Қалалық қоғамдық-саяси газет

Латын әліпбиі онлайн үйретіледі

0 418

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің бірінші проректоры Асқар Абдуалы, филология және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Күлзинат Қарымбаеваның қатысуымен өткен баспасөз брифингінде хабарланды.


Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен жасалған жаңа қолданба Android операциялық жүйесіне орнатылған қосымша көмегімен әліпбиді оңтайлы әдіспен меңгеруге көмектеседі. Аталған бағдарлама латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқуда көзшалым мен қолдағдысына үйретеді. Қолданба барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының мамандары мен жалпы көпшілікке арналған.
– «Жаңа қазақ тілі әліпбиін үйретудің онлайн курсы» барлығы: 18 сабақтан тұрады. Оның ішінде теориялық, практикалық, бағалау сабақтары қамтылған. Теориялық сабақта жаңа қазақ әліпбиі бойынша теориялық білім беріледі. Ал практикалық сабақта берілген теориялық білім негізінде жазылым, оқылым, тыңдалым әрекеттері арқылы жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бағалау сабағында тыңдаушының әр сабақта меңгерілген білімі тест, бақылау диктанты түрлерінде тексеріледі, – дейді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.


Брифинг барысында журналистер спикерлерге бірнеше сауал жолдап, пікір алмасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.