Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сан сауал тудырған субсидия

Биыл шаруаларға қаржы бөлу жұмысы қалай жүргізіледі?

0 906

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын. Әрине, ауыл шарушылығында әлеуетке ие аймағымыздағы ақтылы мал бағып, ақық дән өсіріп отырған сала өкілдерімен тілдесе қалсаңыз, қос қолтықтарынан демеп, жебеп отырған мемлекеттік қолдау екендігін айтып, ағынан жарылады.

Жалпы өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 25,1 млрд теңге субсидия бөлінген болатын. Оның 4,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 20,7 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған еді. Оның ішінде 1,5 мың жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, 552 шаруа қожалығына 511 млн теңгеге жоғары өнімді тұқым сатып алуға, ірі қара мал басын 5,8 пайызға, қой санын 9,8 пайызға, жылқы басын 9,7 пайызға арттыруды қамтамасыз етуге, ет өндірісін 3,6 пайызға, сүт өндірісін 1,4 пайызға ұлғайтуға, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайтуға, орташа өнімділігі 9,6 ц/га құрайтын 363,2 мың тонна дәнділер мен бұршақты дақылдар және 179 мың тонна қант қызылшасын жинауға мүмкіндік берген еді.
Дегенмен қоян жылы жамбылдық шаруалары үшін қиындыққа толы болды. Себебі күтпеген қуаңшылық салдарынан 392 шаруа қожалығының жалпы ауданы 9,2 мың гектар егістік жері зардап шеккен болатын. Айтып келмейтін апатқа тосқауыл қою үшін өңірде биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін 2,5 пайыздық мөлшермен несиелендіру көзделуде.
Бүгінгі таңда облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 107 мың гектар жер тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында облыста су үнемдеу технологиялары 57,2 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 65,8 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ал 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 92 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде.
Өңірде пилоттық жоба ретінде бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесін беріп отырғаны бәрімізге мәлім. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бағдарлама нәтижесінде мал басының саны артып, ет-сүт өндірісінің көрсеткіші ұлғайған. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай азайып отыр.
– Жамбыл облысында халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту – басым бағыттардың бірі. Бұл бойынша нақты міндеттер бір жүйеге қойылған. 2023 жылы облыстың 10 ауданындағы 38 округке 24 млрд теңге бөлінді. Бүгінге 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 млрд теңгеге 17 мың жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, – дейді өңір басшысы.
Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловтың мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасы шаруашылықтарға су үнемдеу технологиясын сатып алуға мол мүмкіндік береді. Атап өтер жайт, мемлекеттік қолдау аясында су үнемдеу технологияларын жаңадан енгізген шаруашылықтарға 50 пайыз субсидия төленеді.
Сала жауаптыларының айтуынша, ұлу жылының үлесіне жергілікті бюджеттен 19,6 млрд теңге бөлінген. Дегенмен ағымдағы жылы ауыл шаруашылығына серпін беретін субсидиялау қағидаларына біршама өзгерістер еніп отыр. Айталық, шағын және орта шаруашылықтарға субсидиялардың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды алу рәсімдерін оңайлату және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізілді. Атап айтқанда, мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде, шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалды. Мұнда шошқаның аналық басы үшін өтемақы нормативі бұрынғы 140 мың теңгенің орнына 1 басқа 100 мың теңгеге дейін төмендеді.
Сонымен қатар селекциялық-асылдандыру жұмысы шеңберінде субсидиялау да іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Жаңа ережеде селекциялық-асылдандыру жұмыстары мәселелерінде фермерлерге көбірек дербестік беріледі. Енді олар өз қалауы бойынша көбеюдің жасанды ұрықтандыру, еркін ұрықтандыру, мамандандырылған жасанды ұрықтандыру құрылымдарының қызметтерін пайдалану секілді 3 тәсілінің кез келгенін таңдай алады. Сонымен қатар 1 өндірушіге жүктеме ғылыми нормаларға сәйкес келтірілген, яғни фермер өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты өндірушілерді бұрынғыдай 1:25 қатынасында емес, 1:20 және 1:30 арақатынасы арасында сатып ала алады.
Сондай-ақ биыл бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау жойылады. Сонымен бірге импортталған ірі қара малдың аналық басын сатып алу бағыты алынып тасталды. Ал тауарға тән субсидияларды бұрынғыдай жалпы сипаттағы трансферттер есебінен қалдыру ұсынылды. Бұл ретте күркетауық еті мен суда жүзетін құстарды субсидиялау жойылды. Өйткені олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайды. Жұмыртқа шаруашылығы бойынша 1 дана жұмыртқа үшін 3 теңге субсидия нормативімен тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау алынып тасталды. Сонымен бірге асыл тұқымды малды импорттау кезінде екінші деңгейдегі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару жөніндегі норма мен малды өзінің бордақылау алаңдарына ауыстыратын шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылады. Ал бұқашықтар мен қойларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалды. Бұл жерде ескертетін жайт, жемшөпті субсидиялау бойынша субсидиялар нормативтері мен субсидиялар алу критерийлері төтенше жағдай немесе ауа райының қалыптан тыс жағдайлары туындаған кезде ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде әкімдіктердің қаулысымен бекітіледі.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.