Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

0 169

Маусым айының үшінші жексенбісі – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Елімізде жыл сайын атап өтілетін бұл атаулы датаны жамбылдықтар ұмыт қалдырған жоқ.

Арайлым ШАБДЕНОВА
Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Осыған орай, мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, мерейлі мерекемен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жиылған көпшілікті құттықтады. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер де марапатқа ие болды.
– Барлық қоғамда мемлекеттік саясатты іске асыратын, реформалар жүргізу міндеттерін шешуде аса маңызды рөл атқаратын қызмет түрі мемлекеттік қызмет болып табылады. Жоғары деңгейдегі сапалы мемлекеттік қызмет – әр елдің басты жетістігі. Дамыған мемлекет тиімді мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Ал мемлекеттік қызметкер – биліктің бейнесін, мемлекеттің халыққа қамқорлығын жеткізетін адам. Сондықтан осы бағытты таңдаған адамға үлкен бағыт пен міндет қойылып отыр. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы. Мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік қызметші билік пен қоғам арасын жалғастырып отырған алтын көпір десек артық айтпаймыз. Облыста бүгінгі таңда 460-қа жуық мемлекеттік органда 5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Бұл көрсеткіш жыл санап артуда. Барлықтарыңызды шын жүректен төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы.
Салтанатты жиында облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын бірқатар сала үздіктеріне Бекболат Орынбеков салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев сөз алып, әріптестерін төл мерекемен құттықтап, бірқатар мемлекеттік қызметкерлерді марапаттады. Олардың ішінде Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова, облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Саламат Айтжанов, Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Әблешов, Тараз қаласы әкімі аппаратының бас маманы Аманғали Мейірхан, Жамбыл облысы бойынша Статистика департаментінің бас маманы Қарлығаш Байшолтекова бар. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.