Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік саясаттың оң имиджін қалыптастырады

0 100

Еліміздегі жыл басында орын алған оқиғаларға байланысты халық бойындағы үрей мен күдік толық сейілген жоқ. Түйіні тарқамай тұрған әлеуметтік мәселелер де жеткілікті. Президенттің биылғы Жолдауы қоғамдағы сол негізгі проблемалардың шешу жолын көрсетті. Көпті мазалап тұрған көп сауалдың жауабын беріп, маңызды шешім қабылдады.

Жалпы ертеңге, мемлекетке деген сенімді нығайту үшін бұған дейін Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырмалар берілгені белгілі. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың түпкі мақсаты – сол.

Жыл басынан бері әлеуметтің жиі көтеріп жүрген мәселесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі төңірегінде еді. Жүйені іске асыру механизмінде ескерілмей қалған түйткілдер көп болғандықтан, жұртшылықтың наразылық білдіруі заңды. Осыған қатысты Президент: «Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт жетті. Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын.

Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн», – деп атап өтті. Бұл – мемлекет үшін адам және оның өмірі маңызды екендігінің тағы бір дәлелі.

Медициналық қызметтің қолжетімді болуы әлеуметтік саясаттың оң имиджін қалыптастыратыны белгілі. Себебі дені сау ұлттан сапалы ұрпақ өрбиді. Денсаулығы мықты жастардың санасы да сергек, өмірге деген көзқарастары айқын. Сондықтан медицинамыздың деңгейін төмендететін қандай да бір жүйе, көрсетілер қызметтің бұлай сөзбұйдаға түсуі еліміздің беделіне нұқсан келтіретінін ұмытпаған жөн.

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес», – дей келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы қаржыландыру жүйесін жетілдіруді де тапсырды. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбейтіні қалыпты жағдайға айналғанын да өткір сынға алды.

Табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты – дені сау, саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін жастардың білім алып, жан-жақты дамуына барлық қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Президенттің басты құжатта осы мәселелерге ерекше көңіл бөліп отырғаны да содан.

Ләззат АБДРАИМОВА, Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.