Қалалық қоғамдық-саяси газет

Науқас баланың анасы: FlyArystan бортсерігі «мазаны алады» деп артына отырғызды

0 158

Соңғы кезде FlyArystan әуе компаниясына айтылып жатқан сында есеп жоқ. Әуелде қалааралық рейстері халықтың қалтасын көтеретін бағада ұшып, жолаушылардың алғысына бөленген. Алайда, «қазір бағасы да шарықтап, қызмет көрсету сапасы да нашарлап кетті» деген пікірді жиі естиміз. Ең сорақысы, бұл әуе компанияның ұшақтары үнемі кешігіп ұшуды әдетке айналдырған көрінеді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.

FlyArystan әке компаниясы ұшағында тағы да шу. 25 қыркүйек күні атыраулық Гүлжан Хусайынова целебралды сал (ДЦП) дертімен ауыратын қызын Ташкентте емдету үшін «Атырау-Шымкент» бағытындағы Fly Arystan әуе компаниясының ұшағына билетті қосымша ақы төлеп алдыңғы қатардан алады.

«Билетіміз ұшақтың алдыңғы жағындағы орыннан алдым. Өйткені науқас қызыма арнайы күтім керек. Осы орынды сатып алу үшін қосымша ақы төледім. Бірақ ұшақта қызымды артқы орынға отырғызды. Бортсеріктің айтуынша, қызым ыңырсып жолаушылардың мазасын алады екен. Алғаш рет осындай сұмдық жағдайға тап болдық. Біздің құқығымыз тапталды», – дейді Гүлжан Хусайынова.

Әуе компаниясының бортсеріктері тек Гүлжан Хусайынованың ғана қызын емес, емге бара жатқан өзге де балалардың орнын ауыстырып, артқы орындарға отырғызған. Құқықтары тапталған ата-аналар Fly Arystan әуе компаниясына арыз жазғанымен, жауап ала алмапты.

Алайда, Гүлжан Хусайынованың айтуынша, ұшқан екі сағаттың ішінде қызы қыңқ демеген. Шын мәнінде, бортсеріктің «Басқа жолаушының мазасын кетіреді» деп билеті бар орыннан тұрғызып, ұшақтың артына отырғызуға қандай қақысы бар? «Аналық сезімімді қорлады» деген ана моралдық жағынан да қысымға ұшыраған жоқ па?

Nege.kz тілшісі FlyArystan әуе компаниясының баспасөз хатшысы Ләззат Қанғожинаға хабарласып еді, ол әдеттегідей: «Бізге ресми сауал жолдаңыз, сосын жауап береміз», – деді. Біз де өз тарапымыздан: «Соңғы кезде әуе компанияға қатысты сын көбейіп кетті ғой. Сіздер соны ескересіздер ме?», – деп едік, ол: «Сізді қандай сұрақтар мазалайды? Бәрін жазып жіберіңіз. Біз мамандарға сұрау салып, жауап береміз», – деп қысқа қайырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.