Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірі – күй, көңілі – ән, жүрегі – жыр

0 367

    Домбыра – қазақтың тағдырымен, өмірімен бірге жасап келе жатқан қасиетті аспап. Домбыра шанағынан төгілген күй батырға рух, халыққа күш сыйлаған. Қадыр Мырза Әли ақынның «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің нақылға айналып кеткені де қастерлі аспаптың қадірін танытса керек. Осы орайда биыл 63 жастың асуына келіп отырған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күйші, сазгер, Тараз өңірлік университетінің профессоры Аман Малдыбаевпен қазақтың қасиетті аспабы мен өнері хақында әңгіме өрбіткен едік.

– Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,
Алыстап, шырқап, сілтер, әрі кетіп,
Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,
Бірден-бір ақырын-ақырын төмендетіп, – дейді Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында. Сіз «менің күйші болуыма осы шығарманың әсері болды» деген екенсіз. Есентөбе етегінде өскен бала Аманның болашаққа деген мұраты, арманы қандай еді? Ұлт тағдырымен егіз аспапты алғаш қолға алған сәтіңізден бастасақ әңгімемізді…

– Иә, балалық шағым өзіңіз айтып отырған Есентөбеде өтті. Әкем бір жасымда өмірден озыпты. Сол кездерде жасы 60-тар шамасындағы әкемнің қарындасы патефон қойып отыратын. Күйтабақтарды жиен ағам Ташкенттен алып келетін. Алғаш күймен таныстығым, құлаққа ерте сіңіп, солай басталған еді. Кейін Ілиястың «Күйші» поэмасын оқығанда, қыз тұтқыны болған күйшіге жаным ашып, аянышты бастан кешіргенмін. Сол арман, мақсатпен 7-сыныпты бітірген соң, жазғы демалыста ПОШ-та жұмыс істеп, тапқан айлығыма домбыра сатып алғанмын. 8-сыныпта пионерлер сарайындағы домбыра үйірмесіне жазылдым. Бір қызығы, домбырашы боламын деп жүріп, сол оқудан құлап қалған кезім болды. Домбыраның оқуынан жолым болмаған соң, театр мамандығына түсіп кеттім. Қоңыр домбырамды көтеріп әскерге де бардым. Мақсатқа жетем деген адамға ештеңе кедергі бола алмайды екен, түбі күйші болып шықтым ғой.

– Мамыр айында облыс орталығында «Шағала жүрек» атты авторлық кешіңіз өтеді деп естідік. Есеп беру кешіңізде кімдерді көреміз? Тыңдарманды қандай тың дүниелермен қуантпақсыз?

–Концертке Алматыдан арнайы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова келеді. Әнші менің «Жалын кешкен» әнімді орындайды. Кеш тізгінін белгілі журналист Гүлмира Нәлібай ұстайды.
Наурыздың бел ортасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болып, облыс орталығына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін беруді ұсынған болатын. Осы сәтте Алты Алаш баласының қуанышында шек болмады. Биыл алып тұлғаның туғанына 110 жыл толып отыр. Осы мерейлі сәтте атамызға арнап «Күй шашу» деген күй жаздым. Сол кеште көрермен назарына ұсынамын. Тағы екі жаңа әнім шырқалады. Әрі аталған кеште ән және күйлерімнен құралған жеке кітабым оқырман қолына тиеді деп отырмын. Балаларым, келіндерім өз өнерлерін ортаға салатын болады. Қазір кешке дайындық қызу жүріп жатыр.

– Сіздің күй қоржыныңызда батыстың төкпе күйлерімен сарындас «Шоқай датқа», «Абыз толғауы» сынды күйлеріңіз бар. Ал «Көне Тараз», «Отанды аңсау» атты күйлеріңізде Қаратау, Арқа, Жетісу өңірінің шертпе күйлерінің табиғаты көрініс береді. Сарыны бөлек екі дүние- ні бір арнаға қалай тоғыстырдыңыз?

– Әлбетте, екі бөлек төкпе, шертпе күй жанры, одан бөлек те Абыл, Байжігіт, Қазанғап, Есір сынды неше түрлі күй нұсқаларын келтіре беруге болар. Бірақ күй деген – бір ұғым. Нағыз балуанға оң-солы бірдей болғаны сияқты, шебер күйші қалауын тауып, қар жаудыра алады. Нұрғиса ағамызда да төкпе де, шертпе де араласып жатыр. Мысалы, «Ата толғауы», «Аққу», «Жекпе-жек» сияқты.

– Күйшілеріміздің өзінің өмір сүрген дәуірінің саяси-әлеуметтік өмірі, адамдардың арман-мұраты, қайғы- қуанышы туралы шығарған күйлері аз емес. Мысалы, Кетбұғаның «Сауғасы», Құрманғазының «Қайран шешем» күйі, Қожекенің «Қызайлармен қоштасуы», Қазанғаптың «Жұртта қалған» күйі, Әшімнің «Кеңесі», Төлегеннің «Салтанаты», Нұрымбайдың «Қайран әкесі», Секеннің «Ақ жауыны». Осы секілді сіздің осы дәуірдің ағысы- мен бойлаған күйлеріңіз бар ма?

– «Тай шолпы», «Сүлейменнің жүзігі» (жаңа күй), «Отанды сағыну» («Жапандағы жалғыз») сынды күйлердің тарихына аз-кем тоқталайын.
Кезінде қыздарымыз шолпы таққан ғой, қазір ұлттық болмыстан ажырап бара жатқан сияқтымыз. «Тай» деген сөз қазақта көне заманнан бері келе жатыр. Мысалы, тай-тұяқ, тайқазан деген сияқты. Сосын жай шолпы емес, тай шолпы болсын, мүмкін қыздарымыз шолпы тағар, шашбау тағар деген үмітпен биге арнап, осы заманға лайықтап «Тай шолпы» деген күй шығардым.
Бір аңыздарда Сүлеймен патша халыққа көңілі толмай жүрген шағында өзі қатты сыйлайтын бір данышпаннан ақыл сұрай келіпті. Данышпан оған жүзік сыйлаған екен. Ол жүзікте «бәрі өткінші» деген жазу бар болыпты. Ол жүзікке сеніп жүрген шағында тағы да халықтың арасында түсінбестік жағдай орын алады. Сүлеймен «ешқандай қайырың болмады-ау» деп жүзікті алдына тастай салса, жүзіктің ішіндегі жазуға көзі түседі. «Бұл не жазу?» деп қолына алып қараса, «бұл да өтеді» деген жазу екен. Сол аңыз маған қатты әсер етті. Бүгінгі әлемді шарлаған ауру да өтеді, бай да, кедей де өтеді. Өтпейтін ешкім жоқ деген ойдың жетегі осы «Сүлейменнің жүзігі» деген күйдің өмірге келуіне себепші болды.
Біраз жыл бұрын Германияда сапарда болдық. Сол жерде Қазақстаннан көшіп барған неміс азаматшасын жолықтыр- дық. «Қазақстаннан қонақтар келді» дегенді естіп, өзі іздеп келіпті. Бізді құшақтап: «Менің Отаным Қазақстан екенін енді білдім. Бұл күндері өзімді айдалада қалған адам сияқты сезіне- мін», – деп екі етегі жасқа толып жылады. Сол кісінің сөзі әсер етіп, «Отанды сағыну» деген күй өмірге келді. Бұл күйдің тағы бір аты – «Жапандағы жалғыз».
Сөз басында айттым ғой, мен әкемнен 1 жасымда айырылып қалдым. Әкеме деген сағыныштан бір күй жазсам деп толғанып жүретін едім. Анам марқұм әкем туралы көп естеліктер айтатын. Кейін ойлана келе «өз әкесіне шығарды» деп жұрт арасында сөз болар, менің ғана емес, байтақ елдің ағасына айналған Шоқай атама арнап «Шоқай датқа» деген күй жаздым. Сол күйді жазып жүрген шағымда бір тылсым дүниеге тап болдым. Күйімнің бір жері кем, әйтеуір өзім ойлаған деңгейге жетпеген сияқты, көп ойланып, ретін таба алмадым. Бір күні түс көрдім. Түсімде бір әуен естілді. Сондай асқақ, сондай биік дауыс! Оянып кетсем, әлгі әуен санамда сайрап тұр. Бірден домбыраға түсіріп, ғажап күй өмірге осылай келді.

– Әулиеата өңірінен шыққан күйшілер туралы зерттеулер әлі де болса кенжелеп тұр. Айтыңызшы, біздің өңірден қандай күйшілер шыққан?
– Біздің өңірде күйшілер жоқ емес, бар. Бірақ біз сол тұлғаларды зерттеу, тану жағынан ақсап тұрмыз. Оңтүстіктің күй атасы Байсерке деп жүрміз. Оның арғы жағында – Қазтуған жырау, бергі жағы – Ықылас. Шу бойын мекендеген Темірбек Ахметов деген күйші болған. Ол кісінің «Шернияз», «Жетім бала» деген қос күйі бұл күнде халық арасында кең тараған. Боранқұл деген ғажап күйшінің «Кең жайлау» күйін Асылбек Еңсепов орындап жүр. Әбдімомын ағамыздың орны қазақ үшін биік екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ізімізді басып келе жатқан бір топ жастар бар. Соларды көріп қуанасың, мен олардың анауы мықты, мынауы осал деп айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді.
– Ермек Тұрсыновтың «Шал» киносында Қалтай образын сомдадыңыз. Киноға түсуге шақырту қалай келді?

– «Шал» фильміне түсуім қызық болды. Бір күні балам Рүстем: «Әке, Жамбыл драма театрында «Жаужүрек мың бала» киносына кастинг болып жатыр екен, барып келсек», – деді. Бардық, театрда жан-жақтан келген үміткерлер кастингке түсіп жатыр, адам көп. Театр қызметкерлері, балам жан-жақтан қаумалап «сіз түсіңіз», «сіз түсіңіз» деп қоймады. Мен болсам, «ой, менің дауысым да, түрім де киноға келмейді» деп шыр-пыр болам. Сосын кергіп тұрған сияқты болмайын деп түстім кастингке. Іс бітіп, ұйымдастырушылар кетті Алматыға. Біраз уақыт өткен соң Махаббат есімді бір қыз хабарласады. «Аға, біз «Шал» фильмін түсірейік деп жатырмыз, соған сізді аттай қалап шақырып тұрмыз. Алматыға келе аласыз ба? Киноға түсуге қалай қарайсыз?», – деді. Аң-таң қалдым, тәуекел, барайын деп шештім. Жан-жақтан фотоға түсірді, «күл» дейді күлем, «қабағыңызды түйіңіз» дейді түйем, түрім қойшыға келсе керек, олар ұнатты мені. Кино режиссері Ермек Тұрсынов қолыма сценарийді ұстатты. Күздің қара суығы, қар жауа бастаған шақ. Киноны түсіру Ұзынағашта басталды. Қыста басталған түсірілім көктем айында жалғасты. Еріген қарды қуалап Үшқоңырдың төбесіне дейін барып түстік. Түсірілім алаңындағы қызық оқиға: Атпен шауып келе жатырмыз, төбемізде тікұшақ түсіріп келе жатқан. Қатты шапқанымыз сонша, аттың аяғы омбы қардың астындағы лайға сүңгіп кетіп жығылып, мен анадай жерге ұшып кеттім. Қасымдағы жолдасым ішек-сілесі қата күліп, «кішкентай көзіңіз үлкейіп кетті ғой» деп әзілдейді. Олар киноға түсіп үйреніп кеткен, ал мен киноға түсіп көрмегенмін ғой. Қасқырларды зообақтан алып келді. Мәскеуден әкелгендері де бар. Қасқырды тым жақыннан көргенім сол екен, темір тордың ішінде тұрса да көзбен арбайтын сияқты. Қасқырларға мас қылатын укол салып қояды екен, сосын бояйды. Көлік ішінде көшіп-қонып жүріп, киноны түсірдік. Бұл менің есімнен кетпейтін жағдай болды.

– «Музарт» тобының репертуарындағы «Жалын кешкен» әнін білмейтін адам жоқ шығар, сірә?! Бірақ ол әннің авторы сіз екеніңізді былайғы жұрт біле бермейді. Бұл ән өмірге қалай келді? Өзге де әндеріңізді кімдер шырқап жүр?
– «Жалын кешкен» әні туралы айтсам, 1993 жылы Ілесбек Сайлаубек деген ақын досым болды. Бұл күнде келместің кемесіне мініп кетті марқұм. Ол «Іңкәр сезім» деген өлеңін көрсетіп: «Осы өлеңге ән жазасың ба?» – деп ұсыныс тастады. Өлең көңілден бірден шықты. Өлең жолдарын оқып отырып, көз алдыма қызғалдақ терген бала кезім оралды. Содан «Жалын кешкен» әні туды. Әнді «Тараз» триосы, «Самға» тобы, Нұрлан Еспанов, Ғаділбек Жанай орындады. «Музарт» әннің атағын тіпті аспандатты. Одан басқа, «Туған жер» деген әнімді Бағдат Сәмединова орындап жүр. «Сүю жазы», «Алданған арман» деген әнімді «Меломен» тобы шырқап жүр. Данияр Сағынбеков «Іздедім сені» деген әнімді, Гүлмира Мамыткерімова «Ауылым – алтын мекенім» деген әнімді орындауда. Вокалдық стильде Мағжан Жұмабаевтың «Бұлбұл» атты өлеңіне де ән жаздым.

– Бүгінгі қоғамның жастарға көңілі толмайтындығы жасырын емес. Университет қабырғасында жастармен жұмыс жасап жүрсіз. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Өскелең ұрпақты ұлттық мұрамыз- ға жақындату үшін қандай жұмыс- тарды қолға алу керек?

– Жастардың бәрін кінәлауға болмайды. Өзім үміт артатын қаракөздер көп. Бес саусақ бірдей емес қой, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүгіретіндер де жоқ емес. Тәрбие – талбесіктен. Алдымен ата-ана баланың бойына ұлттық рухты сіңіріп тәрбиелегені дұрыс. Оларды ұлттық мұраға жақындату үшін баланы ана құрсағында жатқанда тәрбиелеу керек. Қазақтың күйлерін, аңыздарын, дәстүрлі әндерін тыңдаса, бала өз ұлтының тарихына, мәдениетіне жақын болып өседі. Гректерде Гомердің «Илиада» дастанын жатқа білу міндет болып саналады екен. Бізде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» сияқты өзге халықтардан кем емес жырларымыз жетеді. Ол үшін алдыңғы арба дұрыс бағытпен жүру керек. Мысалы, мен балаларыма анасының құрсағында жатқанда ән, күй тыңдаттым. Әрине, шетел музыкасы да болды, бірақ ол әлгіндей даңғаза емес. Нәтижесінде балаларым дүние есігін ашып, өсе келе қылқобыз, домбыра, саксофон қатарлы аспаптарды еркін меңгерген азаматтар болды. Үлкен ұлым халықаралық сыйлықтардың лауреаты, ортаншы ұлым екеуміз 2012 жылы Белоруссияда домбыраны жұптасып ойнауда бірінші орынды жеңіп келдік. Қазақтың домбырасын насихаттадық. Мәскеуде концерт қойдық. Қылқобызшы ұлым «Жез киік», «Шабыт» фестивалінің 32-ші республикалық конкурсының лауреаты.
Баяғыда бабаларымыз балаларына бесік жырын айтып тәрбиелеген ғой. Сол сияқты балаға құрсақта жатқанда төл өнерді, оның ішінде классикалық туындыларды тыңдату керек.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.