ғана шайқалмай тұр. Оның үстіне, осы саланың білгірі сана­латын көп әріптесім жалақының аздығынан басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр. Соңына дейін барамын дейтіндер саусақпен санарлық. Өз тарапымнан көмекке қажет аниматорларға барынша қолдау білдіріп жүрмін. Мәскеуде жұмыс істейтін Шыңғыс есімді бауырымыз 3 D анимациясы бойынша ақыл-кеңес сұрайды. Оған бар білгенімді үйретіп, қолдау білдіріп келемін. Жуырда маған қатты ұнаған жеке туындысы жарыққа шықты. Көпшілік те тиісті бағасын беріп жатыр.
– Бұйыртса, күндердің бір күнінде «And the Oskar Goes To…Temirlan Kenzhegaliyev» дегенді естиік. Дегеніңізге жетіңіз! Оскар сыйлығын алу бұйырсын!
– Рақмет! Сол күнге аман-есен же­тейік!

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.