Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәуір данышпаны

0 1  237

Халқымыздың бағына туған азаматтың бірі, бірі емес бірегейі, Қазақстанды 50 жылға жуық басқарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КОКП Орталық Саяси Бюросының және КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының мүшесі болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың елімізге сіңірген еңбегі өте зор.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең-байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті және 43 қала салынған. Олардың екеуі облысымыздағы Қаратау мен Жаңатас 1963 және 1969 жылдары қалалар қатарына қосылған.
Димаш Ахметұлы ел басқарған жылдары Қазақстан Кеңес Одағындағы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға шықты. Еліміздің ауыл шаруашылығындағы табыстар да Д.А.Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Одақ бойынша екінші астықты алқапқа айналған Қазақстан жеті рет миллиард пұттан астық беріп, дүниеге даңқын шығарды.
Дінмұхамед Ахметұлы Жамбыл облысының қуатты өнеркәсіптік өңірге айналуына өте зор қамқорлық жасады. Қаратау-Жаңатас территориялық өндірістік кешені жоғары қарқынмен дамып, Жамбыл қаласы «Үлкен химия орталығы» аталды. Жамбыл былғары аяқ киім комбинаты, ет, сүт комбинаттары, жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы, басқа да ірі-ірі нысандар іске қосылды.
Жамбыл облысында 1986 жылға дейін 245 адам «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болып, мыңдаған еңбеккер ордендермен, медальдармен марапатталды. Халық шаруашылығын өркендетудегі және мәдени құрылыстағы қол жеткізген табыстары үшін 1967 жылы Жамбыл облысы «Ленин» орденін иеленді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басына дейін Жамбыл облысында бірде-бір жоғары оқу орны болмаған еді. Димаш Ахметұлы Қонаевтың көреген саясаткерлігінің арқасында 1962 жылы Үкіметтің Жамбыл гидро-мелиорациялық институтын ашу туралы қаулысы шықты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында да зор еңбек етті. 100-ден аса ғылыми еңбек пен зерттеу жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді.
Қазақ өнерін жоғары бағалаған Димаш атамыз өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар бой көтерген.
Көзі тірісінде-ақ елі пайғамбарға теңеген кемеңгер басшыға деген Әулиеата жұртшылығының ықылас-құрметінің белгісі ретінде оның есімі Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы, ірі елді мекендердегі орталық көшелерге берілген. Сонымен қатар бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудандарда кемеңгердің аты берілген 7 мектеп пен гимназия бар.
Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдық мерейтойына орай 2022 жылы 12 тамызда Тараз Д.А.Қонаев қоры Жамбыл облыстық бөлімшесінің ұйымдастыруымен ұлы тұлғаның атын иемденген көшенің бойында биіктігі 8 метр болатын қоладан құйылған ескерткіш орнатылған еді. Бүгінгі күні ескерткіш аумағына шыршалар егіліп, жайқалған үлкен саябаққа айналды деп айтуға болады. Сонымен қатар осы жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі ретінде Д.А.Қонаев орталығы ашылғаны да өздеріңізге белгілі. Ескерткіш пен орталықтың ашылу рәсімі облыс әкімдігінің қолдауымен республикалық деңгейде өткен еді.
Міне, биыл 3 жыл Д.А.Қонаев орталығы ұлт көшбасшысының елімізге сіңірген еңбегін, халқымызға жасаған игі істерін насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында біршама іс-шаралар өткізіп келеді.
Атап айтқанда, биыл үшінші жыл қатарынан «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмұхамед Қонаев» атты облыстық шығармашылық байқау ұйымдастырып келеміз. Алдағы уақытта аталған байқауды республикалық деңгейде өткізілетін іс-шаралар қатарына қоссақ деген жоспарымыз бар.
Сондай-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша Д.А.Қонаев орталығы мен Д.А.Қонаев қорының ұйымдастыруымен жыл сайын облыстық, қалалық әкімдіктің, мәдениет басқармасының қолдауымен облыс жұртшылығының, зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің қатысуымен Димаш Ахметұлының туған және өмірден озған күндері ұлы тұлғаны еске алу мақсатында ескерткішіне гүл қою, рухына тағзым ету, әруағына құран бағыштап, ас беру шаралары да өткізіліп келеді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда орталық қызметі жанданып, жоғары оқу орындары мен колледждердің білімгерлері, мектеп оқушылары арасында орталық бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, танымдық кештер, кездесулер, көрмелер ұйымдастыру жолға қойылды. Оларға арнап жергілікті баспадан «Д.А.Қонаевтың даналық сөздері» атты қанатты сөздерден топтастырылған кітапша-брошюра шығарылды.
Жалпы орталықтың жас ұрпақты Д.А.Қонаевтың өмірі мен өнегесін үлгі тұтып, ұлы тұлғаның елімізге жасаған игі істерін насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қолға алғалы отырған жаңа жобалары да баршылық. Сондай-ақ насихат жұмыстарын өрістетіп, тағылымды шараларды ұйымдастыруды да көздеп отырмыз.
Аты аңызға айналған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өмірден өтсе де, оның еңбектері бүгінде халық игілігіне қызмет етіп отыр. Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Димаш Ахметұлы қазақ елінің дамып, көркеюіне сүбелі үлес қосып, халық есінде кемеңгер тұлға ретінде мәңгілікке сақталады.

Бекзат НҰРЛАНҚЫЗЫ,
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі
Д.А.Қонаев орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.