Қалалық қоғамдық-саяси газет

Моңғолияда туып-өскен қазақ қызы: “Қандас” деп жай ғана қарсы алса, қуана еліне қайтатын қазақтар өте көп

0 7  030

Моңғолиядағы қазақ Мөлдір Нұрбекқызы «Қазақстан туралы айтылса болды, жүрегімдегі сағыныш сезімі арта түседі» дейді. Қазір Түркияда білім алып жатқан ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жырақтағы қазақтардың жай-күйі, Моңғолия билігінің оларға деген қарым-қатынасы мен қандастардың өкінішін айтты.

 Сәлеметсіз бе, Мөлдір! Жырақтағы қандастарымыздың жағдайлары туралы айтып, бізге сұхбат беруге келіскеніңізге алғысымды білдіремін. Жалпы өзіңіз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?  

– Сәлеметсіз бе! Тегім негізі атамның атында болатын. Кейін бір себептерге байланысты әкемнің атына ауыстым. Жалпы бәріміз де аталарымыздың балаларымыз ғой. Орта жүз құрамындағы Жантекей руынан тараймыз. Отбасымызда жетеуміз. Ата-анамнан бөлек екі ағам, сосын мен және екі інім бар. «Арпа ішіндегі бір бидайы»  – менмін. Үлкен ағам Түркия елінің Анкара қаласында қызмет етеді. Одан кейінгісі ел астанасы Улан-Батор қаласында тіс дәрігері болып жұмыс істейді. Әке-шешеміз қазіргі кезде зейнеткер. 2003 жылы Баян-Өлгийден мектеп табалдырығын аттадым. Біз оқығанда мектеп 11 жылдық болатын. Қазіргі кезде 12 жылдыққа ауысыпты. Мектебімізде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін оқыдық. Басқа сабақтарымыз моңғол тілінде болса, өз ана тілімізбен әдебиетімізді қазақ тілінде оқып үйренгенбіз. Бізге ол жағынан ешқандай да бір шектеулер қойылмады. Жоғары сыныптарда әртүрлі олимпиадаларға қатысып жүрдім. Оның бәрін айтатын болсам, өзімді мақтағандай болып кетермін. Солардың бірінен жеңімпаз атанып, Түркия республикасының грантын ұтып алдым. Сөйтіп қазір Түркия мемлекетінің студенті болып жүрген жайым бар. Бұл жақта әртүрлі мемлекеттің адамдарын көреміз. «Қазақстаннан келдік» дегендер болса, бірден есіме атажұртым түседі. Алыста болсам да, «Қазақ елім бар ғой» деп жиі-жиі ой үстінде жүремін. Бірақ Моңғолияда тұрсақ та, аянышты өмір кешіп, бұл жақтан ешқандай да қорлық көріп жатқанымыз жоқ. Басқалар бізді жат санамайды. Аллаға сансыз шүкір! Атажұртымыз әрқашанда аман жүрсе екен! Қазақ елінің бақытты өмір сүруіне іштей тілекші болып жүремін.

 Моңғолиядағы қазақтар қайда тұрады?

– Моңғолиядағы қазақтардың орталық мекені – Баян-Өлгий қаласы. Қазақша атауы: «Бай Бесік». Мұнда көбінесе қазақтар тұрады. Бірақ арасында моңғолдар мен басқа да ұлттар бар. Қазақтарымыз елдің басқа да өңірлерінде қоныстанған. Бұл жақта қазақша мектептер мен мешіттеріміз бар. Тіпті қазақ радиосы жұмыс істейді. Моңғолиядағы барлық қазақ ауылдарына үні жетіп тұр. Қазақтар бір-бірімізбен ана тілімізде еркін сөйлесеміз. Мемлекеттік мекемелерге барғанда, Улан-Баторда моңғол тілінде сөйлейміз. Өйткені сол мемлекеттің азаматы болғаннан кейін, моңғол тілін білмеуіміз өте ұят. Қандай да бір той-томалақ болатын болса, барлығы дерлік қазақы салт-дәстүрлермен ұйымдастырылады. Келіннің сәлем салуы, үлкендерге шапан жабу т.б. рәсімдердің барлығы да бізде сақталған. Ұлыстың ұлы күні әз-Наурызымызды жоғары деңгейде атап өтеміз. Наурыз көже дайындалып, әрбір қазағымыз туыстарының үйіне барып қыдырады.

 Моңғолиядағы қазақ диаспорасының үлкендері қазақ жастарына ақыл-кеңестерін  айта ма? Атажұрты жайлы еске ала ма?

– Әрине! Біздей жастарға ондай ақыл-кеңестер көптеп айтылады. Біз мектепте оқығанымызда қазақ ұстаздарымыз және үйдегі ата-аналарымыз өз ақылдарын айтатын. Одан бөлек, үлкен кісілер тәлім-тәрбиемізге қатты көңілдерін бөледі. «Адамның бойында оның әрбір жақсы қасиеті сақталуы керек» деп біздерге үгіт-насихаттарын жиі жасайды. Сонымен бірге, бізге Қазақ елі  туралы жиі  айтып, атажұртымызды да есімізге салып қояды.

Түркияда көптеген мемлекеттің біз сияқты жастары оқып жатыр. Түрік мемлекеті менің Қазақстандағы бауырларыммен таныстырды. Қазақстандағы жастармен де жақын араласып кеттім. Туризм саласы бойынша қызмет ететін Сымбат есімді құрбым бар. Ол атажұртымыз туралы айтып, мен оған Моңғолиядағы қандастарымыз туралы айтып бергенмін. Қазақстан туралы естіген кезде және ол жақтың азаматтарын көрсем, жаныма сондай сағыныш сезімі ұялайды. Жүрек түкпіріміздегі әрбір жылулық өзінен-өзі «Атамекенім-ай» деп тұрады. Ол кісімен де жақын араласып тұрамын.

– Қазақстаннан жақын туыстарыңыз барма? 

– Нағашы жағымыздан бір жақын туысымыз атамекенге көшіп барған. Бірақ кейін қайтадан Моңғолияға оралды. Кейбір жандарды ренжітпеу үшін осы мәселені ашып айтпай-ақ қояйыншы. Әркім өз ойымен түсінеді ғой. Әрбір адам баласының өз жерінде өмір сүруі арманы. Біз жырақта өмір сүрсек те, біздің ортамыз өзімізге жайлы. Атажұртқа оралып жатқандар құжаттарды рәсімдеу мен қағаз жинау көп шаршатады деп көрген қиындықтарын айтады. Кейде басқа да мәселелердің төңірегінде қиналады екен. Бізді бәрі “қандас” деп жай ғана қарсы алып жатса, қуана-қуана баратын қазақтар өте көп. Бізге түптерің «оралман» деген сияқты көңіліне тиетін сөздер айтатындар да бар. Қиын-қыстау замандар мен соғыс жылдарында ата-бабаларымыз тағдырдың тәлкегіне түсіп, өз атажұртынан ұрпақтарын сақтау үшін көшуге тура келді. Бірақ біз ана тілімізді еш ұмытпадық. Қазақы салт-дәстүрлерімізден сырт айналмадық. Егер де ұлттық құндылықтарымызды ұмытып кетсек, бізге өкпелеуге болатын шығар. Бізді кейбіреулер: «сатқынсыңдар» деп айыптап та жатады. Дінімізді де сақтаған қазақтармыз ғой. Бес уақыт намаздарын қаза қылмайтындар да бар. Қарғалар да бір-бірінің көзін шұқымайды ғой. Сондықтан да қазақтар бір-бірін жамандаудан аулақ болса екен. Бір-бірімізбен ынтымақ пен бірлікте болсақ, қазағымыздың қолдарынан келмейтіні де, өзге жұрттар ала алмаған асулары да қалмас еді.

 Интернет арқылы Қазақстандағы жаңалықтармен күнделікті танысып отырасыздар ма?

– Атамекендегі әрбір жаңалықтан құлағдар болып жүреміз. Біздегі қазақтар атамекенге қатысты жағымсыз жаңалықтар айтылса да, қате пікірлерді білдіруден аулақ. Ал қандай да бір құтты қадамдар туралы сөз болса, атажұртымызға әрқайсысымыз тілеулеспіз. Аллаға шүкір! Қазақстан спорттық жарыстардан көрінсе, біздегі қазақтар «жеңісті қолдан бермесе екен» деп әрқашан да қолдап отырады. Моңғолияның атынан барған қазақ спортшылары да, атамекеніміз бізден оза шапса екен деген ниетте. Бұл жақтағы моңғол ағайындарды ешбір жамандамаймыз. Себебі осы елдің нанын жеп, бірге олармен өмір сүріп жатырмыз. Бізге ешқандай да қысым жасалынып жатқан жоқ. Олар да бізді бөліп-жарудан аулақ. Осыған да Аллаға шүкір! Қазақтар болып араласатынымызға мемлекет тарапынан ешқандай да шектеулер жоқ. Мешіттерімізге барып, бір-бірімізбен қазақша сөйлессек те қарсылық білдірмейді.

– Сіздің ойыңызша, әрбір бүгінгі қазағымыздың қыздары қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Әрбір қазақтың қызы осындай болуы керек дейтіндей, мен бір 90-ды алқымдаған әже емеспін ғой. Бірақ та өзімнің жеке қалыптасқан пікірім бар. Аталарымыз «Қыз мұраты кету» деп айтып жатады ғой. Қазағымыздың қыздары  мектепті бітірген соң, әрқайсымыз отбасын құруды ойлаймыз. Отбасын құрғаннан кейін «анау жоқ», «мынау жоқ» демей, әрбір істі қанағат тұтып, Жаратқанға бір шүкіршілік қылу керек. Өз күйеуі мен ата-енесіне басын иіп, солардың разылығын алу қажетпіз. Ал қыздарымыздың бойына инабаттылық керек. «Инабатты» дегенді бізге ұстаздарымыз санамызға жақсы құйған еді. Қазақ қызы біреуге ыржыңдап немесе басқа да артық қылығын көрсетпеуі керек деуші еді. Біреуге тік сөйлемей, артық сөз айтып және біреумен салғыласып кетуі дұрыс емес. Сондықтан қыз баласының қалыптасуы үшін, алдымен анамызға қарап өсу керекпіз. Аналарымыз жаман тәрбие бермейді ғой. Ата-анамыз ең мықты тәрбиешілеріміз. Қыздарымыздың әрқайсысы жауапкершілікті сезінулері керек. Ең бірінші тәрбиеміздің дұрыс болуы  маңызды. Қыздарымыздан ақылды, иманды, білімділері өте көп. Аллаға шүкір! Қыздарға арын да қорғай білу керек. Арыннан айырылғанын өлгенін деп те жатады. Сондықтан да арымыздан айырылғанша, өлгеніміз артық. Дүние мен байлық біз үшін екінші орында. Қыздар үшін бірінші кезекте «ұят» деген нәрсенің болуы маңызды.

– Сұхбатымыздың соңында атамекенге айтатын қандай да бір тілегіңіз бар ма?

– Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан Қазақ еліне сәлемімді жолдаймын. Жоғарыда  айтқанымдай, барша қазақтарымыз бір-бірімізді көреалмаушылықтан, кемсітушіліктен, жамандап көздерімізді шұқудан арылсақ екен. Болмай жатқан әрбір нәрсеге, бір шүкір қылатын пенделерден болу керекпіз. Әрбір ісімізге қолдау білдіріп, кемшіліктерімізді түзей алсақ қой. Қазақстандағы барша қандастарымыз аман болсын! Атажұртымыз әлемнің алдында дамып, басқалардан ілгері оза берсін. Аталарымыздың «су ішкен құдығыңа түкірме» деген, әдемі нақыл сөзі бар. Бұл жақтың билігі бізді еш жатсынбаған. Бізді жетім бала қылмай, өз халқына қандай көмек қылса да, бізге де сондай жәрдем қылады. Сондықтан да барлығымыз аман-есен болайық! Қазақтарымыз ешқашан да бірлігімізді жоғалтпайық. Қазіргі заманда көңіліміздің тазалығы мен жүрегіміздің адал болуы маңызды деп білемін.

– Сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Қайда жүрсеңіздер де аман болыңыздар! 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.