Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие

0 627

Кәсіптің сан түрі бар. Бір мамандық темір жол салса, енді бірі үй соғады, үшіншісі егін салып, бидай өсіреді, төртіншісі адамдарды емдейді, бесіншісі киім тігеді. Ер азаматқа барлық өнерді үйретуге болады. Мамандық игерген кәсіп иесін алмастыру да сөз емес. Орнын толтыруға келмейтін бір ғана мамандық бар. Ол – ұлға әке болу. «Әке көрген оқ жонар», «Әкеге қарап ұл өсер», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақылдар «әке» мамандығының қадір-қасиетін артық ауыз сөзсіз-ақ ұғындырып тұр. Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие. Әу баста өзінің белінде су болып, ертең ұрпағын жалғастырушы, мұрагер атанатын ұл бала әрбір әке үшін ерекше қымбат. Сондықтан ол баласына бойындағы барын да, нәрін де бергісі келеді.

Арайлым Шабденова

Қоғамдағы әке мен бала қатынасының қаншалықты дәрежеде екенін анықтау қиын. Себебі әрбір отбасында әкенің рөлі әрқалай. Бала тәрбиесінде өзі әкесінің құндылықтарын ұстанатын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанындағы штабтың жетекшісі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі жайында сөз қозғады. Алдымен Қасымхан Естемесұлы әңгімені әкесі туралы естелік айтудан бастады.

Менің әкем – ең жақсы адам

Жалпы әке мен бала арасындағы байланыстың беки түсуіне ананың да қосатын үлесі аз емес. Мәселен, Құнанбай мен Абай арасындағы ғажап байланыс қара орман қазаққа мәлім. Құнанбайдай әкенің сыншылдығы мен қаталдығының өзінен балаға деген мейірім көрінеді. Ал жас Абай оқудан ауылына келгенде, әуелі анасы Ұлжанға амандаспақ болғанда, Ұлжан ананың баласына әкесі Құнанбаймен бірінші амандасуы керектігін айтуы да өмірдің ұлы сабақтары болса керек. Бүгінгі таңда ұлтымыз үшін өзекті мәселенің бірі ұрпақтар сабақтастығының өзегін жоғалтпау болып отыр. Бұл арқылы ұрпақтың бойына тектіліктің тамыр тартатыны да шындық. Расында да, әке мен бала арасындағы әрбір сәт, әрбір диалог бүгін қарым-қатынасқа байланысты болса, кейін мінез бен ұстанымға айналуы мүмкін. Ал бәрінің жиынтығы тағдырға айналатынын түсіну қиын емес.

– Әкем Естемес Төлендиев 1925 жылы Шу ауданындағы Ақтөбе ауылында туған. Кішкентай кезінде, отызыншы жылдары елде ашаршылық қаулап тұрғанда, Төлендиевтер әулеті Өзбекстан, Қырғызстанға босып, аштан өлмеудің қамын жасаған. Өзбекстанда інісі дүниеге келіп, атын Өзбек қояды. Ол зұлмат жылдарды еске алғанда, әкемнің шешесі Гаухар апам (ел Кеукер деп кеткен) «елмен бірге көрмегенді көрдік қой, құдай сақтады» деп отыратын. Кейін репрессия басталып, атам Төлендіні Сібірге айдатып жіберген. Ауылдағы көнекөз қариялардан естігенім бойынша Төленді атам өте қарулы, күшті көкпаршы, сайыскер болған екен. Осыған орай бір оқиға есіме келді. 1966 жылдың күзінде Алматының зооветинститутына 1-курсқа оқуға түсіп, студент атанып, Алматыдан Шудың вокзалына келіп түссем, онда Көжек бауырым кездесіп қалып, қалаға жақын тұратын Алға ауылындағы үйіне бой бермей алып кетті, «қонып ертеңмен барасың ауылыңа» деп. Үйіндегі үлкен ақсақал әкесімен амандасып едім, аты-жөнімді сұрады. Мен айтып бердім. Бір уақытта атамның Төленді атын естігенде ұшып тұрғандай болды: «Ақтөбедегі әлгі атақты сайыскер, көкпаршы Төленді ағамыздың немересі екенсің ғой! О, айналайын, атаң жақсы адам еді, ағайынның қорғаны еді, ержүрек жігіт еді, ал көкпарда тақымы мықты болатын, атағы осы Шу өңіріне тараған», – деп маған тілегін айтып, батасын берді. Өзімнің 18-дегі жас кезім, мына атаның атам туралы жақсы пікірін, мақтауын естігенде марқайып, атамның осындай жақсы атына мен де лайықты болуым керек деген алғашқы ой келгені есімде. Төленді атам туғанда анасы қайтыс болып, Шу өзенінің арғы бетінде тұрған нағашыларының қолында 12 жасқа дейін тәрбиеленген екен. Біздің ауылдан шыққан атақты тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мамбет Қойгелдиевтің «Құтты мекен – Масақ Ақтөбе» атты мақаласында: «Өткен ғасырдың 30-жылдары бүкіл Кеңес Одағында орын алған түрлі қоғамдық шаралар Масақ Ақтөбе ауылын да айналып өткен жоқ. Мәселен, жалпыхалықтық сауатсыздыққа қарсы күрес жарияланған мәдени төңкеріс жылдары ауылдағы еңбек жасындағы әйелдер мен елдерді колхоздың клубына жинап алып, сол кездегі өрімдей жас жігіт Естемес Төлендіұлы әліпби үйреткенін әке-шешелеріміз ризашылықпен еске алып отыратын», – деп еске алады 2010 жылы шыққан, Шу ауданының 80 жылдығына арналған «Шу өңірі энциклопедиясы» кітабында. Жалпы әкем туралы айта берсем естелік көп, – дейді Қасымхан Төлендиев.

Әкенің қолдауы қашанда қажет

Әйгілі Әзірет Әлінің «Баланы өзімдей бол деп емес, өзімдей болма деп үйрет» дегенінде де көп сыр жатқан болса керек. Кемшіліксіз пенде жоқ. Шыны керек, қазіргі кезде қоғамда масылдықтың да белең алып бара жатқаны белгілі. Баланы адал еңбекке баулудың да берекесі кетіп бара жатқандай. Қазіргі кезде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасыру сияқты келеңсіздіктердің де көптеп орын алуы осының айғағы болса керек. Мұндай көріністердің бәрі де баланың психологиясына әсер етпей қоймайтыны анық. Әкенің әрбір ісі балаға бағыт болатынын ұмытпаудың да маңыздылығы жоғары. Ықылым замандардан бері жалғасын тауып келе жатқан әкелер мен балалар арақатынасы әлі күнге өзекті. Әке мен баланың арасында өрбіген өнегелі тәрбие әрбір қазақтың отбасында көрініс тапса дейсің. Бұл орайда біздің кейіпкеріміз әкесінің әрбір сөзін ұғынып, әке жолын қууды бала күнінен армандап, мақсат тұтыпты.
– Есім кіргелі отбасыда, әулетте әкемнің орны айрықша екенін біліп, сезіп жүрдім. Өзіміз 1955 жылға дейін Ақтөбеде тұрдық, мен сол жылы ауылдағы 7 жылдық мектептің 1-класына бардым. Келесі көктемгі каникулда біз әкемнің қызметі жоғарылап, көрші Мойынқұм колхозына көштік. Көктемгі ақ жаңбыр жауып тұр, біз «полуторка» деп аталатын шағын грузовик машинамен көшіп бара жатырмыз. Екі ауылдың арасы небәрі 12 км. Ол кезде жол асфальт емес, шоссе де емес, мәшиненің ізі әрең көрінетін жай «грунтовый» жол, батпаққа қайта-қайта «буксовать» етіп әрең жеттік. Бұл ауылда бәрі неміс, шешен, орыс, әзірбайжандар тұрады екен. Мен орысша бірде-бір сөз білмеймін. Бірақ бірінші күннен бастап бізді жылы қабылдағанын сезініп, көрші балалармен танысып, араласып, кейін дос болып кеттік. Орысша тез үйрендім. Ортаның бәрі тек орысша сөйледі. Әкемнің сонда айтқан сөзі әлі құлағымда: «Балам, орысша сауатты болмасаң, сен адам бола алмайсың, еш нәрсеге жарамай қаласың, үйрен, кітапты көп оқы!», – дегені. Расында, ол кезде бәрі солай еді. «Тек жақсы балалармен дос бол, жақсы оқитындардан өнеге ал, үйрен. «Оқы, оқы және оқы!» деді ғой Ленин», – деп. Орысша білмегендіктен, күзде қайтадан бірінші класқа бардым, сөйтіп 1966 жылы мектепті бітірген жылы жолым болып, Алматыдағы зооветинститутқа түсіп кеттім. Әкем жанкүйер болып, оқуға түсті деген қуаныш хабарды естігенше бірге болды. Ондағы әкемнің қуанғанын сөзбен жеткізе алмаймын! Әкемнің қатты қуанғанын көріп, өзімді әкемнің намысын қорғап қалғандай сезіндім. Ол кезде институтқа түсе алмай қалу деген, ол бір ауыр қасірет сияқты етін. «Не бетіммен ауылға барам» деп ер балалар қара жұмысқа, болмаса әскерге сұранатын, қыздар тұрмысқа қашып кетуге тырысатын, болмаса «хлопчато-бумажный» комбинатқа жұмысқа тұратын. Ол да сол заманның ағыны еді, – дейді Қасымхан Есемесұлы.

Отбасы құндылығы – бірінші орында

Одан әрі әңгімесін жалғаған Қасымхан аға: «Ажырасу деген жағдай ол кезде өте сирек болатын. Отбасы құндылығына ата-ана да, мектеп те қатты мән беретін. Басқаны қойғанда, мектептегі сынып жетекшілер, институттағы топ кураторлары отбасының маңыздылығына, патриоттық, идеологиялық тәрбиеге, үгіт-насихат жұмысына аса ыждағаттылықпен қарайтын. Тура өз ұл-қыздарына айтып жатқандай болатын. Бұл мәселеде немкетерлікке жол берілмейтін.
Ол кезде қанша оқысам да, поэмаларды толық түсіне алмадым. Бір түсінгенім: қазақ поэмалары бар болса да, бірақ мектепте олар туралы айтылмайды. Бірақ бүгінде тәуелсіз елде барлығы қолжетімді. Десе де, жастар отбасы құндылығы, елге, жерге деген сүйіспеншілік, отбасын сақтау, ұлт тәрбиесі сынды мәселеге бас ауыртқылары келмейтін сияқты. Көбісі жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргілері келеді», – деп жастарды өз отбасына адал болуға және үлгі боларлық ата-ана болуға шақырды.

Әке арманы орындалды

Әрбір әке үшін ұрпағымен мақтану – үлкен бақыт. Балаң қандай да бір жетістікке жетіп, дәрежеңді көтеріп, әкенің атын жақсы жағынан шығарып жатса, ол қуаныш емес пе?!
– Өзім өмірімде қандай да бір нәрсеге жетсем, ол – әкемнің арқасы. Ол кісі бар қайрат-жігерін, білімін маған салды, менің оқуымды, жүріс-тұрысымды назардан тыс қалдырмайтын. Түннің ортасында келсе де, менің сабағымды тексеріп шығатын, күнделігіме тек өзі қол қоятын. Сабағыма, мектептегі оқуыма, тәртібіме қатаң қарайтын. Әкем студент кезімде ауылға каникулға келгенде көп әңгімелесетін, көп нәрселерді түсіндіруге тырысатын, «қолыңнан келсе, адамға жақсылық жаса» дейтін. Бұрын облыс басшысы болған Асанбай Асқаров ағамыз туралы аңызға айналған әңгімелер айтатын, ол кісіні пір санайтын. «Кішкене болса да сол ағаңа ұқсап өс» деуші еді. Ал 1997 жылдың күзінде Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Сауық Тәкежанов, Дінмұхамед Қонаевтың немерелері мен Амалбек Тшанов Құландағы үйімізде болып, батасын алғанымда, әкемнің арманын орындағандай болдым. «Ана – сая болар бағың болса, әке – асқар тауың» дейді қазақта. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. «Әке балаға сыншы» деп бекер айтылмаған. Мен не істесем де, қандай қызметте болсам да, маған өн бойы сын көзбен қарайтын. Сонда да әкемнің маған жанашырлығын, мейірімін, жылылығын сезетінмін. Сондықтан шығар, кішкентай кезімде жанында ілестіріп жүретін. Әкеммен көп жағдайда сырлас, дос болдым. Әкем қуанып жүрсін, оған қолғабыс болсын деп екі баламды кішкентайынан әкеме бердім, тек кіші Алмаз балам өзімнің қолымда өсті, қазір отбасымен Алматыда тұрады. Кіші ұлым ғана мені әке дейді, ал үлкендері үшін мен ағамын. Үшеуі де заңгер. Бір өкінетінім, әкеммен бірге суретке түспеппін, ол кісіні мен құдайдай сыйлайтынмын, қаһарынан қорқатынмын. Өмірде «әкемді еш уақытта ұятқа қалдырмаймын» деген қағиданы ұстанамын. Бүгінде мен де әкемін, атамын. Балаларыма, немерелеріме әкем туралы жиі айтып отырамын. «Ең жаман дегенде үлкен аталарыңа ұқсап бағыңдаршы» деймін. Үлкен немерем Абай Сүлеймен Демирель атындағы университетті бітіріп, қазір Біріккен Араб Әмірлігінде жұмыс істейді. Ал Арайлым немерем Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетті үздік бітіріп, Алматыда стюардесса болып жұмыс істесе, одан кейінгілері ТарМУ-дың магистратурасында, Алматыдағы білім-инновация лицейінде, Тараздың колледж, мектеп-гимназияларында оқиды, ал ең кішісі Алтын Алматыда балабақшаға барады. Көбісі 3-4 тілді меңгерген. Немерелеріме әкелеріңді, аналарыңды сыйлаңдар, қастерлеңдер, өмір бойы құрметтеп жүріңдер деймін. Ал менің қандай әке, ата екенімді балаларым, немерелерім айтар. Солар бақытты болса, біз де бақыттымыз, – деп әңгімесін түйіндеген Қасымхан ағаның әкесіндей әкелер қазақта көп болсын дегім келеді.

P.S: «Әке – асқар тау» дейміз. Баланы жағадағы құраққа теңейміз. Бүгінде желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтың бой түзейтін негізгі құбыласы сол асқар тауы болғаны дұрыс-ақ. Дегенмен өмірдің түрлі өткелдері арқылы бала бойында қалыптасатын мінез бен әрекет әкенің тәрбиесінен алыстатпаса дейсің.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.