Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Министр болып кететін шығар»: ДДСҰ басшысымен құда болған Жүрсін Ерман өзіне қатысты сын-пікірлерге жауап берді

0 113

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Габрейесустың танымал ақын, айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманды мерейтойымен қазақша құттықтағаны желіде қызу талқыға түскен болатын. Анықталғандай ДДСҰ басшысы белгілі мәдениет қайраткерінің құдасы болып шықты. Жұрт “құдаңыздан пандемияның қашан бітетінін сұраңыз” деп желіде шулаған. Осы жағдай туралы айтыс жанашырының өзі пікір білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“Мені ағаш атқа мінгізгендер көп болды. Қазаққа ақыл айтасың, ақсақал болдың. Өзіңнің қызыңның қызын неге шетелдікке тұрмысқа бересің дейді. Кезінде ағылшын тілін үйрену деген үрдіс басталды ғой. Бұл Айдана деген қызым, одан үлкен Айсара деген қыз бар. Екеуі 8-9 сыныпта оқып жүргенде Жаңа Зеландия деген елге жібергенбіз. Сол жақта олар мектепті бітіріп, екеуі де Швейцарияға оқуға түсті. Кішісі Айдана Испанияда бір жыл магистратура оқып, бітірді. Одан кейін Шанхайға барып, бір жыл жұмыс істеді. Одан соң Швейцарияға қайта барып, БҰҰ бөлімшесіне жұмысқа тұрды. Сөйтіп жүріп ДДСҰ басшысы Тедростың үлкен баласымен танысып, кездескен. Тұрмысқа шыққанына үш жыл болды. 70 жылдығыма Тедрос келмекші еді. Бірақ ДДҰ-ның сессиясы болып, келе алмағандықтан маған бейнеқұттықтау жолдаған”, –  дейді ақын.

Сондай-ақ Жүрсін Ерман өзіне қатысты қандай сын-пікірлер айтылатынын, оларға көзқарасы туралы айта кетті.

“Біздің қазақтар қызық қой. Неше түрліні айтып жатыр. Жақында Жүрсін Ерман Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болып кететін шығар деген сияқты сөздер айтты. Одан қалса бәрі “пандемия қашан бітеді сұрап көрсеңізші” деп сұрап жатады. Енді қанша маман болғанмен ол да адам ғой. Біздің мына QazVac деген вакцинамыз шықты емес пе? Соны құдаңа айтып, тіркеп берсеңші деп жатады. Цойдың хабарын күтіп отырмын, министр хабарласса тіркетіп беремін”, – дейді Жүрсін Ерман күліп.

Сондай-ақ айтыс жанашыры айтыс туралы, оның Тәуелсіздікке қосқан үлесін айтты.

“Айтыс өзінің миссиясын әбден орындады. Осы Тәуелсіздікті дайындауға үлес қосқан бірден-бір өтімді өнер осы айтыс болды. Халықтың рухын көтерді. Тәуелсіздікке үндеп, еңсесін тіктеді. Тәуелсіздік алғаннан бері осы басымызда бақытқа қалтқысыз қызмет етіп келе жатырмыз”, – деді ол.

Сонымен қатар Жүрсін Ерман “айтысқа саяси құрал ретінде қарау қаншалықты дұрыс?” деген сұраққа жауап берді.

“Бір қате түсінік бар. Осы қазақ елінде болып жатқан құбылыстардың бәрін айтыс шешуі керек сияқты болып тұрады. Бұл – айтыстың міндеті емес. Айтыс деген ол – өнер. Қоғамның ортасына ой салып, қозғау. Бұрын Кеңес кезінде айтыстардың қорытындысы бойынша облыстық, аудандық партия комитеттері айтыста көтерілген мәселелерді қарап, қаулы мен шешім қабылдайтын. Қазір ондай дәстүр жойылды. Сол қоғамдық ойды қозғай білсек, айтыс міндетін орындады деп ойлаймын. Шындық жоғары жақтағыларға неге жетпейді? Жоғары жақтағылардың көзі соқыр ма, құлағы саңырау ма, осы айтысты көріп отыр ғой. Көрмейтін адам жоқ. Шенеуніктердің өзі айтыстың ортасына келмесе де, үйінде тығылып тыңдайды. 1992 жылы айтыс жоғары жақтағылардың шамына тиіп, 5 жыл жабылып қалған кезі де болған. Қазір цензура жоқ, оны ақындардың өзі де біледі”, – деді мәдениет қайраткері.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.