Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет министрі жастарға домбыра сыйлады

0 338

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» орталығында  Жамбыл облыс әкімдігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығы «Тараз жауһарлары» атты жылжымалы көрмесін ұйымдастырды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Көрмеде 2011-2017 жылдары Тараз қалашығында археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи-мәдени жәдігерлер көрермендер назарына ұсынылады. Жәдігерлердің ішінде: тиын көмбесі, қола шырағдан бөліктері, күміс белбеу, белбеу қапсырмалар,құс бейнелі қола бұйымдар, сиясауыт, моншақтар, қыш құмыралар, жұмыртастар, шырағдандар, асханалық ыдыстар бар.

– Археологиялық зерттеу жұмыстары көне қаламыз Тараздың осыдан екі мың жыл бұрынғы мәдениетіміздің ірі ошақтарының бірі болғанын айғақтады. Көне шаһар Ұлы Жібек жолының керуен жолдарындағы ортағасырлық қала мәдениетінің озық үлгісі болды. Тараз — ежелгі қала, үлкен руханият орталығы. Ірі сауда-саттық орны болған. Тараз тарихы бай, жері құнарлы, табиғаты көркем қала. Тарихымыздың терең қойнауына үңілетін болсақ, қасиетті Тараз өңірі тағы да өзінің қатпар-қатпар қойнауынан бізге белгісіз талай тарихтың сырын ашары ақиқат. Міне сондай жәдігерлердің бірін біздер қыз-келіншектерге, болашақ бесік тербетер аяулы қыздарымызға таныстыру мақстанда орталыққа алып келдік, – деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұрлан Бықыбаев.

Ағымдағы жылы қазан айының 11-ші жұлдызында ашылған «Анаға тағзым» орталығында қонақта болған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осындағы «Қазына» домбыра үйірмесіне домбыра сыйға тартты. Бұл тартуды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұрлан Дүйсенәліұлы табыстады. Сондай-ақ «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалиға министрдің Құрмет грамотасы табысталды.

– Осыдан бір ай бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орталықтың жұмысымен танысқан еді. Міне ел егемендігінің торқалы тойы қарсаңында осында дәріс алып жүрген көп балалы отбасылардың балаларына, үйірме тәрбиеленушілеріне домбыра сыйлап отыр. Бұл оқушылар үшін үлкен сый, – деді Эльмира Инниятқызы.

Бүгінгі таңда орталықта әр үйірме бойынша 130-ға жуық қыз-келіншектер мен оқушылар үйірмелерге қатысып жүр. Шара барысында әдебиет үйірмесінің қатысушысы Қымбат Күлаш Ахметованың «Сен қазақсың» өлеңін оқыса, «Қазына » домбыра үйірмесінің жетекшісі «Туған жер» атты әнді көпшілікке паш етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.