Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мейірім» мейіріміне бөлеген Альбина

0 361

Түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянар анасы, арқа сүйер асқар тауы жоқ балғындардың келешегіне қарайлап, қамқорлық таныту – адами парыз. Сүйенері қалмаған қара баланың қамын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ойлап, маңдайынан күн сүйген балбөбектің ертеңі еңселі болуы үшін «Мейірім» жобасына жан бітірді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдауды мақсат еткен жарқын жоба аясында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы балалар үйінің тәрбиеленушісі Альбина Қадырованы қамқорлығына алып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің есепшотына баспана алу үшін 1 миллион теңгенің сертификатын табыстағаны ел есінде.

2015 жылдан бастап Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында тәрбие алып жатқан Альбина жайлы тәрбиешісі Жанерке Шохаевамен әңгіме өрбіттік.
– Кішкентай Альбина алғаш келгенде өзінің зеректігімен, ашық-жарқын мінезімен ерекшеленді. Кез келген ортада тез тіл табысып, өзін еркін ұстай біледі. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен атқарады. Орталығымызда балалардың дамуына арналған үйірмелерде көзге түсіп жүр. Облысымызда «Мейірім» жобасы бастамасымен балаларға көрсетіліп отырған қамқорлықты орталықтағы балалармен қатар, Альбина да қуанышты сезіммен қабыл алды. Мемлекет тарапынан және қамқорлық танытып, қол ұшын созатын арқа сүйер үлкендердің арқасында балалар армандарына нық қадам басып келеді, – дейді тәрбиеші.
Балалар үйін мекен етіп жүрген 14 жасар Альбинаның өзімен де тілдесудің сәті түсті. Ол өз өміріндегі ең жарқын сәттер отбасымен бірге өткізген күндер екенін мұңайып еске алды. Әсіресе анасының мейірімді жүзі жиі елес береді екен. Өзегін кернеген өкінішін үнсіз жұтып, балалық шағының ең шуақты күндері – отбасымен бірге тойлаған туған күнін сағынатынын, анасы дүниеден өткеннен кейін өмірі күрт өзгергенін айтып егілді. Жаңа ортаға үйрену 8 жасар бүлдіршінге оңай тимегені анық. Ол айдың сәулесі мен күннің жылуынан да анасының мейірбан жүзін елестетіп, әне-міне келіп қалардай әлі күнге үмітін сөндіре алмайды. Бірақ қолдау білдірген қамқор үлкендердің арқасында болашағының жарқын болатынына сенеді.
– Бұл мейірімді мекен мені жылы жүзбен қарсы алды. Тәрбиеші аналарымның қолдауы мен жылы лебіздерінің арқасында мен бұл орталыққа тез бейімделдім. Жақсы білім мен тәрбие алудамын. Орталықта барлық тәрбиеленушілердің дамуына арналған үйірмелер жұмыс жасайды. Мысалы, «Балауса» би үйірмесіне қатысқанды жақсы көремін. Халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері атандым. 2019 жылы Тараз қаласында өткен «Мисс Тараз» байқауына қатысып, «FABUS Ханшайымы» номинациясын иелендім. 2020 жылы Бурятия Рес- публикасында онлайн форматта ұйымдастырылған халықаралық би байқауында бағымды сынап, екінші орынды иелендім. Армандарымның орындалатынына сеніммен қараймын. Мені қолдаған тәлімгерім облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысым шексіз. Болашақта маған сенім артып отырған мемлекетімізге «Сенімдеріңізді ақтап, еліміздің дамуына өз үлесімді қосамын» деп сөз беремін. Бұл жоба аясында мен ғана емес, ерекше мейірімді қажет ететін барлық баланың арманы орындалады деп ойлаймын, – дейді Альбина.
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова да «Мейірім» жобасы жанданғанына ризалығын білдірді.
– Бұл жобаға орталығымыздың 56 тәрбиеленушісі еніп, Альбина Қадырова облыс әкімінің қамқорлығына алынды. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы Альбинаға 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұл қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (қазіргі «Отбасы банкі») арқылы баспана алу үшін бастапқы жарна ретінде депозиттік есепшотына аударылды. Сондай-ақ барлық тәлімгерлер балаларды өмірлік сүйемелдеу туралы үшжақты әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. 1 жыл көлемінде тәлімгерлер өз тараптарынан балаларды сүйемелдеу жұмыстарын бастап, балалардың жеке есепшоттарына қаржылай көмектерін аударуда. Сонымен қатар тәлімгерлер балаларды мереке кезінде келіп, сыйлықтармен қуантып жүр. Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы десек, еш қателеспейміз, – дейді орталық директоры Айжан Дүкенбайқызы.
Иә, әр бала мейірім мен жылулық, жақсылық пен махаббат сезімінің шуағына бөленіп өсуі тиіс. Әсіресе жетімін жылатпаған қазақтың «балам» деп басынан сипайтын ері барда, «елім» деп еміреніп, ел ертеңін ойлайтын ұрпақ өсіп-жетілері анық.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.