Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мейірім керек ғаламға!

0 269

Қоғамды күмілжітетін де, құлдырататын да – мейірімсіздік. Әсілі, «дүниедегі жамандық атаулы махаббатсыздықтан басталады» деген нәзік теория ақиқаттың нақ өзі екенін мойындауымыз керек шығар.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Махаббат, мейірім, ізгілік сынды құндылықтардың құнын жоғарылатып, қоғамның қозғаушы күші ретінде өсіп келе жатқан жастарға өнеге көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы қазақ драма театрының сахнасында «Бір түп алма ағашы» мелодрамасының сахналануына мұрындық болды. Еліміздегі бірқатар театр ұжымдарының репертуарынан ойып тұрып орын алған туынды қай кезеңде де өз маңыздылығын жоғалтқан емес.
«Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Ол әбден жемістері көбейіп, үлкен болып өскен тұста: «Енді қожайыныма бұдан да көп алма берсем», – деп армандаған екен. Бірақ бұтақтары…». Осы бір аңызды өзегіне арқау еткен пьесаны әр режиссер өзіндік трактовкасымен, өз қолтаңбасымен ерекшелендіре түседі. Түрлі өзгерістермен, әрқилы формада әр жастағы көрерменнің көңіл қарашығын жаулай түскен шығарманың сыры неде? Сөзсіз адамзаттық құндылықтарды дәріптеуде дер еді өнертанушылар.

Драма сюжеті бойынша бір үйдің балалары аналарының туған күнін атап өтпекке ауылдағы қара шаңыраққа жиылады. Алайда олардың өз қара бастарының қамын күйттеп кеткені соншалық, үйде қалған мүгедек бауырларының сұраған кітаптарын ұмытып, туған жерге бөтен мақсатпен келгендерін абайламай айтып қояды. Бауырмалдық сезімнен ада қалған ағайындылардың арасындағы байбалам қоғамдағы әрбір жанұяның көпке көрсете бермейтін шымылдық артындағы халіне ұқсайды. Осындай детальдар арқылы әр көрермен драмадан өзін көре алады. Туындыдағы диалогтар мен қойылған музыкаларға қарап, оқиғаның 80-жылдары өрбігенін аңғаруға болады.

Кез келген сахналық туындының сәтті шығуына драматургия мен режиссура жауапты болғанымен, актерлік ойынның да көп нәрсені шеше алатындығына осы қойылым арқылы көз жеткіздік. Себебі бұл спектакльде театрдың ең талантты актерлерінің тобы жиылған. Мәкен Рахымжанова – Дәметкен, Жүніс Әлімбеков – Ерғали, Анар Сағымбекова – Әлия, Әбу Шоңбаев – Тұрсын, Жандар Қырықбаев – Зарқымбек, Жадыра Құлтаева – Ләйлә, Нұрсұлтан Маханов – Мақсат рөлдерін сомдады. Бірнеше кейіпкері бар бұл қойылымнан басты кейіпкерді табу қиын. Бір қарағанда, барлығына түрткі болып ұйымдастырып жүрген Мақсат басты кейіпкер ретінде көрінгенімен, режиссерлік шешімнің нәтижесінде барлығы бір деңгейде тең өнер көрсетіп жүргенін аңғару қиын емес.

Әу баста жастар саясаты басқармасы шаһар жастарының драманың негізгі көрермендері болуын мақсат тұтқан. Себебі жас санаға мұндай қойылымдардың айтар ойы тереңірек сіңіп, бекісе керек. Одан бөлек, Таразда театрдың бар екенінен бейхабар буынды мәдени әрі рухани демалуға арналған нысанның жұмысымен таныстыру да діттелген ой болатын. Жастар театр мәдениетін сезініп, өнерге біртабан жақындай түссін деген ниеттің қабыл болғанын олардың қойылым соңындағы театр ұжымына ұсынған ықылас гүлдерінен аңғардық. Өз кезегінде Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа шараның міндеті жөнінде ойын ортаға салды.

– Шараның мақсаты – жастарға отбасы құндылықтарын дәріптеу, бауырлар арасындағы ауызбіршілікті насихаттау. Жастардың бойында өнерге деген құрметті қалыптастырып, театр мәдениетін дамыту, облысымыздағы театрдың әдеп деңгейін үлкен қалалар деңгейіне шығару. Күні кеше алғашқы қойылым өтті. Алда бұл шара жалғасын таппақ. Бастамаға қолдау көрсеткен облыстық қазақ драма театрына алғысымыз шексіз, – деді Серікбол Қайратұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.