Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық экономика вице-министрі теңге бағамы туралы: Асығыс әрекет жасаудың қажеті жоқ

0 292

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов доллардың теңгеге шаққандағы бағамы құбылып тұрғандықтан, қазақстандықтар не істеуі керек екені жайында айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Туризмді дамыту мәселесіне қатысты үкімет сағаты өткен мәжіліс кулуарында журналистер бүгінде әрбір қазақстандықты алаңдатып отырған сұрақты вице-министрге қойды.

«Менің жеке пікірім, асығыс қимылдаудың қажеті жоқ. Оқиғаның даму барысын қадағалау керек. Қазір бағам құбылмалы болуы мүмкін, өйткені өздеріңіз білетін оқиғаның қалай өрбитінін ешкім болжай алмайды. Демек теңге бағамы түсуі де, нығаюы да мүмкін. Яғни асығып-аптығып қате әрекет жасамаған дұрыс», – деп жауап берді Жақсылықов.

Оның пікірінше, қазір шыдамдылық қажет, өйткені үкімет инфляцияға қарсы шараларды қолға алып жатыр және теңге бағамы жылдам тұрақталуы мүмкін.

Бірінші вице-министр сондай-ақ ұлттық валюта үшін белгілі бір тәуекелдердің әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Бұл халықаралық жағдай мен Ресей рубліне байланысты.

«Әрине, бұл жағдай Қазақстан экономикасы мен теңге бағамына ықпал етеді. Бірақ Ұлттық банк қажетті шараларды қабылдады, өздеріңіз көріп отырсыздар. Меніңше бастапқыда қандай да бір алыпсатарлық реакция болады, кейін бағам тепе-теңдікті ұстайды», – деп толықтырды ол.

Бұған дейін Ұлттық банк пен Қазақстан қор биржасы теңге-доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттық ережесін өзгерткені хабарланды.

Сондай-ақ Ұлттық банк қор биржасымен бірлесіп, 28 ақпан сағат 15:00-ге дейін биржалық валюталық сауда-саттықты толығымен уақытша тоқтату туралы мәселені қарауы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.