Түркістан облысы Сайрам ауданында мұнай өңдеу зауытынан шыққан өрттен денесінің 25%-ын күйік шалған Ерболат Ескендіров 4 айдан бері зауыт басшылығынан өтемақысын ала алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Туыстарының айтуларынша күйік шалған азаматқа зауыт басшылығынан бірде-бір өтемақы болмаған. Жұмысшының еңбек құқығын қорғайтын испекция да жағдайға екі жаұта бірдей кінәлі деген шешім шығарған.
Қол, аяқтары мен беті күйген жұмысшының саусақтары ашылмай қалған. Одан бөлек, лаулаған өрттен қашамын деп биіктіктен секіргендіктен тобығы да сынған. Денесінің 25%-ын күйік шалған күйде ауруханаға жеткізілген Ерболат жанармайдың жалынынан аман қалғанына қуанады. Ол ауруханада бір ай ем алып, қазір үйіне шығарылған. Алайда жігіттің денсаулығы еңбекке жарамсыз. Саусақтары бүгілмейді, тобығы сынғандықтан аяғын сілтеп басады. Жұмыс орынында істегеніне бір ай ғана уақыт болған Ерболат сол күнгі болған өрт оқиғасын қорқынышпен еске алады.
“Жұмыс кезінде жоғарыда жалғыз болғанмын. Өрт шыққан кезінде цистернадан төменге секірдім. Сол кезде аяғым сынған екен. Жанып жатқанымды көріп шешініп, қасымдағы әріптесіме қарай жүгірдім. Осындай қиын сәтте басшылық тарап қолдау білдірудің орынына, керісінше мені кәнілауда”,-дейді ол.
“Алматыдан келдім деп Қанат деген бала қолыма 150 мың теңгені ұстатты. Бұл зауыт Назарбаевтың күйеу баасы Құлыбаевтікі. Мына ақша балаңыздың айлығы, дәрігерге бересіз бе, дәрі әпересіз бе, тамағын әпересіз бе, бары осы 150 мың деп беріп, сол кеткеннен мол кетті”,-дейді Ерболаттың анасы Гүлшат Айқашова.
Мұнай өңдеу зауыты қазір жұмысын тоқтатқан. 20 желтоқсаннан бері шикізат болмағандықтан тұралаған. Қыркүйекте мұнда 6 цистерна жарылып 40 миллион теңге шығынға батқан.
“Көмектесеміз. Ол әлі біздің жұмыс орынымыздан шыққан жоқ. Қандай операциялар жасау керек екенін айтсын. Қолы ашылмаса кестіреміз. Ешқандай кедергі жоқ”,-деді “Әлем Мұнай Инвест” ЖШС директоры Архабай Туғанбеков.
Еңбек инспекциясының айтуынша жұмысшы нұсқаулықты толық білмеген, ал жұмыс беруші оны арнайы формамен қамтамасыз етпеген. Олар Ерболаттың қалтасындағы ұялы телефонды өрттің шығу себебі болуы мүмкін деген болжамда. Алайда жігіттің отбасы бұл деректермен мүлде келіспейді. Оқиға бойынша қазір Сайрам ауданының ішкі істер басқармасы тергеу жүргізуде.