Оралда 9-сыныпта оқитын қыздар қаланың бас алаңындағы орындықтарға жазу жазғаны үшін ата-аналарына айыппұл салынды, деп хабарлайды «Мой ГОРОД» басылымы. БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қыздар сабақтан ертерек сұранып, саябаққа серуендеуге барған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірақ жолда Тұңғыш Президент алаңына кіріп, ондағы орындықтарға жазу жазған. – Қыздар елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзды. Полицейлер құқық бұзушыларды бейнежазба арқылы анықтап, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша ата-аналарға қатысты «Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырды, – деді ведомство өкілдері. Оған қоса, ата-аналар бүлінген мүлікті қалпына келтірді.
«Сондай-ақ, заңды өкілдер балаларымен бірге бүлінген орындықты жууға мәжбүр болды. Полиция департаменті қаланың барлық тұрғынынан қаланы абаттандыру элементтеріне ұқыпты қарауды сұрайды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар жасаған заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілік олардың заңды өкілдеріне жүктелетінін ескертеді және ата-аналарға жасөспірімдерді тәрбиелеуде ерекше назар аударуды ұсынады», – деп хабарлады полицейлер.