Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекет тұрғын үйді жалдау ақысының 50%-ын төлейді: Бағдарламаға қашан өтінім беруге болады?

0 145

Қазақстанда жалға алу ақысын субсидиялауға өтініштер осы жылдың 5 сәуірінен бастап қабылданады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 мамырда жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасы іске қосылады.

Өтінім қабылдауға арналған цифрлық платформаның тестілік нұсқасы 15 наурыздан бастап пилоттық режимде іске қосылмақ.

«Өтінімдерді 5 сәуірден бастап қабылдауды жоспарлап отырмыз», – деді Өскенбаев үкімет отырысында.

Азаматтар платформада өтінімді Электондық цифрлық қолтаңба арқылы береді. Өтінім берушінің бағдарлама шарттарына сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі. Деректерді тексеру мемлекеттік органдардың деректер базасымен интеграциялау жолымен жүзеге асырылады.

Айта кетсек, 2022 жылы мамырда пәтер жалдау төлемін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады. Бағдарлама халықтың тұрмысы төмен топтарына арналған. Оған мүгедектер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар қатыспақ.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерде тұратын азаматтар бағдарламаға ілікпейді.

Субсидиялауға өтініш беру үшін отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт.

Мемлекет тұрғын үйді жалға алу ақысының 50%-ін бюджет ақшасы есебінен өтейді, қалған жартысын отбасы өз қалтасынан төлейді. Алайда мемлекет төлейтін қаржының ішіне коммуналдық төлем кірмейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.