Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мектепке кіруге қорқамыз»: Қызылорда облысында мұғалімдер дабыл қақты

0 318

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары дабыл қағуда. Айтуларынша, ғимараттың қабырғасы күннен-күнге қақырап, іргетасы сөгіліп барады деп хабарлады turkystan.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап. 

Былтыр мамандар нысанды апатты деп таныған. Бірақ жауаптылар білім ордасының құрылысын бастауға асықпай отыр. Ауылдағы жалғыз білім ордасының салынғанына 40 жылға жуықтаған.

Мұғалімдердің айтуынша, әу баста ғимарат құрылысында шикілік көп болыпты. 90-жылдан бастап қабырғаға сызат түсе бастаған. Оны құрсаулап, осы уақытқа дейін жыртығын жамап-жасқап келген. Алайда былтырдан бері жөндеуге де жарамай қалыпты.

«Осы тұрғанда құлаудың алдында тұр. Балалардың өзінде үрей бар. Мына бетон қозғалып тұрған сияқты деп айтады. Ата-аналарда да үрей бар», – дейді №94 орта мектептің мұғалімі Ахмедия Төлешов.

Мұғалімдердің айтуынша, мектеп жертөлесі жылда суға толады. Оны арнайы мотормен айдап, әлекке түсіп жүр. Содан болса керек, нысанның іргетасы мүжіліп, қабырғалары сөгіліп тұр.

Мектеп директорының айтуынша, мамандар былтыр шілдеде ғимараттың апатты екендігі туралы қорытынды шығарған. Ал 4-тоқсанда  оның бір бөлігін жауып, адамдардың кіріп-шығуына тыйым салыпты.  Мектеп басшысы «осы мәселемен 8 жылдан бері жүгіріп жүрмін» дейді. Бірақ, мұнда оқу балалардың өміріне  қауіпті деп санамайды.

«Маман емеспін ғой. Бірақ қауіпті деп айта алмаймын. Себебі, қауіпті жағын көріп тұрған жоқпын. Жардан, басқа жағынан өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Жөндеу жұмыстары осы жаздан басталса, келесі жылға дейін аяқталуы да мүмкін. Оған енді толық жауап бере алмаймын», – дейді №94 орта мектептің директоры Алик Тілеуімбетов.

Жаңа мектептің  құрылысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. Оның сметалық құжаттары да дайын емес дейді білім ордасының басшысы. Сондықтан ауылдың 300 баласы апатты ғимаратта ұзақ оқитын түрі бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.