Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, мемлекеттен қайта-қайта қаржы сұрайтын ұлттық компанияларды жабуды талап етті, деп жазды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Берік Дүйсенбинов квазимемлекеттік кәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұратынын атап айтты.
«Бірақ сол қаржының жұмсалуы, яғни, кеңселер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустар қалай бөлінеді – мұның барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ. Дәл осы жерде жүйелі бұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда. Сондай-ақ, олар мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. «Самұрық-Қазына» былай тұрсын, «Бәйтерек» қоры және министрліктер мен әкімшіліктердің маңайына үймелеген «СК-Фармация» қоры, «Парасат» холдингі, «СПК» сияқты қаптаған РМК, АҚ және ЖШС-лерден аяқ алып жүру мүмкін емес», – деді депутат.
Сонымен қатар Берік Дүйсенбинов бұл ұлттық компаниялардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейтінін алға тартты.