Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі бағыттарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі төменгі Палатаның атқарып жатқан жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Президентке берілген ақпаратқа сәйкес, екінші сессия басталғалы бері Мәжіліс депутаттарының қарауына 96 заң жобасы түскен және оның 53-і мақұлданып, Сенатқа жолданған.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Парламенттің төменгі палатасы жұмысының жаңа форматтары туралы айтты. Депутаттар енді өз жұмыстарында ашықтықты арттыруға, парламенттік мәдениетті нығайтуға және халықпен арадағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән береді. Қоғамдағы өте маңызды мәселелер бойынша парламенттік тыңдалымдар мен басқа да іс-шаралар жиі өткізіледі.
Парламенттің төменгі палатасында азаматтардың өтініштері мен талап-тілектеріне, соның ішінде депутаттардың өңірлерге сапары барысында көтерілген мәселелерге қатысты жұмыстың жаңа тетіктері енгізіледі. Мәжіліс депутаттары жергілікті жерлерде сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізеді.