Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Құмсағат» оқырманға жол тартты

0 543

Күні кеше шаһар төрінде қос қаламгер Ардақ Үсейінова мен Фариза Әбдікерімованың «Құмсағат» атты кітабы оқырманға жол тартты.

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрында өткен кітаптың тұсаукесер рәсімінің шымылдығы қаламгердің жаңа жинақтағы оралымды ойларына негізделген мазмұнды сахналық көрінісімен түрілді.
Оқырмандардың олжасына айналар тұңғыш жинақтың тұсауын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі драматург Елен Әлімжан, журналист Қуаныш Иембердиев және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаман бастаған қаламгерлер кесіп, шығармашылықтарына шалқар шабыт тіледі.
– Киелі Әулиеата жерінен төңкеріс кезінде де Тұрар Рысқұловтан бастап небір қайраткерлер шықты. Ал жазба әдебиетіне келсек, соғыстан кейінгі елуінші жылдары Бауыржан Момышұлына дейін ешкім болған жоқ. Қазір шүкір дейміз. Бұрын таланттарымыз сәл көрінсе, үлкен қалаларға баруға тырысатын. Қазір облыс орталығына тұрақтады. Өңірде әдеби орта пайда болды. Дарынды жастардың қалың шоғыры қалыптасты. Қазір ақындар көп, прозаиктер аз. Бүгін екі прозаик дүниеге келгеніне шын қуанып тұрмын. Әдебиет деген дүниеге кіретін есік бар да, шығатын есік жоқ. Сендер қазір есігін қақтыңдар, біз есігін аштық, енді әрі қарай қадам басып, ол қадамдарың төрге қалай жетелейді, ол өздеріңе байланысты. Екеуіңде де прозаға тән, ескі мен жаңаны ұштастыра білу, содан ой түйе білу деген жақсы қасиет бар. Фариза дәстүрді, табиғатты шебер игеріп келе жатса, Ардақ күнделікті өмірге мистикалар қоса біледі. Ол да жаңашылдық. Лайым осы жолдарыңнан таймаңдар. Әдебиетке кірген есіктерің құтты, ал шығатын есіктерің жабық болсын, – деді белгілі драматург Елен Әбдуатұлы.
Бұдан бөлек, белгілі журналист Қуаныш Иембердиев, ақын Үміт Битенова, дәрігер-хирург, қаламгер Сағындық Ордабеков, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Құрманбекова, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағалилар да жылы лебіздерін білдірді.
Кітап авторларының бірі Ардақ Үсейінованың айтуынша, жинақтың «Құмсағат» деп аталуының мәні тереңде екен.
– Жалпы уақытты өзенге, сусыған құмға теңеп жатады ғой. Ал суда да, құмда да із қалмайды, қанша тырыссаң да ізіңді ізін суытпай өшіріп отырады. «Құмсағаттың серті – үздіксіз аударып отыру» дейді. Ол уақытың тоқтамасын деген тілек, ырым, ниеттен туған шығар. Бірақ уақыттың тоқтамауы мүмкін бе? Зырлап өткен уақытты біреулер ағып жатқан өзенге, кейде сусыған құмға теңейді. Байқаған шығарсыз, суда да, құмда да із қалмайды. Ал өмірде ше? Өмірде ізіңнің қалу-қалмауы бір Аллаға ғана аян нәрсе. Бірақ із тастап көру – баршаның арманы. Құмсағаттарыңыз тоқтамасын, – деді ол.
Жалпы жаңа форматта, жаңа мазмұндағы жинаққа қос қаламгердің әр жылдары жазылған прозалық шығармалары енгізілген. Авторлар әңгімелерінде ширек ғасырдан бері өздері тікелей араласып жүрген қоғамдағы алуан құбылысты суреттейді. қазақилықтан алшақтаған рухани қалтарыс, ұлттық болмыс, наным-сенім, әлеуметтік тартысты жағдаяттарды уақыттың еншісімен тап басып, қаузайды.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.