Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айының артықшылығы мен кереметтері туралы Ислам дінінде жан-жақты айтылған. Өздерін мұсылман санайтын пенделер Алланың разылығы үшін ораза ұстап, құлшылық ғибадаттарын шынайы ниеттерімен жасап, мұсылмандық парыздарын өтеуде. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ораза – Аллаға құлшылық жасаудың есігі», – деген. Демек, ораза ғибадаттың есігі болып табылатындығы анық.
Ораза, шын мәнінде, пенденің Аллаға деген сезімін оятатын, Алланың ризалығына бөлейтін, пендені тамақ жемейтін және шөліркемейтін періште мәртебесіне көтеретін, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа жеткізетін ғибадат екендігін, оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық екендігін әрбір мұсылман баласы білулері тиіс. Иә, адам баласы бұл жалған өмірге сауап пен күнәні жию үшін келеді екен. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала сендердің қайсысыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» («Мүлік» сүресі, 2-аят), – делінген.
Біздер бүгінгі күні ізгі істер жасап, сауап жинап жүрміз бе? Мал мен байлықтың буы пенделерді қабірге кіргенге дейін көзбояп алдап жүрген жоқ па? Құлшылыққа бет бұрып, Аллаға қаншалықты жақындап жүрміз?
Біздің бала кезімізде анамыз Әсел шілденің шіліңгір ыстығында ораза ұстағаны есімде. Аптап ыстық, күн ұзақ. Уақыт баяу өтуде. Ойын баласы болғандықтан, ештеңенің байыбына бара бермейтін едік. Бірақ менде аяушылық сезімі оянып, анама қатты жаным ашитын. «Апам-ау, қиналдыңыз ғой, ауыз бекітпей-ақ қойсаңыз қайтеді», – дейтінмін. «Балам-ау, Алла Тағала күш-қуат береді», – дейтін анашым жай ғана маңдайымнан сипап. Әулиеата өңіріне белгілі Ысқақ молданың қызы болғандықтан ба, асыл дініміздің шапағатымен, Алланың рақымымен ортамызда жүрегі нұрланып, жүзі жарқырап жүретін. Тоқсанға келгенше бес уақыт намазы мен отыз күн оразасын қаза қылмай өткеніне айрықша тәнтімін. Сол кездегі құдайсыздардың қысымына, күннің ұзақтығына, кәрілігіне қарамастан, қысы-жазы оразасын үзбеген анам секілді ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қариялардың иманы мен шыдамдылығы не деген мықты болған десеңізші! Шын мәнінде, ақ періштеге айналған Алланың ең адал құлдары болып, жүрегімде асыл бейнелері мәңгілік сақталып қалғандығы шындық. Біздер енді ғана оразаның парқын түсініп, оның қасиетін сезініп, мұсылмандық парызға адалдық танытып жатқан жайымыз бар. Көненің білгірлері мен емшілері дәрі ішкенше екі-үш күн ашыққанды жөн көргендерін енді біліп жатқандаймыз. Шын мәнінде, анамыз науқастанып қалғанда берген дәріден бас тартатын. Дәрігердің жәрдемін емес, Алланың жәрдемін қалайтын. Қасиетті Құранымыздың «Фатиха» сүресін қайта-қайта күбірлеп қайталап, өзіне-өзі дем салатын. Содан сауығып кететін.
Құранның оразаны парыз еткен аяты: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалы болуларың үшін ораза парыз етілді», – деп басталады. Тақуалық – жаманнан жирендіріп, көркем мінездерге бейімдейтін, жақсылыққа жетелейтін қасиетті күш. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Тақуалық қайда?» деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Сондағысы, көкірегі ояу адамдарды тақуалы адамдар дегенді меңзегені ғой. Ораза тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі екендігі сөзсіз.
Анамыздың туған әпкесі Гүлжамал апай өте тақуалы адам болатын. Елі мен жерінің, барша ағайын-туыс- тың, өзінен тараған ұрпағының амандығын ойлап, бір Аллаға сиынып, имандылықты ту етіп, тура жолдан айнымаған ай дидарлы ақ әжеміз жарық дүниенің жақсылығын жалау етіп, ешкімге бұйыра бермейтін алтын ғасырын өткізді. 107 жыл ғұмыр кешкен асыл әжеміз тұла бойына кір жуытпай, Алла сыйлаған асқақ ойымен, нұрлы жүрегімен жұртына жақты. Көпбалалы ана ретінде алтыннан алқа тақты. Ең бастысы, Алланың абыройына бөленді. Алла жолын таңдап, Алланың амалдарын жүрегінде жаттап өскен Гүлжамал әжеміз ғұмыр бойы бес уақыт намазын оқып, отыз күн оразасын ұстап өтті. Аузынан Алласын тас- таған емес, «бисмилләсіз» сөзін бастаған емес. Араб әріптерін, Құран сүрелерін мүдірмей жатқа айтатын. Ұлы Жаратқан Ием ол кісіні әуел бастан аса мейірімді етіп жаратқан секілді. «Осы өмірімде шыбынды да өлтірмедім» дейтіні сондықтан. Ұзақ жасаудың құпиясы осы мейірімділікке байланысты шығар деген ойға жүгінесің.
Тақуалы адам мейірімді адам екендігіне иланасың. Ертеректе болған оқиға деседі. Бір тақуа кісі алыс сапарларға жаяу шығып, жаяу қайтады екен. Достары мен жақындары: «Неге ат мініп шықпайсыз, шаршап-шалдығасыз ғой», – деп жанашыр- лық танытыпты. «Ат мініп шықсам, жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқаларды аттың табанымен таптап кетемін ғой. Жаяу жүрсем, табанымның астын көремін, Құдайдың жаратқан жәндіктерін баспаймын ғой», – деп жауап қайтарыпты әлгі тақуа адам. Міне, тақуа адамның мейірімді болатындығын осыдан-ақ білуге болатын шығар.
Біздің ауылда Оңлабай есімді қария ғұмыр кешті. Өте тақуалы кісілердің санатында болды. Шіркін-ай десеңізші, бас қосқан жиындарда, ас берілген дастарқан басында даналығымен аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Қысқа сөйлеп, қысқа қайыратын. Елді жалықтырмайтын жағымды әңгімесіне талай сүйсінген едік. Байсалды, салиқалы қалпынан танбаған дара болмысымен жұрт жүрегінен орын алған еді. Ал діндарлығында шек жоқ еді. Құдайға деген құлшылығы, Аллаға деген махаббаты алабөтен, дүниеге қызықпаған, шағын қараша үйін паналаған, бірақ жүрегі үлкен, кең пейілді жақсылардың шоғырында болатын.
Сол Оңлабай атам Тараздың іргесіндегі №6 кеңшардан (қазіргі Жамбыл ауданындағы Түркісіб ауылы) облыс орталығындағы «Әулие- ата» мешітіне жұма сайын жаяу қатынайтын. Жұма намазынан соң үйіне жаяу аяңдайтын. Ұзын бойлы, кең иықты, кесек бітімді, қолында асатаяғы бар қайратты қарияны көзіммен ұзатып салатынмын. Қайтатын мезгілінде далада мал бағып, доп ойнаған біздер оны қарсы алып, қызығып әрі таңданып қарайтынбыз. Күндердің күнінде оған жаным ашып әрі балалық құштарлығым оянып, атама қарата: «Көлікке неге мінбейсіз? Шаршайсыз ғой, ата», – дедім. «Жоқ, шаршамаймын. Құдайдың берген денсаулығы бар. Оны қайтемін, ана дүниеге әкетем бе?», – деп қасқайып қарап тұр маған. «Мүмкін ақшаңыз жоқ шығар?», – деп екінші сұрағымды қойып үлгердім. «Қаражатсыз емеспін, ақшам жетеді», – деп шүберекке орап түйілген тиын-тебенін көрсетті.
Міне, тақуа адамның кес- кін-келбеті мен көркем мінезін осы кісіден көріп, жүрегімде жарқын бейнесі осы күнге дейін жатталып қалды. Тақуа адамды Құдайы қолдап, ұзақ ғұмыр сыйласа керек. Оңлабай ақсақал тоқсанға жақындап, жақсылықтың шамын жағып, Алланың нұрымен о дүниеге аттанды.
Тақуалыққа жеткен кісілер ауылымызда аз болған жоқ. Нұрман қарияны ( шын аты – Нұрмағанбет) солардың қатарына жатқызуға болады. Әкесі Ысқақ мешіт ұстап, балаларға дәріс берген, ұлағаты мол, діндар кісі болған деседі. Нұрекең де әкесінің жолымен жүріп, адалдық пен ізгіліктің ізін тастап, бұл дүниенің байлығына қызыққан емес. Қартайғанша қара жұмыстың қайнаған ортасынан табылды. Белі бүгілместен, қары талмастан, сағы сынбастан тер төкті. Ол қандай еңбек дейсіз ғой? Жұмысы күндіз-түні бір тынбайтын теміржол бойында жүк көтеріп, жүк түсіретін қара жұмысшы болғанын көзіміз көрді. Вагондарға жүк тиеп, жүк түсіруден асқан қиямет бар ма? Зейнетке жеткенше бар ғұмырын Жамбыл стансасында өткізді. Осындай жұмысқа ердің ері ғана шыдайтын шығар.
Ол кезде кішкентай бала болсақ та, қарияның жылдың барлық мезгілінде жолсыз ашық даламен теміржолға төтелеп тартқанын көретін едік. Көрген сайын «Мұнысы қалай?» деген сауалдар маза бермейтін. «Қарағым, бойымда күш-қуатым бар. Оны жұмсамағанда не істеймін?», – деп жауап бергені бар.
Жұмысқа үйден ас-ауқатын апарады. Асханадан тамақ ішпейді. Аш қалса да, оған бас сұқпайды. Қайтарында отын арқалап қайтады. Күндегі әдеті – осы. Жалықпайды, шаршамайды. Дұрысы, шаршауды білмейді. Жұмысында жүріп, бес уақыт намазын қаза қылған емес. Отыз күн оразасын ұстап жүрді. Ол кезде еңбек демалысын алатыны бар. Коммунистік партия үстемдік құрған сол бір заманда Нұрекең дін жолынан айнымады. Ешкім тайдыра алмады. Қымсынып, жасқанбады. Аузынан Алласын тастамай, еңбегін еселеп, қара нардың жүгін көтерді. Жұмыстан қалуды не кешігуді білмейтін, ауру-сырқаудан аулақ мұндай адалынан жаратылған адамның құрметке бөленбеуі мүмкін бе? Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Міне, Рамазан айының үшінші онкүндігіне де келіп жеттік. Қасиетті айдың құрметі үшін бірін-бірі кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеліп, жүректері нұрланып, жандары шуақтана түскендері анық. Қымбатшылық секілді қиындықтарға байланысты жақын туыстар өз отбасыларында шағын топпен бас қосып, ыстық ықыласпен ауыз ашқандары, дұға-тілектерін айтып, бір-біріне ізет білдіріп жатқандары кәміл. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттырып, дастарқандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтырғандай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлайтындығын айта кеткен ләзім. Жәннат есіктері ашылатын бұл айда Алланың сүйікті құлдары жақсылық жасаумен жарысқа түсіп, қайырымдылық пен мейірімділіктің үлгісін көрсетері, жүректері нұрланған шуақты шақтарын өткізері хақ.
Алла Тағала ораза ұстаған пенделерінің күнә-кемшіліктерін кешіреді, оразада тілеген дұға-тілектерін кері қайтармайды. «Қиямет күнінде жұмаққа ораза тұтқандар ғана кіреді, басқа ешбір адам кіре алмайды», – делінеді хадисте. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткендер ең алдымен адамзатқа қауіп төндіріп отырған түрлі індеттің, түрлі жанжалдың жер бетінен жойылуын, Қазақ елінің қасіреттен аман болып, өркендей беруін бір Алладан тілеп, жалбарынатындығы анық. Иншалла, Рамазан айында тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болғай!
Мақұлбек Малдарбеков,
ардагер журналист