Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары

0 112

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел өміріндегі маңызды оқиға болды. Тараз қаласының ардагерлері де Жолдауды зор ықыласпен тыңдады.

Құнды құжаттың басты өзегі – осы. Жолдаудың аз жылдың бедерінде жүзеге асуы тиіс бес бағдары: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекет басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп үстемдігі – Жаңа Қазақстанды құру үшін жасалған жалпыұлттық референдумнан кейін іске асқан батыл реформалардың сабақты жалғасы деп білеміз. Сондай-ақ мұнда халық игілігі үшін игерілмеген иесі көп иен жердің, сұрауы көп судың, экономикамыздың күретамыры – жолдың да жайы назардан тыс қалмады. Түйткілді мәселелердің де түйіні тарқатылды. Ұлттық байлықты тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден бастап, отбасы өмірі, денсаулық сақтау, білім беру, зейнетақы жүйесі мен зейнет жасы, жер қойнауын игеру, агроөнеркәсіп сынды негізгі салалар түгелдей дерлік қамтылды. Бұқараны қуантқан басты жаңалық – еңбекақыны нарықтық жағдайға сай өсіру, Ұлттық қордың табысынан 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына ақша аудару, білім алуға берілетін жеңілдетілген несие және бір жыл ішінде жүз мың жасты жұмысқа орналастыру болды. Әрине, ең бірінші кезекте ел бірлігі мен ұлт тұтастығына баса мән берілді. Себебі бұл екеуі – ұлттың байлығы, қоғамның қазынасы.

Әлемдік ахуал ушығып тұрған кезеңде Президенттің күзде кезектен тыс Президенттік, ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламенттік сайлау өткізу туралы шешімі де өте құптарлық. Бұл жөнінде Президент: «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан өкілеттілігім қысқарғанына қарамастан, мен кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға дайынмын», – деді. Бұл – біздің пайымдауымызша, демократияның даңғыл жолына жасалған үлкен қадам.

Қорыта айтқанда, осы Жолдаудың аясында халықтың көкейінде жүрген барлық өзгерістер толығымен жүзеге асыратынына сенім мол. Енді әділетті кезеңнің жаңа парағы ашылған осынау сәтте барлығымыз, әсіресе ардагерлер қауымы сергектік пен жауапкершілік таныта білуіміз керек.

Алдаберді МАҚАШЕВ, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.