Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абыройы асқақ «Арайстроймаркет»

0 391

«Істің көзін тапқанды табыстың өзі табады» дейді дана қазақ. Расында, алдына мақсат қойып, оған жету жолында талмай, тынбай еңбек еткен жанның түбінде ұшпаққа шығатыны анық. Табан ақы, маңдай тердің ақысы жерде қалмайтынын ескерсек, жылдар бойғы жұмыстың жемісі толайым табыс, елдің сый-құрметі мен абырой-бедел болып қайтады.

Өз ісіне деген жанкештіліктің, оған деген адалдықтың арқасында жетістікке жеткен жандар елімізде аз емес. Олардың арманына жету жолындағы сан түрлі кедергілерді жеңуі, қысылтаяң шақта «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» амал тауып, тиімді шешім қабылдау арқылы тірлігін тіктеп, кәсібін өрге домалатуы – артынан ерген жастарға үлгі. Қуанарлығы, мұндай азаматтар киелі Әулиеата өңірінде де аз емес. Соның бірі – өз еңбекқорлығымен талай белесті бағындырып, бүгінде аймағымызға ғана емес, республика көлеміне танылған кәсіпкер Арман Еділбаев.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, «Атакент-Тараз», «Триада» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде түрлі лауазымдарда қызмет еткен ол 2003 жылы өз кәсібін ашып, құрылыс саласына бет бұрады. Осылайша «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-ін құрады. Негізгі қызметі тұрғын үйлер, әлеуметтік және коммерциялық ғимараттар, жолдар мен жол инфрақұрылымын салуға бағытталған серіктестік Арман Захарыпұлының ұйымдастырушылық қабілетінің, нарықтық экономиканың қатаң бәсекелестігі жағдайына икемделе білу дағдыларының арқасында талай асуды бағындырып үлгерді. Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған бұл серіктестік бүгінде алып компаниялар тобына айналған, шыққан шыңы да аз емес.
Күні кеше компанияға қарасты «Arai Plaza» бизнес орталығында осынау мерейлі мерекеге орай ауқымды шара өтті. Онда сондай-ақ «Арайстроймаркет-2003»-тің құрамына енетін «Інжу» балабақша-мектебінің 10 жылдығы да аталып өтілді. Салтанатты жиынға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, республикамыз бен облысымызға танымал азаматтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер сыйлы қонақ ретінде қатысты.
Мерекеде меймандар серіктестіктің құрылуы, оның алғашқы қадамдары жайында естеліктерін айтып, ыстық лебіздері мен жүрекжарды тілектерін жеткізді. Сонымен қатар компания басшылығы мен оның дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлері марапатталды.
Жиынның соңы компания құрамындағы «Інжу» балабақша-мектебі және «Arai Elite» мектебінің тәрбиеленушілері мен оқушыларының шығармашылық кешіне ұласты. Онда балақайлар ән мен биден шашу шашып, шара қонақтарын сан түрлі өнерлерімен тәнті етті. Бұдан бөлек, бизнес орталықта олардың қолынан шыққан қолөнер туындыларының көрмесі қойылды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Арайстроймаркет-2003»-тің алған асулары аз емес. Өйткені оның қол астына білім, денсаулық сақтау, құрылыс, өндіріс, сервистік қызмет көрсету салаларында қызмет ететін он шақты еншілес компаниялар бірігіп, табысты қызмет етуде.
Мәселен, компанияның меншігінде асфальтбетон және жылу радиаторларын шығаратын зауыты бар. Олардың өнімдері «Арайстроймаркет» іске асыратын жобалардың қажеттіліктеріне жұмсалып қана қоймай, еліміздің өзге өңірлеріне де сатылымға шығарылады. Айта кетер жайт, 2014 жылы ашылған жылыту радиаторлары зауыты еліміздегі Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан жоба ретінде тарихта қалды. Әлемдік сапа стандарттарына сай заманауи технологияларды пайдаланатын кәсіпорын жылына 250 мың алюминий радиаторын шығарады.
Бұдан бөлек, 2015 жылы компанияның өз қаражаты есебінен «Інжу» қонақ үйі ашылды. Ал 2016 жылы «Arai Plaza» бизнес орталығы пайдалануға берілді. Бүгінде көне шаһардың сәніне айналған сән-салтанаты келіскен ғимаратта жеті санаттағы қонақ үй, мәжіліс залдары, кеңсе бөлмелері, мейрамхана, демалыс кешендері жұмыс істеп тұр.

«Arai» заманауи көпсалалы медициналық орталығы компанияның облыс тұрғындарының денсаулығын сақтау ісіне де сүбелі үлес қосуына мүмкіндік беріп келеді. Қазіргі таңда аталған орталықта тәжірибелі мамандар ем алушыларға білікті көмегін көрсетуде.
Серіктестіктің мақтаныштары ретінде олардың құрамындағы білім беру мекемелерін айтуға болады. Оның алғашқысы – «Інжу» балабақшасы. 2013 жылы ашылған 280 орындық балабақшада бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына, білім алуына, шығармашылығын дамытуына, денсаулығын жақсартуына барлық жағдай жасалған.
2015 жылы балабақшаның жанында бастауыш сынып оқушыларына арналған 360 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты. Сапалы білім мен саналы тәрбиеге мән берген білім ордасына баласын беруге ниетті ата-аналардың қатары артуына байланысты 2018 жылы мектептің екінші ғимараты, ал биыл үшінші корпусы пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, серіктестік 2020 жылы 1 575 оқушыға арналған «Arai Elite» мектебі де іске қосылды. Техниканың соңғы үлгілері бойынша жабдықталған білім ошағында спорт залы, мәжіліс залы, асхана, кітапхана да қарастырылған. Сондай-ақ тынығуға арналған арнайы аумақ та назардан тыс қалмаған. Ең бастысы, жекеменшік гимназияда тараздық балақайлар тегін білім алуда.
Әрине, бұл «Арайстроймаркет-2003» ЖШС жүзеге асырып отырған жұмыстарының бір парасы ғана. Серіктестіктің облыс пен еліміздің көлемінде құрылысын жүргізген ғимараттарының, түрлі бағыттағы нысандары мен инфрақұрылымдық жобаларының игілігін халық көруде.
Жалпы осындай алпауыт компаниялар тобының негізін қалап, тасын өрге домалатып отырған А.Еділбаевтың есімі Жамбыл жұртшылығына тек ірі кәсіпкер, тәжірибелі құрылысшы ретінде ғана емес, сан саланы қатар алып келе жатқан жан-жақты тұлға ретінде танымал. Әсіресе оның меценаттығының арқасында көне шаһар Тараз тотыдай таранып, түрленіп келеді. Әсіресе бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2018 жылы «Қала күні» мерекесі қарсаңында облыс орталығындағы «Атшабар» скверінің құрылысына 224 миллион теңге жұмсағаны әлі күнге дейін ел есінде. Облыс орталығының ажарын аша түскен бұл нысан бүгінде қала қонақтары мен тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Сонымен қатар 2021 жылы «Таразға тарту» жобасы аясында құны 1,1 млрд теңге болатын «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығын қала тұрғындарына сый ретінде салып берді. Бұл кәсіпкер-меценаттың ел игілігі үшін жасап жатқан қайырлы істерінің оннан бір бөлігі ғана десек, артық айтқандық емес.
Сондай-ақ А.Еділбаев қайырымдылық шараларына да белсенді түрде атсалысады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген қағиданы берік ұстанатын ол жасаған жақсылығын жарнамалайтын жан емес. Дегенмен қиындықта қол созған жанның мейірімділігі ешқашан ұмытылмайды. Осы істерінің нәтижесі ретінде атымтай азамат 2019 жылы «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасының «Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының иесі атанды. Бұл да оның ел үшін еткен ересен еңбегіне берілген, аз да болсын, баға деп білеміз.
Бұдан бөлек, Арман Еділбаев облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Басы бүтін кәсіпке кетпей, халыққа пайдасын тигізуді ойлаған ол мінберден сайлаушыларының мәселелерін көтеріп, шешімін табуына үлесін қосып жүр.
Ал 2022 жылы «Arai Plaza» бизнес орталығының базасында Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды. Балтық жағалауындағы мемлекеттің облысымыздағы Құрметті Консулы болып Арман Еділбаев бекітілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.