Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын жүректі ана, құрметті ұстаз

0 199

Күлжамила Жолдасқызының есімі ғылыми ортада кеңінен танымал. Екінің бірі бара бермейтін физика-математика саласында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасады. Табандылық, ізденімпаздық, еңбекқорлық қасиеттері инемен құдық қазуды талап ететін ғылым саласында биік белестерді бағындыруына себепші болды.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, ТарМПИ профессоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек ардагері, «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына 45 жыл» мерекелік белгісінің иегері, ұлағатты ұстаз, педагог-новатор. Күлжамила Жолдасқызы 1968 жылы Ташкент қаласындағы Ташкент мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін математика мамандығы бойынша бітірді. Жолдама бойынша Өзбекстан Ғылымдар Академиясының кибернетика институтында кіші ғылыми қызметкер болып екі жыл жұмыс істеп, 1970 жылдан бері 45 жыл ТарМПИ-де білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай қызмет етіп келеді. Еңбектен қол үзбей, табандылықпен ғылыми жұмыстарын жалғастыра жүріп, Ленинград қаласындағы А.Герцен атындағы Ленинград мемлекеттік педагогикалық институтында (ЛГПИ) сырттай аспирантураны оқып, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Н.М.Матвеевтің жетекшілігімен ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізді. «Биортогональные ряды, связанные с многочленами Чебышева» тақырыбы бойынша диссертация қорғап, 1986 жылы «математикалық анализ» бойынша «физика-математика ғылымдарының кандидаты» атағын иеленді. Білікті маман ретінде доцент, профессор дәрежелерін алды. Кафедрада «Ақпараттық және компьютерлік технология, программалау негіздері» бойынша қазақ тілінде оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулар, электронды оқулықтар жазуды ұйымдастыруда да еңбегі мол. 40 шақты ғылыми-әдістемелік мақалалары, оқу құралы, электронды оқулықтары жарық көрді. «Сандық әдістер пәнінен лабораториялық практикум» оқу құралының авторы, ҚР Әділет министрлігінің Зейнеткердің меншік құқығы комитеті бекіткен «Сандық әдістер» электронды кітабының авторлық куәлігінің иегері. Оның жетекшілігімен информатикадан жетілген жоғары дәрежедегі дипломдық жұмыстар орындалады. «Арнау» атты өлеңдер жинағы, «Өнегелі өмір» атты кітабы баспадан шықты. Күлжамила Жолдасқызы жазған өлеңдер жинағы мен деректі оқиғаларға толы құнды кітаптарын жас ұрпақ сүйсіне оқиды.
Күлжамила Жолдасқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, бел ортасында жүреді. Ол туралы облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Алданышқызы былай дейді: «Іскер әйелдер қауымдастығына мүше болып, белсенді жұмыс жасап келе жатқан парасатты әйелдер тобы бар. Солардың бірі математика ғылымының дамуына аса зор үлес қосқан профессор, тағылымды ұстаз Күлжамила Жолдасқызы деп білемін. Ол – «Қазақстанның қанатты әйелдері» атты энциклопедиялық журналға шыққан облыстағы санаулы әйелдердің бірі. Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Ол тек жігіттерге ғана бағытталған емес. Қыз-келіншектер мен әйел-аналарға да арналып айтылған. Күлжамила Жолдасқызы – бір басына Жаратушы сегіз қырлы, бір сырлы қабілет сыйлаған қазыналы жан. Оның жүрегі – мәңгілік мейрім мекені. Саналы шәкірт тәрбиелеген үлкен маман, білім саласының білгірі. Ұлт болашағын тәрбиелеудің асқар белінен асып, биік құзар шыңына еңбектеп қол жеткізген, өрге өрмелеп шыққан ғалым. Кереге кеңейтіп, уық шаншып, босаға байлап, сәукеле киіп, бесік тербеткен, ұл-қыз өсірген әдепті әйел, елге елеулі ене, келінге кеңес, ағайынға ақыл берген ай дидарлы асыл ана. Алаш тұлғалары Абай, Ыбырай, Ахмет салып кеткен жолдар мен айтып кеткен аманаттардың іздеушісі, ізбасары. Біздің облыстық іскер әйелдер қауымдастығындағы «Ел анасы» секциясының ұйымдастырушысы, қыз-келіншектердің қамқоры, мұңдасы, сырласы. «Асыл әже», «Асыл ана» байқауларының бірнеше мәрте номинация жүлдегері. Сонымен қатар бұл кісі – ақынжанды адам. Айналасына, өскен ортасына, ұжымына, отбасына, жанында жүрген жақсы адамдарға ерекше көзқараспен қарайды, зиялы жандар биігінен бағалай біледі. Көктемгі гүлдей нәзіктікпен үзіліп қарайды, бұлттай тұнжырамайды, қашанда рауандап атқан арайлы күн көзіндей елжіреп, ақ ниетпен ақтарылып қарайды. Сүттей пәк, судай таза ақ пейілмен қарайды», – дейді.
Ерен еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген аяулы жан жайлы бұдан артық қалай айтуға болады?! Ғылымда да, қоғамда да, отбасында да бергенінен берері көп аяулы ана, ардақты ұстаз, білгір ғалым Күлжамила Жолдасқызына мерейлі жетпіс жасы қарсаңында тек денсаулық пен табыс тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.