Нұр-Сұлтанда тұрғын үй төбесіндегі металл конструкциясының құлауынан зардап шеккен әйел көз жұмды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлауынша, науқас 14 желтоқсан күні есін жимастан жан тапсырған.
«Жансақтау бөліміндегі тиісті ем-шараға қарамастан, науқасты құтқару мүмкін болмады»,- деді басқармадан.
1965 жылы туған науқас металл конструкциясы құлағаннан кейін аса ауыр жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді ауруханасына түскен.
«Әйелді жедел түрде тиісті мамандар қарады. Бұдан соң жағдайы нашар болған соң шұғыл реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Науқастан ашық бас сүйек-ми жарақаты, ауыр дәрежедегі ми жарақаты анықталды. Денесінде әртүрлі көгеру белгілері болды. Өкінішке орай, миына ота кезең-кезеңімен жүргізілді, алайда жасалынған опрерациялар оң динамика бермеді», – деп түсіндірді дәрігерлер.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қазанда Сығанақ көшесіндегі «Номад» тұрғын-үй кешенінде орналасқан сауда үйінің кіреберісінде әйелге металл конструкциясы құлаған болатын. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар таралған болатын.
Полиция қылмыстық кодекстің 306-бабы «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалды.