Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұр-Сұлтан полициясы көшеде түкіргендер қалай анықталатынын көрсетті

0 365

Нұр-Сұлтан полициясы көшеде түкіргендерге қандай айыппұл қарастырылғанын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық ПД ресми өкілі Нұрәлы Тәңірбергеновтың айтуынша, көшеде түкіретіндерге қатысты жеке бап жоқ, тәртіпбұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша жауапкершілікке тартылады.

Бапта 2022 жылы 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 15 315 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталап тәртіп бұзған жағдайда – 10 АЕК, немесе 30 630 теңге.

«Бұл жаңа бап емес. Ол түкіру, тұрмыстық қалдықтарды тастауға қарастырылған. Бізде Жедел басқару орталығы бар, көптеген камера арқылы қызметкерлер тәртіпті бақылап отырады, заңбұзушылықтарды тіркейді. Түкірген, қоқыс, темекі қалдығын лақтырғандар анықталса, полиция жасағы жіберіліп, тәртіпбұзушы сол жерде анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық толтырылып, айыппұл салынады», – деді полиция өкілі.

Оның айтуынша, көліктерде отырып жолдарға түкіру камераларға түсіп қалады. Көлік иелері де сол бап бойынша жауапкершілікке тартылады.

«Қызметкерлер күн сайын осы бап бойынша заңбұзушылықтарды тіркейді. Мысалы, 2022 жылдың 18 тамызында қоғамдық орында түкіру бойынша арнайы 10 құқықбұзушылық тіркелді. Түкіру немесе осы бап бойынша басқа да заңбұзушылықты байқаған кез келген адам полицияға хабарласа алады», – деп түйіндеді Тәңірбергенов.

Тәртіп сақшылары түкірген қала тұрғындарын қалай анықтап, қалай жауапқа тартатыны туралы видео да ұсынды.

Қалалық полиция басқармасы мәліметінше, 2022 жылы 434-баптың 2-бөлімі «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша қылмыстық жауапкершілікке 6300 адам, 2021 жылы 5424 адам тартылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.