Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұлттық банктен көмектесетіндерін айтты»: Қазақстандық азамат алаяқтарға алданып, шетелге 20 миллион теңге аударған

0 655

Қазақстандық Айбек Мырзахметов алаяқтардың арбауына түсіп, банктерден 20 миллион теңгеге дейін несие алған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, оған алаяқтар Ұлыбританиядан байланысқа шыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Кazakh24.info сайтына сілтеме жасап.

Айбек Мырзахметов шілде айының соңында өзіне Kaspi Bank-тен қоңырау шалып, алаяқтардың бірнеше банктен несие алмақ болғанын айтады. Оған алаяқтардың жасаған операциясынан бас тарту үшін Ұлттық банк өкілімен байланысу керек екенін хабарлаған.

“Ұлттық банк маманы маған қайда барып, не істеу керек екенімді нұсқады. Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі де қылмысқа байланысты тергеуге көмектесуім керек екенін айтты. Олар сонымен қатар алаяқтарды ұстауда арнайы операция жүріп жатқаны туралы деректермен бөлісті. Менің атымнан алаяқтар алған несиелерді жауып тастауға көмектесетіндерін айтқан соң мен олардың қулықтарының құрығына іліктім. Ұлттық банктің жеке тұлғалармен жұмыс істемейтінін кейін барып түсіндім», – деді Айбек.

Айбек басында еш күмәнданбағанын айтады. Оған алаяқтардың қойған талаптарына байланысты банктерден ақша алып, Ұлттық банкке аудару тапсырылған. Нәтижесінде Айбек түрлі банктерден жарты сағат ішінде 2,5 миллионнан 5,9 миллион теңгеге дейін ірі көлемде ақша алған. Негізі оның жалақысы 300 мың теңге болғандықтан, оған несие тек 3 миллион теңгеге дейін ғана берілуі керек болған. Сөйтіп ол 3 күннің ішінде бірнеше банкті аралап шыққан.

«28 шілдеде мен ForteBank-те болдым, 29-ында Банк Центр кредитте, одан кейін Еуразиялық банкте және сенбіде Жусанда болдым. Центр кредит банкі алдымен несиеге өтінішімді қабылдамады. Алайда кейін кенеттен маған несие берілді. Сол кезде мен мұның алаяқтарға қарсы арнайы операция үшін екеніне шындап сене бастадым «,- деп қосты Айбек.

Айбек түскен қаражатты терминалдар арқылы көрсетілген есеп айырысу шоттарына аударған. Ал жауап ретінде Ұлттық банктен WhatsApp арқылы қолтаңбасы мен мөрі басылған, несиелердің жабылғанын айғақтайтын құжаттарды алған. Айтуынша жіберілген бланкіде Ұлттық банктің логотипі де көрсетілген екен.

«Бұл жүйеге сіздің аймағыңыздағы банк қызметкерлерінің қатысы бар. Біз нұсқаулар мен құпиялылық шарттарын сақтаймыз. Барлық сұрақтарды осы жердегі чатқа жазыңыз «, – деп көрсетілген нұсқаулықта.

Айбектің айтуынша, нәтижесінде ол ForteBank-тен 5 миллион теңге, ЦКБ-дан 6 миллион теңге, Еуразиядан 5,9 миллион теңге, Жусаннан 2,5 миллион теңгеге несие алған.

Барлық айла-шарғылардан кейін алаяқтар мұнымен тоқтамай, қайта телефон шалып, тағы 2 миллион теңге сұраған. Сонда Айбек өзінің алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше Айбек қаражаттың барлығын Ресей мен Украина елдеріндегі шоттарға аударып отырған. Ал IP адресті тексеру нәтижесінде қоңыраулар Айбекке Ұлыбританиядан келген.

«Мен әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Қалай әрекет етіп, не істеу керектігін түсінбеймін. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмын. Айлығым 300 мың теңге, әйелімнің мүгедектігі бар, жұмыс істемейді, кәмелетке толмаған екі балам бар. Банктерде қауіпсіздік жүйесі болуы керек еді. Алайда ол жұмыс істемейтін сияқты. Өзімнің онсыз да немере ағаммен бірге алған «Отбасы банкінде» 18 миллион теңгедей несием бар болатын», – деп күйінді Айбек.

Биыл қазақстандықтарға өздерін банк, полиция, прокуратура қызметкерлеріміз деп таныстырған телефон алаяқтарының шабуылы көбейген болатын. Бұл мәселе Ішкі істер министрлігінде қаралып, енді ТМД деңгейінде қарастырылады деп жоспарлануда.

15 тамызда Ішкі істер министрлігі азаматтарға құқық қорғау орындарының арнайы қызметтік операцияны ешқашан телефонмен жүргізбейтінін айтты. Сонымен қатар карта деректерін, қоңырау кодтарын, құжаттарын сақтықта ұстап, телефондарына қашықтан қол жеткізу бағдарламасын орнатпауға, бөгде адамдардың нұсқауларын орындамауға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.