Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұр-Сұлтанда үш жасар баланы құтқарған жасөспірім оқиғаның қалай болғанын айтты

0 291

Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйдің терезесінен құлай жаздаған үш жасар бүлдіршінді құтқарған Есдәулет Дәуітбеков оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Сөзінше, анасы дүкенге шығып кеткенде үйде үш бала қалған. Олардың үлкені, шамамен үш жасар ер бала терезеге шығып, аулаға қарап тұрған. Ол сүйенген терезе торы жартылай ашылып қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Қазақстан» Ұлттық арнасының «1001 түн» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Мен көрші аулаға футбол ойнауға шыққан едім. Сол кезде халық бір орынға жиналып қалыпты. Не болғанын сұрадым, артынан 6-қабатта терезенің алдына шығып тұрған кішкентай баланы көріп қалдым. Сол кезде тезірек 6-шы қабатқа көтерілдім.

Бала москит торына жабысып тұрған. Оның жартысы ашық тұрған еді. Бірінші балалар бар пәтердің есігін қақтым. Бірақ жауап болмады. Кейін көршілерден рұқсат сұрап, балкон арқылы бала тұрған үйге қарай өттім», – дейді Есдәулет.

Жасөспірім бойын аздап үрей сезімі билегенін айтады. Бірақ:

«Қорықпадым. Өзімнің нық қабылдаған шешімім сол болды», – дейді ол.

Айтуынша, анасы үйде үш баланы қалдырып, дүкенге шығып кеткен. Ал бүлдіршін терезеге қарама-қарсы тұрған төсек арқылы терезеге шыққан көрінеді.

«Пәтерде үш бала болды: Екі ұл, бір қыз. Терезе алдына шыққан ұлдың жасы шамамен 3 жаста, одан кейін 2 жасар қыз және еңбектеген бала», – деп бөлісті жасөспірім.

Ал Есдәулеттің анасы болған жағдайды алғаш естігенде ұлына ұрысқанын жасырмады. 

«Фотоны бірінші көргенде шошып кеттім. Неге олай істейсің, құласаң қайтесің? Мен не боламын, артыңдағы бауырларың не болады? – деп ұрыстым. Кейін сабырға келдім. «Мама, қорықпаңызшы, аяғымды қойып тексердім, шыдайтынын сездім», деді», – дейді әйел.

Есдәулет көп балалы отбасынан шыққан. Өзінен үлкен әпкесі мен артынан ерген төрт бауыры бар. Анасы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Биыл мектепті тәмамдаған жас түлек ҰБТ-дан аз ұпай жинап, агро-техникалық университетке ақылы бөлімге түсуді жоспарлаған. Кешегі оқиғадан кейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Есдәулетке грантта оқуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, отандық құрылыс компаниясы батыр жігітке үш бөлмелі пәтер сыйлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.