Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мен әкемді неге сағындым?» немесе Мұртаза тағдыры…

0 312

Шер-аға Жамбыл интернат-пансионатта оқып жүрген оқушы кезінен, яғни 1949 жылдың ақпанынан күнделік жазған. Сол жылдың наурыз айында үзілген жазбаларын 1952 жылы жалғастырып, өмірінің соңына дейін күнделік жүргізген. Ал енді осы жазбаларында әр жылдың желтоқсан айында әкесін еске алып, бала кезде үзілген сазды сағынышының табын жеткізіп отырған.

2012 жылы қаңтар айындағы жазбасының бірінде: «Мен әкемді неге сағындым? 80-ге келгенде әкені сағынады ма екен?..», – деп жазыпты. Неге желтоқсан? Өйткені 1937 жылдың қаһарлы қысында, желтоқсанның аязды түнінде НКВД-ның ұсқынсыз екі сарбазы әкесін ұстап әкеткен еді.
«…Әкейді еміс-еміс білемін. Әсіресе есте қалғаны – мектеп қышын құйып салғаны. Сірә, ол 1937 жыл. Онда мен бесте болатынмын. Жаз. Ауыл. Киіз үйлер тігіп, жайлауға шығады.
Мектеп құрылысындағы әкейге шешеміз менен сусын беріп жіберген. Жолдың екі жағасы биік егін. Сары гүлдер. Сары торғай. Сірә, жаз. Сол жылы жазда Батырхан туды.

Қыста әкейді алып кетті. Түнде. Аязда. Анық білемін. Үнсіз екі НКВД, ұсқынсыз – шұбар кісі.
Әкей содан оралмады. 40-шы жылы өлді деген хабар келді. Шешеміз отызында жесір қалды. Екі ұл, бір қыз бала жетім қалды. Ең үлкені – мен. Соғыстың алғашқы екі жылына төтеп бердік. 43-ші жылдың қысынан әрең шықтық. Көктемде қатты ашықтық. Суық күзде (44 жылы) шешейдің нағашысы Сали атай есек арбамен Жамбыл қаласының түбіндегі Бектөбе деген жерге көшіріп әкетті. Арада бір қонып жеттік. «Күйік» асуының аузында түнедік…», – деп жазады Шер-аға бір естелігінде. Шерхан ағаның әпкесі Ұяткүл: «Мұртазаның өлімін естірткенде мен Айтан екеуміз бұлақтан мұздай су тасып, айранға қосып, шалап жасап, қайта-қайта Айшаға ішкіземіз. Іші күйіп кетпесін деп. Сонда Айшаның айтқан жоқтауына тебіренген, жылаған оған «қой, қоя ғой» деп айта алмаған. Әсері соншалық, тіпті Тасхожа бастық көк айғырдан түсіп, солқылдап жылаған», – деп еске алады.
Мұның алдындағы нәубеттен Мұртазаны інісі Бауыржан Момышұлы қорғап қалған болатын. Алайда 37-нің «қырғынына» қамыт сала алмады.
Мұртаза қандай кісі еді? Шер-ағаның жиен әпкесі Ұяткүл әпкенің айтуынша, Мұртаза сұлу кісі болған екен. «Сенің маңдай, қасың тартқан, басқасы – Айша», – дейтін еді әпкесі Шерханды көрген сайын. Ал батыр Бауыржан Момышұлы ағасы Мұртаза хақында: «Шіркін, Мұртаза аға жігіттің төресі еді ғой. Артық сөзі жоқ. Қияқтай мұрты сұлу тартылған. Өзі атбегі болатын. «Аттың жайын сұрасаң, Мұртазадан сұра» дейтін үлкендер», – деп Шерхан інісіне талай сыр айтатын.
Талаптыда Шерхан өмірге келген үй – қара шаңырақ, Мұртазаның қара қазық қаққан ордасы екен. Бірде Мәді Омар Айшаға: «Жеңеше, қатты сөз айтсам, қайырлы бол. Кешір. Олай-былай күн келсе, ескерткіш болсын. Жаңа қоныс көтеріп жатыр екенсің. Мына шыбықты шанши салайын. Есіңе ала жүр».
– Не болды, жазған-ау?
– Түсімде ағаларымды, Мұртазаны көрдім. «Біз осы маңда қой бағып жүрміз» деді де, Мұртаза үстіме қара шекпен жаба салды, – дейді.
Шер-аға бір естелігінде осы оқиғаны еске ала отырып: «Мәді Омар өткелі он шақты жыл. Әлгі шыбық дәу қара ағаш болған. Құдды Мәді Омардың өзі сияқты», – дейді.
Өмір бойы Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың өмір тарихын, жүрген жолын, қайраткерлігінің шыңын паш ету жолында Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында күн, ай, жылдарын өткізген Шер-ағаның ойында Сібірге жер аударылған әкесі Мұртаза хақында тым болмаса бір дерек кездесер деген үміт басым еді.
Бірде інісі Батырхан ағасы Шерханға: «Өтелген парыз» деген әңгіме жазып, шығара алмадым. Жазуым келіспеді. Сен жаз», – дейді. Сөйтсе, баяғыда Айша Мұртазаның Қиыр Шығыста қайтыс болғанын түлкібастық Жайлау дегеннен естіп, «шын киімін» беріпті. Қаза болған кісінің киімін тірілерге үлестіретін рәсім бар. Өзі, үш баласы аш-жалаңаш жүріп Айша итжеккенде қайтыс болған күйеуінің «шын киімін» жалғыз ешкісін сатып, соның ақшасына мата алып, өзі шапан, көйлек, бешпент, шалбар тігіп, Жайлауға кигізген дейді. Айша – Пәруана!
Анасы туралы «Ай мен Айша» повесін жазған Шер-аға әкесі Мұртаза жайында жазу үшін үлкен дайындықта жүрген еді. Күнделіктеріндегі жазбаларының ішінде кей эпизодтар әке тағдырының, тайталас күндерінің, ішкі мұң-мұқтажының сырын білдіріп тұрды. Жоғарыда айтып кеткендей, Мұртаза төңірекке белгілі атбегі болған. Жылқы таныған адам. «Жаным – арымның садақасы, малым – жанымның садақасы» деген қазақ емеспін бе? Мұртазаның да жауы көп болған. Мұртаза мінген Қозы-Күреңнің тағдыры – сол кездегі қазақ қоғамының тағдыры еді. Шер-ағаның мына жазбасына көңіл аударайықшы.
«Қайран, Қозы-Күрең.
Қозы-Күрең баяғы Бердімбет байдың «Бай бәйбіше» атанған ұлы Күнікей Анадан қалған зор дәулеттің соңғы сарқыншағы еді.
Бір кездегі қора-қора қойдан, табын-табын сиырдан, келе-келе түйеден, үйір-үйір жылқыдан қалған соңғы тамшы. «Соңғы тамшы» болса да, мың жылқылық құны бар ерен жүйрік жануар.
Совет деген өкімет келді де ірі байларды кәмпескелеп, малдың бәрін сыпырып-сиырып, бірен-саран тұяқ пен мүйізді ғана қалдырды. Қозы-Күреңнің иесі Мұртаза бай-құлақтың баласы ретінде абақтыға да отырып шығып, сол кездегі жаңадан жарқырап, жалындап шыққан жас жеткіншек Бауыржан Момышұлының арқасында ұзаққа сотталып кетуден әупіріммен аман қалып жүрген.
Бұл, сірә, «НЭП» деген кезең болса керек. НЭП дегеніңіз – «Новая экономическая политика». Лениннің тірі кезі. Адамдар сәл-сәл кеңірек тыныс алып, бірақ уақыт таза ауа жұтқан кез.
Борандының базары. Сол жердің «рестораны» – Жылқыбектің бозаханасы. Біздің Мұртаза, Сапа, Бейшен сияқтылар сол бозаның қызығында. Аттары сыртта қаңтарулы. Боза деген де бір желігі бар ас. Әрі арақ, әрі тамақ ретінде жүретін жындыға жақын нәрсе.
Қозы-Күрең қатты кісінеп, шыңғырғандай көрінген. Бозаның уытынан масаң болған Мұртаза әлдебір түйсік түрткісімен сыртқа шығып, атына, айтулы тұлпарына жақындай берсе… о, сұмдық! Оң көзінен қан саулап тұр. Оң көзін ойып әкетіпті. Шыңғырғаны-ай сонда.
Баяғы Абыл мен Қабылдан қалған күншілдік. Ит қызғаныш. Содан бері Қозы-Күрең енді «Соқыр-Күрең» аталатын болған.
Ақыры Мұртазаны «халық жауы» ретінде Шығыс Сібірге, Зея орманына айдатып жіберіп, түбіне жетті.
Дүние кімге опа берген, бәрі де өткінші.
Бір кем дүние».
Иә, Мұртазаның тағдыры – ұлы Шерханның кей әңгімелерінде осылай қысқаша баяндалып келді. Бірақ қысқаша баяндалғанымен, баласының сағынышы қартайғанша сарғаймады. Үдейе түсті ме дерсің. Әйтпесе неге сексендегі қария әкесін сағынады?
«Болса аман-сау – алтыннан соққан қорғаның! (Бес жаста қалған баладан). О-о-оу, бала кезді сағындым.
«Бақыт деген – сенің бала күндерің» деп жырлайды. Бекер. Менің бала күндерім 5 жасқа дейін. 5 жаста әкемді айдап кетті (1937 жыл, желтоқсан). Бақытсыздық содан басталды», – дейді өзегі өртенген Шер-аға!

Ерман ӘБДИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.