Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Халықтың кірісін арттыру бойынша 2025 жылға дейінгі шаралар кешенін дайындады деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz Atameken business арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы ведомствоның бас экономисі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Оның айтуынша, құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым мен басқа сала жұмыскерлерінің орташа жалақысын көбейту қарастырылуда.
Экономика министрлігі барлық мамандық иелерінің лайықты айлықпен қамтамасыз етілгеніне сендіріп отыр. Атап айтқанда, біріншіден, 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 561 мың теңге болады. Осы мақсатта республикалық бюджеттен (РБ) 431,8 миллиард теңге бөлінеді (2022 жылы – 162,7 млрд; 2023 жылы – 269,1 млрд). Бұған қоса, МӘМС қоры есебінен 98,5 млрд теңге (2022 жылы – 30,8 млрд; 2023 жылы – 67,7 млрд) аударылады.
2023 жылға қарай орта медициналық персоналдың жалақысы орташа 210 мың теңге болуы тиіс. Осыған жету үшін РБ-дан 186,4 млрд теңге (2022 жылы – 92,4 млрд; 2023 жылы – 124 млрд), МӘМС жүйесінен 141,8 млрд теңге (2022 жылы – 44,3 млрд; 2023 жылы – 97,5 млрд) беріледі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық жалақысы 25%-ға көтеріледі. Нәтижесінде еліміз бойынша 600 мыңнан астам педагогтің айлығы артады. Оған РБ-дан 3 трлн 59 млрд теңге (2022 жылы – 822 млрд, 2023 жылы – 1 трлн 118 млрд, 2024 жылы – 1 трлн 118 млрд) бөлінеді.
Осы жылы Мәдениет және спорт министрлігіне ведомстволық бағынышты шығармашылық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен басшы жұмыскерлерінің жалақысы 75%-ға немесе қазіргі 163 мың теңгеден 353 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл бюджетке 2,9 млрд теңгеге түспек.
Биылдан бастап, базалық қаржыландыруға қосу арқылы жетекші ғалымдардың жалақысы өседі.
«Олардың айлығы 2022-2024 жылдар аралығында көтеріледі. Нәтижесінде, ол отандық ғалымдардың ғылыми әлеуеті мен құзыреттерінің өсуіне, 74 ғылыми-зерттеу институтының кадрлық әлеуетін нығайтуға, 1 200 жетекші ғалымның еңбекақысын 69%-ға арттыруға ықпал етеді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге; 2022 жылы – 2,5 млрд теңге; 2023 жылы – 2,5 млрд теңге; 2024 жылы – 2,5 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ, 7,5 млрд теңгеге қосымша қаржы іздестіріледі», – деп мәлімдеді Экономика министрлігі.
Біржолғы гранттық конкурстарда көрсеткен нәтижелеріне қарамастан, іргелі-фундаменталды зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институтын тікелей қаржыландыру артады. Бұл шараны 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделген. Жалпы, штат саны 1 116 адамнан тұратын 11 ҒЗИ конкурстық рәсімдерден тыс кепілді жалақыны алатын болады. Бұларға РБ аясында 19,8 млрд теңге қарастырылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жұмыскерлерінің жалақысына 34% қосылады. Бюджеттен 4,6 млрд теңге бөлінеді.
Биылдан бастап, БҒМ, ДСМ-ге қарасты ЖОО-ларда оқитын жастардың шәкіртақысы өседі. ЖОО студенттерінікі – 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, магистранттар мен докторанттардыкі – 1,5 есеге көтеріледі. ДСМ желісі бойынша студенттердікі бакалавриатта – 20%-ға, магистратура, докторантура, резидентурада – 15%-ға көбейеді. Бұл шара 130 мыңға жуық студенттің кірісін арттырады, олардың ата-аналарының кірісін сақтауға мүмкіндік береді және оқыту сапасына жағымды әсерін тигізеді. Бюджеттен бұған 133 млрд теңге жұмсалады.
2022 жылы чемпиондар мен жүлдегерлер саналатын спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемақы қазіргі 24 АЕК-тен (73 512 теңгеден) 100 АЕК-ке (306 300 теңгеге) дейін көбейтіледі. Ең төменгі жалақы енді жыл сайын артуы мүмкін.
Бюджеттен төлемақы алатын спортшылар саны күрт артады. 2022 жылы олардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, спорт резервін қалыптастыру және жүлде алушылар санын өсіру үшін спорттың 170 түрі бойынша спортшылардың штат саны бүгінгі 1 000-нан 3 000 бірлікке дейін ұлғайтылады. Бұл мақсатта жыл сайын 5 млрд теңге қосымша жұмсалады.
Спорт төрешілеріне төленетін ақы биыл өседі. Осыған байланысты халықаралық жарыстардың, Олимпия ойындарының төрешілігіне тартылатын жоғары білікті төрешілерінің санын көбейту мақсат етіліп отыр. Бүгінгі күні судьялықтың бір күніне 1 239 теңге ғана төленеді. Енді ақыны төрешілердің санатына байланысты 60–100%-ға (17 697 теңгеге) жеткізу жоспарлануда. 2,7 млрд теңге талап етіледі.
Айлықтың өскенін мұнайшылар, пошташылар, теміржолшылар, авиакомпания мамандары, энергетиктер, химия өнеркәсібінің жұмыскерлері де көреді.
«Осы айдан бастап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық компаниялар өз қызметкерлерінің бірқатар санатының жалақысын көтеруі қажет. Бұл ретте төмен лауазымдарға баса назар аудара отырып, өндірістік қызметкерлердің жалақысы саралап көтеріледі. Нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобындағы әкімшілік-басқарушы басшылық персонал мен өндірістік персоналдың жалақысындағы алшақтық мұнай-газ саласында – 10–30%-ға, энергетика саласында – 10–32%-ға, химия саласында – 24%-ға, темір жол, әуе тасымалдары саласында – 30–40 мың теңгеге, пошта байланысында – 7–25%-ға дейін қысқартылады», – деп хабарлады Экономика министрлігі.
Сонда мұнай-газ саласында – 50 мыңға жуық жұмыскердің, энергетика саласында – 17,8 мыңдай жұмыскердің, химия саласында – 12 мыңдай адамның, теміржол және әуе тасымалы саласында – 100 мыңға жуық, пошта байланысында 14 мыңға жуық жұмыскердің жалақысына ақша қосылуы тиіс.
2022 жылғы наурызда «Самұрық-Қазына» қорына, ұлттық компанияларға қызмет көрсететін мердігер, сервистік компаниялар қызметкерлерінің жалақысын орташа деңгейге дейін ұлғайту көзделуде.
«Ең төменгі жалақы былтырғы 42 500 теңгеден биыл 60 мыңға дейін өскені мәлім. Осы құжатқа сәйкес, енді айлықты жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Ол шамамен 2 миллион адамның айлығын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.