Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Негізсіз ұсталғандар босатылуы керек» – Әзімова тәртіпсіздіктер туралы

0 160

   Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұсталғандардың адам құқықтарын бұзу туралы шағымдары бойынша деректерді жариялады. Сондай-ақ, құзырлы органдарды қатыгездік туралы барлық хабарламаны тексеруге шақырды, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Эльвира Әзімованың айтуынша, 13-15 қаңтар аралығында он бір өңірде құқық қорғаушылар адам құқықтарының сақталуын бақылау мақсатында полиция мен ҰҚК-нің 34 мекемесін аралаған.

«Аралаған кезде ұстау барысында және арнайы мекемелерде көрсетілген қатыгездік туралы 18 шағым алдық, оның ішінде 8 өтініш – Ақмола облысында, 5 өтініш – Атырау облысында, 3 өтініш – Нұр-Сұлтан қаласында және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 1 өтініштен», – деді спикер.

Эльвира Әзімованың айтуынша, адам құқықтарын бұзу туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде жарияланған.

«Сондықтан прокуратура әлеуметтік желіде және БАҚ-та таралған қатыгездік туралы барлық хабарламаны тексеріп, оларға құқықтық баға беріп, нәтижелерін жариялауы керек. Медициналық қызметкерлер көмегімен дене жарақаттары іздерін тексеру қажет», – деді ол.

Спикер құқық қорғаушылар қорғалушыға адвокаттың кіруін шектеу, ұсталғандардың тұрған жерін туыстарына хабарламау, ұсталғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда медициналық көмек көрсетпеу немесе негізсіз ұстау туралы шағымдар алатынын нақтылады.

«Әрбір дабыл тексерілуі керек. Заңсыз іс-әрекеттер расталған жағдайда дереу шаралар қабылданып, негізсіз ұсталғандар босатылуы тиіс», – дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Әзімова қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы күндері ұсталғандар арасында қарапайым азаматтар болғанын, олар төтенше жағдай режимі туралы бірнеше рет ескертулерге қарамастан, заңға немқұрайды қарап, өміріне қауіп төндіргенін айтты.

«Кеше брифинг барысында прокуратура өкілі Алматы қаласы прокуратурасының тексеру нәтижелерін ескере отырып, 71 азаматқа әкімшілік жаза шаралары жеңілдетілгенін айтты. Прокурордың қарсы пікірімен уақытша ұстау изоляторларынан 91 азамат босатылды», – деді ол.

Сондай-ақ, Әзімова басты міндет бұзақы пен тонаушы кім екенін және бейбіт митингке қатысушы кім екенін анықтау екенін айтты.

«Өкінішке қарай, УҰИ-ға баруымыз және тұтқындалғандармен әңгімелеріміз ұрлық пен мүлікке зиян келтірген көптеген күдікті азаматтардың заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілікті түсінбейтінін көрсетті», – деп қорытындылады ол.

Спикердің айтуынша, бүгіннен бастап құқық қорғаушылар Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарының мекемелерінде бақылау жүргізеді.

Бұған дейін Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен 110 науқас әлі де стационарларда екені белгілі болды. Оның ішінде 8 адам жансақтауда жатыр.

Алматы қаласы бойынша анықтамалар мен хабарламалар үшін телефондар:

ЛА-155/18 – 8 (7272) 9002206 тергеу изоляторы;

Алматы қаласының УҰИ – 8 (7272) 544342;

Алматы қаласының ҚАЖД – 8 (7272) 901326;

Алматы қаласының ДП – 8 (7272) 544042;

Алматы қаласының прокуратурасы – 8 (7272) 650303;

ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы – 8 (7172) 740169; 740542.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.