Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұр-Сұлтанда «Оператор РОП» басқарушы директорының денесі табылды

0 172

«ӨКМ Оператор» ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылды. Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті растады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Ер адамның мәйітінің табылу фактісі бойынша «Есіл» аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы “Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеудің толықтығын және дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді департаменттен.

Алдын ала болжам бойынша, ол өзі-өзіне қол жұмсаған. Руслан Шәмшиев 2021 жылдан бастап «ӨКМ Оператор» компаниясында құқықтық мәселелер жөніндегі Басқарушы директор лауазымын атқарды.

Бұрын Шәмшиев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында, көлік прокуратурасында, сондай-ақ кеден органдарында жұмыс істеген.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 105-бабында жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтың ұсталғанын жазған болатынбыз.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.

Соның аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда ҚР Үкіметі «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.