Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мейірім» жобасының мейірімін қанша бала сезіне алды?

0 187

«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді дана қазақ. Иә, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Өзгені өзекке теппей, бауырға басып, барымызбен бөліскен халықпыз. Осынау қасиетіміз бабадан балаға жеткен мәңгілік мұраға да айналды. Игіліктің игі жалғасы ретінде Жамбыл жерінде екі жыл бұрын «Мейірім» жобасы жанданып, жетімдерді облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған азаматтар қанатының астына алған еді. Алайда аймақ басшысы ауысқаннан кейін аталған жоба жүрісінен жаңылған жоқ па? Бүгінде қанша баланың есепшотына қаржы аударылып, тәлімгерлер жауапкершілігіне алған міндетті орындап жүр ме?

Жоба жанданған жылы ата-ана қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 133 жасөспірімге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 88 мекеме және демеушілермен түсіндірме жұмыстары жүргізген. Нәтижесінде «Отбасы банкінде» арнайы есепшот ашылып, 205 балаға әлеуметтік келісімшарт жасалған. Ал облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Машбекұлы Альбина Қадырова есімді қызды қамқорлығына алып, банктегі есепшотына 1 миллион теңге аударған болатын. Қазіргі таңда осы қаракөзіміздің жағдайы қандай? Шотына құйылған қаржысын қашан ала алады? Сондай-ақ Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жатқан өзге балалар «Мейірім» жобасының мейірімін сезіне алды ма?

– Альбина қазір Тараз қаласындағы №46 мектепте 8-сыныпта оқып жатыр. Банктегі қаржысын кәмелет жасқа толғанда ала алады. Қыздың жағдайы жақсы. Озат оқушылардың бірі. Одан бөлек, облыс әкімі болмай тұрған кезінде Нұржан Нұржігітов те Кан-кан Елона есімді қызды қамқорлығына алған болатын. Ол кісі де қолдан келген көмегін аямауда.
Жалпы біздің орталықта 75 бала тәрбиеленіп жатса, соның 49-ына тәлімгер бекітілген. Биыл аудан әкімдері қалған балаларды қамқорлығына алатындығы айтылған. Бұйыртса, барлық бала «Мейірім» жобасының шарапатын көреді деген үміттеміз, – дейді Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Дүкембайқызы.
Орталық басшысының айтуынша, балалар мен тәлімгерлердің жүздесуі жиі ұйымдастырылып тұрады екен. Алайда тәлімгерлердің сөзіне сүйенсек, есепшотына қаржы аударғаннан кейін балаларды бірде-бір рет көрмегендері де бар.
– Сол тұста менің жауапкершілігіме екі бала берілген болатын. Екеуінің де тиісті қаржысын аударып бердім. Алайда одан кейін балаларды көрмедім. Бір жағынан, жұмысбасты болғаннан кейін оған да уақыт табыла бермейді. Бірақ басқосулар болып жатса, қалмауға тырысамыз. Ал жоба 2020 жылдан кейін жалғасты ма, жоқ па, ол жағын білмеймін, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков те жоба жанданған жылы тиісті қаржысын аударыпты. Алайда одан кейін жауапкершілігіне берілген баланы көрмепті.
Осы тұста жоба аясында өңір бойынша нақты қанша балаға қаржы аударылғанын білмек мақсатта облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарластық. «Облыста 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылуда. Өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мекемедегі 137 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 96 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген болатын.
Тізім бойынша «Отбасы банкінде» 137 баланың барлығына арнайы есепшоттар ашылды. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандардағы отбасылық тәрбиеде жүрген 1194 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 1012 демеушімен жұмыстар жүргізілді.
Бүгінгі күні «Мейірім» жобасы аясында 1331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардан 48 миллион 500 мың теңгеден астам қаражат аударылды. Жиналған ақшаны бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана өмірлік қажеттілігіне жұмсай алады», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Мамандардың сөзіне сенсек, жоба бір күнге де тоқтамаған көрінеді. Бұл, әрине, жанға жылу береді. Алайда биылғы жылдың аударымы туралы толық ақпарат жоқ. Тек Любовь Тимофеева есімді жасөспірімнің есепшотына 80 мың теңге құйылғанын білдік. Ал Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Дүкембайқызы ағымдағы жылы аудан әкімдері бір-бір баланы жауапкершілігіне алу қажет болғанын айтып отыр.
Әрине, жоба ешкімді қаржы аударуға міндеттемейді. Алайда орталықта тәрбиеленіп жатқан бір бала «Мейірімнің» шарапатын көріп жатқанда, екіншісі елеусіз қалмаса екен дейміз. Өйткені бұл бала психологиясына теріс әсет етуі мүмкін. Сондықтан әкім ауысса да, жобаға тәлімгерлер жауапкершілікпен қараса екен. Сондай-ақ тек қаржы аударуды ғана мақсат тұтпай, жомарт жандар балаларға жақын болса деген тілегіміз бар. Өйткені өмірлік қиын жағдайдағы балаларға ең бірінші аялы алақанның жылуы қажет.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.