Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық ойын түрлері жаңғырды

0 252

Наурыз келсе көнеміз жаңарып, ескі дәстүрлеріміз жаңғыратыны белгілі. Осындай үрдісті жалғаған Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің спорт бөлімі Ұлыстың ұлы күнінде қала орталығында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ, К.БЕРДЕЦКИЙ

Халқымыздың ұлттық ойындары ұлықталған шарада кез келген спортшы тоғызқұмалақ, арқан тартыс, ләңгі, қазақша күрес, қол күрестіру, бес тас, асық сынды спорт түрлерінен бақ сынауға мүмкіндік алды. Тараздықтарға ұлық мерекедегі көңіл-күйді сезінуге жол ашқан жиынға құмай тазы баптап, бүркіт баққан құсбегілер де арнайы келіп, көпшілік көне дәстүрлерімізді жаңғыртушылармен бірге естелік суретке түсті.

Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың балалар алаңшасында өткен спорттық шараға 500-ден астам спортшы қатысты. Ал мерекелік сайысты бақылап, боз кілемде белдескен жас балуандардың өнерін тамашалағандардың қатарынан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, жамбылдық Елдос Сметов те көрінді.

– Тараздықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Осындай көктемнің тамаша мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан жарыста қазақша күреске қатысып жатқан ізбасарларымның өнерін тамашалап жатырмын. Жастардың спортқа деген құлшынысы жоғары екені байқалады, – деді Елдос Сметов.

Қазақша күрес сайысына жасөспірімдер арасында 60 спортшы қатысып, бақ сынаса, 74 келіден жоғары салмақта 26 балу-ан боз кілемде белдесті. Аталмыш спорт түрінен жастар арасындағы аға жаттықтырушы Руслан Мұхаммедқалиевтің айтуынша, жас балуандардың жарысқа деген ынтасы жоғары.
– Бүгінгі сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің саны жылдағыдан көбірек. Мені ұлттық спортты дамытуға зор үлестерін қосып жатқан ұйымдастырушылардың бастамасы қуантты. Сайысқа қатысушы үміткерлер үшін ақшалай жүлде тағайындалған. Бұл жас спортшыларға мейрам қарсаңында тамаша сый болары сөзсіз, – деді жаттықтырушы.

Қала әкімдігінің спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк спорттық шараға кез келген қала тұрғыны қатысуға мүмкіндік алғанын айтады.
– Сайыс жеңімпаздарының барлығына жүлде тағайындалған. Бұл игі іске бізге демеушілер көмек берді. Бүгінгі сайыстардың ерекшелігі кез келген қала тұрғыны өзі қалаған ұлттық спорт түріне қатысып, бағын сынай алады. Шара қалың бұқараға арналғандықтан, ұлттық спорт ойындарының көпшілігі қамтылып отыр. Ойындардың ішінде ең ерекшесі – алаңдағы тоғызқұмалақ. Бұл ойын түріне былтырдан бері балалардың барлығы қызығып қатысып жүр, – деді бөлім басшысы.

Шара барысында қазақтың кәдуілгі құмай тазысы көпшіліктің көңілін өзіне аударды. Мерекеге арнайы қос тазысын жетектей келген Мақсат Момынов бүгінде көпшілік біле бермейтін тазы баптау әдістерімен бөлісті.

– Тазы баптаумен 5 жылдан бері айналысып келемін. Қазір қолымда 5 тазым бар. Күніне бір мезгіл жүгіртіп, тамақ береміз. Қыста қансонарда аңға саламыз. Түлкі, қарсақ сынды жануарларды алуға қауқары жетеді. Есіктің алдында бос жүреді. Жуындырып тұрамыз. Адамға ешқандай қаупі жоқ. Атадан балаға мұра болып келе жатқан іс болғандықтан, тазы баптаумен тыңғылықты түрде айналысып келемін.

Тазы – негізі адам секілді талғампаз жануар. Қанша жерден аш болса да, аштығын білдірмейді. Өте төзімді, – дейді Мақсат Момынов.
Мерекедегі спорттық шараға қатысқан барлық спортшылар арнайы Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарын иеленсе, жеңімпаздар ақшалай жүлдемен марапатталып, медаль тақты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.