Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Өне бойы көгерген». ШҚО-да қаза тапқан сарбаздың жақындары шағым айтты

0 272

Шығыс Қазақстан облысында қатардағы жауынгер Асылхан Қалиақбаров қаза тапты. Ресми ақпарат бойынша, ол суицид жасап, көз жұмған. Алайда жас жігіттің жақындары бұған сенбейді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Марқұм ШҚО-дағы әскери бөлімдердің біріне Солтүстік Қазақстан облысы Новоишимка ауылынан барған. Үйінің кенжесі. Туған әпкесі бауырын өте ақжарқын, еңбекқор бала ретінде еске алып, жылап отыр.

Асылханның қатардағы жауынгер атанғанына жарты жылдан асқан. Жақындарының айтуынша, әскердегі өмірі бірқалыпты өтіп жатқан. Алайда 2021 жылдың 2 қарашасында Асылхан асылып өлді деген суыт хабар жеткен.

Оның туған әпкесі Жұмабике Жақсыбекова Асылхан әуел баста Алматыда жүргенде бәрі жақсы болған еді дейді.

Енді төрт айдан кейін әскерден оралуы керек еді. Әскерден кейін Алматыға кеткелі жүрген. Алғашында әскери борышын алты ай Алматыда өтеген. Сол уақыт жақсы еді, үнемі байланысып тұрдық,

—дейді Жұмабике Жақсыбекова.

Оның айтуынша, қатардағы жауынгер басқа әскери бөлімге ауысқан кезде оны ұрып-соғу фактілері тіркелген.

«Оны жуырда ШҚО-дағы Қытаймен шекаралас әскери бөлімге ауыстырып жіберді. Қиындықтар сонда басталды. Байланысқа шықпай, суреттерін де жібермейтін болды. Бауырымды ұрып-соға бастаған, бірақ ол бізге білдіргісі келмеді. Бұрынғыдай емес, көп қоңырау шалмайтын болды. Ең соңғы рет бір ай бұрын телефон соқты. Үтік алу керек деп 3000 теңге сұрады. Бейнеқоңырау шалайық деп едік, үзілді-кесілді бас тартты, өйткені, көгерген жерлерін көрсеткісі келмеді», — дейді марқұмның әпкесі.

Енді тура бір айдан кейін оларға әскери бөлімнің офицері телефон шалып, Асылханның асылып өлгенін естірткен.

Бізге бұдан басқа жауап бермейді. Жігіт өзі өлгісі келіп жүрген дейді. Бұл суицид дейді. Алайда, төрт айдан кейін үйге ораламын деген бауырымның болашаққа құрған жоспары көп еді,

—дейді қайғыдан қан жұтқан әйел.

Ал әскери бөлімдегілер қатардағы жауынгер қандай себепке байланысты суицид жасауы мүмкін екенін, жалпы, жігіттің қандай жағдайда асылып өлгені туралы мардымды жауап бермеген.

Бауырымның өліміне қатысты қойған сұрақтарымызға жауап берген де жоқ. Өздері сараптама жүргізіп, бізге мәйітін беріп отыр. Бауырымды жерлеп қойдық. Алайда, Асылхан асылып өлді дегенге сенбейміз,

—дейді Жұмабике Жақсыбекова.

Әпкесінің айтуынша, бауырының мәйітін алып кеткенде, мүрдені көзімен көрген.

«Бүкіл денесі, тіпті беті де көгерген. Бетінен етікпен тепкен сияқты. Бізге ол 2 қараша өлді деп, сол күні хабар айтты. Алайда бауырымның мәйітіне қарағанда, ол 2 қарашадан бұрын өлгенін түсіндім. Біз қайтсек те әділдік орнатып, оның шынымен қалай өлгенін анықтаймыз», — дейді марқұмның әпкесі.

Әзірге Асылханның жақындары әскери прокуратураға арыз жазуға әрекет етіп жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.