Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы үйден қуған: «Гүлдер» ансамблінің бұрынғы солисі далада қаңғып жүр

0 251

Бір кездері «Гүлдер» ансамблінің беделді солисі болған Амангелді Шыңғысов бүгінде далада қаңғып жүр. Айтуынша, ұлы мен келіні оны үйден қуып шыққан. Бүгінде темір жол вокзалы мен хостельдерді мекен етіп жүрген қарияның хикаясын «Алматы» арнасының «Шешімі бар» ток-шоуы көрсетті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

82 жастағы Амангелді Шыңғысов Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Өнердегі жолын бір кездері атағы дүркіреген «Гүлдер» ансамблінен бастаған. Жұбайы қайтыс болған қария осы уақытқа дейін ұлымен бірге тұрып келген.

Алайда жалғыз атұстары отбасын құрған соң, әкесін үйден қуған. Қарияның сөзінше, оны бұған итермелеген – келіні.

«Баламды үйлендіріп, тойды бітірдік. Тойдан кейін үйге құрбы-құрдастарымен келді. Мен кедергі келтірмей-ақ қояйын деп туысымның үйіне кетіп қалдым. 2 күн қондым. Балам жолдастарын шығарып салуға кеткен. Келін үйде қалған.
Маған: «Сені полицияға жіберемін. Жындыханаға түсіремін», – деді. Ұлыма: «Мына қызды қайдан таптың?» – дедім. Ұлым ештеңе демеді, әйелінің айтқанын тыңдайды», – дейді қария ұлы Сәт жайында.

Ақсақалдың айтуынша, оның бар кінәсі келінге ұнамағанында. Алайда бағдарламаға сұхбат берген қарияның ұлы әкесінің ішімдікке салынып, күн бермегенін айтады.

«Алдымен ол кісі сау деген анықтама әкеліңіздер. Сосын сөйлесеміз. Барлық туыстарымыз дәлелдейді. Мен есімді білгелі, арақ ішеді. Мен үйленгенге дейін де әкеммен ешқандай қарым-қатынас болған емес. Тәуліктеп далада жүретінмін, себебі ол ішетін», – деді Сәт Амангелдіұлы.

Қария ұлының сөзін жоққа шығарды. Кеңестік кезеңде ішкенін, соңғы 15 жылда аузына алмағанын айтты.

«Кетпесең, екеуі ажырасамыз, деді. Сосын мен Ақтөбеге қарындасыма кетіп қалдым. Екі жыл тұрдым. Қарындасым қайтыс болған соң, кетіп қалдым. Өйткені өзі болмаған соң, балаларының көзқарасы басқаша ғой», – дейді қария.

Амангелді Шыңғысовты бейтаныс азамат темір жол вокзалынан байқап қалған. Жағдайын білген Шыңғыс Байсеріков қарияны хостельге дейін жеткізіп салған. Айтуынша, 117 мың теңге зейнетақы алатын қарияның бар ақшасы қонақ үй ақысына кетуде.

Музыканттың қаңғыбасқа айналғанына жарты айдан асыпты. Бағына орай, хостель басшысы да мейірімді жан болып шығыпты. Қадірбек Жоламанов қарияның жағдайын біліп, тегін тұруға рұқсат беріпті. Басқасы аздай, қария келінінен таяқ жегенін айтады.

«Басымнан швабрамен ұрып, қол жұмсады. Дәретханаға кірсем, артымнан теуіп жіберетін», – дейді қария.

Қария 1970 жылдардан бері Алматы орталығында орналасқан үш бөлмелі пәтерде тұрып келген. Заңгердің айтуынша, ол үй сол кезде тұрған (Амангелді қария, жұбайы, ұлы, қызы) барлық адамға бірдей тиесілі. Әйткенмен, үйдің көп бөлігі қарияның еншісінде. Ал Амангелді Шыңғысовтың өзі «бір бөлменің өзі жеткілікті» деп отыр. Бірақ тасжүрек келінімен бірге тұруға түбегейлі қарсы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.