Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешектің кепілі

0 503

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа кезекті Жолдауын жариялаған болатын. Аталған құнды құжат бұрынғы Жолдаулардан өзгеше, яғни күтпеген жаңалықтармен ерекшеленеді.

Айталық, оның ең басты өзгешелігі – халықтың, шын мәнінде, жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ешінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты дамудың кепілі екені сөзсіз. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар.
Әлемде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Бұл белгілі бір дәрежеде саяси реформаларды жүйелі жүргізуге ықпал етеді деп нық сеніммен айтуға болады. Сонымен қатар Президент Үкіметке тиісті нұсқаулар берген болатын. Ол сондай-ақ елдің одан әрі қарыштап дамуына бағытталған саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық маңызы бар мәселелерді егжей-тегжейлі баяндап, елдің жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Саяси жаңғыруға бағытталған бұл құжатты елдің асыға күткені жасырын емес. Президент Жолдауда тәуелсіздігімізге қауіп төндірген Қаңтар оқиғасының жай-жапсарына терең тоқталып, оны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің қатаң жазаланатынын тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Кемелұлының қиын кезде туған Отанымен бірге болып, қатаң да батыл шешімдер қабылдағанын, нәтижесінде ел тыныштығы тұрақтанғанын баршамыз жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауының «Сайлау жүйесін жетілдіру», «Партиялық жүйені дамыту», «Құқық қорғау институттарын күшейту», «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» тармақтарында тың ұсыныстары мен перзенттік ұстанымдарын ортаға салып, жаңа Қазақстанды қалыптастырудың тетіктерін айқындады. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Жолдау аясында үш маңызды тірекке ерекше мән берілгенін аңғардық. Бұл – күшті Президент, ықпалды Парламент, естуші Үкімет. Осы Жолдауда қаржы көздерін іздеу, оларды тиімді игеру, инвесторлар тарту, сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешу және оған жол берген заңды және жеке тұлғалардан өндірілген айыппұлдарды білім беру мақсаттарына бағыттау мәселелері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ ол Еуропа мен Азияны байланыстыратын Қазақстан мемлекетінің географиялық ерекшелігін ұтымды пайдалану қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар ішкі мәселелер – азық-түлік бағасы және әйелдердің зейнеткерлік жасының тұрақтылығы, сондай-ақ біздің болашағымыз Ұлттық қордан балалардың шоттарына аударылуы секілді жаңалықтар біздің болашаққа деген сенімімізді нығайта түсері анық.
Енді келер жылдан бастап елімізде балаларға арналған Ұлттық қор пайда болады. Оған жыл сайын қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында баяндады.
– Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Яғни Ұлттық қордағы бала кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Бұл дегеніңіз – жастарды қолдауға, демографияны жаңғыртуға таптырмайтын мүмкіндік. Әрине, халық Жолдаудағы жылы қабылдаған тапсырманың бірі – осы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында тәуелсіз еліміздің дамуы үшін жасалатын қадамдар айтылған. Ел бірлігі – ел дамуының басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек», – деді Президент.
Бірлік – елдің әл-ауқатын арттырудың басты кепілі. Татулық, бірлік, келісім басты құндылық саналады. Тарихымызға үңілсек, ел басына күн туған замандарда да халқымыздың тұтастығын сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс қанатын кеңге жаятындығын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан да бірлігі мен ынтымағы жарасқан, түрлі этнос өкілдері тұрып жатқан мемлекетіміздің, қоғамымыздың және отбасымыздың біртұтас мызғымастығына бағытталған ұстанымдарымызды нығайтып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты еліне, жеріне, Отанына, халқына адал қызмет жасау секілді құндылықтар рухында тәрбиелесек, табыстарға жететін боламыз. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, елдегі ішкі тұрақтылықты, бейбіт өмір мен бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үлесімізді қосуымыз керек.
Бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпаған бірқатар мәселелер айтылған Жолдауды ерекше ықыласпен қабылдадық. Мұнда халықтың табыс көзінің артуы, тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған өзекті бастамалар жарияланды. Соның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, оларға арналған бастамалардың көтерілгені көңіл қуантады. Халықтың ең төменгі табыс көзін 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеру туралы да айтылды. Бұл дегеніміз еліміздің әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің бірқатар түйіні тарқайтынын білдіреді.
«Көрпеңе қарай көсілу керек» дей отырып, ел экономикасындағы қиыншылықтар мен одан шығудың жолдарын ұсына отырып, салық төңірегінде, инвестиция, кәсіп бастау, мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйелері, мемлекеттік қаржының талан-таражға салынбауы, т.б. келелі мәселеге нақты тап-сырмалар берілді. Балабақша тәр-биешілерінің жалақысын көбейту, ұстаздар мәртебесін арттырудағы тапсырмалардың жалғасын табуы туралы да айтылды. Сонымен бірге әйелдердің зейнет жасының 61 жас болатындығы (2028 жылға дейін) көптен күткен жаңалықтың бірі еді. Ел басқару ісінде алда бізді тағы да біршама өзгерістер күтуде.
Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталастар болып жатқаны Президенттің де құлағына жеткен тәрізді. Елдің ынтымағы мен бірлігін басты назарда ұстайтын Президент ол туралы да нақтылап берді.
– Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс, – деді Президент.
Білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің жағдайы бүгінде жылдан-жылға жақсарып келеді. Сондықтан олар өздерінің негізгі міндеті бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін әрі қарай жетілдіріп, экономиканың сапалы дамуына ықпал жасауы керек. Демек, Жолдау оларға жаңа жауапкершіліктер жүктейді.
Жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көріне алады. Сондықтан ел азаматтары Отанымыздың алдында адал қызмет етіп, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етіп, адал Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуы қажет. Президент айтып отырған, болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу үшін сапалы білім, қолайлы орта керек. Жолдау да бұл мәселе де назардан тыс қалмады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет істейтіндер үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Ендігі кезекте осы жобаны барлығымыз біріге отырып іске асырсақ деген ниет бар. Қазіргі уақытта балалардың қолайсыз жағдайда білім алуы, әрине өз кедергісін келтіреді. Осы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру – сіз бен біздің қолымызда.
– Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы туралы айтылатындығымен құнды. Кезекті Жолдауда көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Жаңа бастамалар шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп екендігі белгілі.
– Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар.Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз, – деді Президент.
Өз халқының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргісі келетін Мемлекет басшысының: «Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын», – деген қанатты сөзі жалпыға жалынды жігер берді.
Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды іске асыру мақсатында Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Бір жағынан, 7 жыл кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттырып, азаматтық қоғам құруға бет бұру. Осыдан 15 жыл бұрын Конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәс-лихат депутаттары да осы үлгімен сайланатын болып, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, облыс-тық және қалалық мәслихаттарға сайлана алмайтын болып қалды. Бұл өз кезегінде азаматтардың сайлауға деген сенімі мен белсенділігін күрт төмендетті.
Президент Жолдауда осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында әртүрлі ортадан беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашты. Әрине, тұлғалардың қалыптасуы бір күндік немесе бір жылдық құбылыс емес, оған уақыт керек. Екіншіден, азаматтардың билікке деген сенімі маңызды. Сонда ғана халық сезінетіндей оң өзгерістер орын алмақ. Оның басты бағыттарының бірі – партиялардың қоғамдық бірлестіктерден тіркелуіне мүмкіндік беру. Осылайша биыл өткен Мәжіліс сайлауында алғаш рет оппозициялық партия мандат иеленді. Жалпы халық пен биліктің арасы өзара сайлаулардың әділетті өткізу – үлкен мәселе. Халықтың сайлауға қатысуының көрсеткіштері де күмәнді. Сондықтан біздің ешбір ықпалымыз жок деген пікір қалыптасқан. Бүгінде бұл мәселе оң шешімін тауып, саяси сахнаға жаңа топ, жалынды жастар келді.
Мемлекет басшысы құнды құжатта NEЕT санатындағы жастардың мәселесіне назар аударды. Яғни не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, өз бетімен қалған жастарға көңіл бөлінбек. Еліміз бойынша бұл санатқа жататын жастардың үлесі 2021 жылдың бірінші жартысында 6,7 пайызға жеткен екен. Сонда шамамен 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі күнге өзекті екенін айтқан. Сондай-ақ Мемлекет басшысы оқушыларды ынталандырып, білім беруді пайдалы әрі инклюзивті етудің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өңірлік және халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадаларда жетекші орындарға қол жеткізген оқушыларға да ерекше екпін түсірді.
Сол Жолдауда Президент ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман дайындауға да тоқталған болатын. Бәрімізге белгілі, бүгінгі таңда технологиялық прогресс қарқынды дамып келеді. Ал цифрлық өнім мен қызмет әрбір қазақстандықтың өмірінде ажырамас бөлікке айналды. Мемлекеттік қызметтердің көбі смартфондар арқылы беріліп жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысы аталған бағыттың маңызы зор екенін атап өтіп, ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман дайындауды тапсырды. Бұл тапсырма Қазақстанның IT-индустриясын дамытуға жаңа серпін берері анық.
Бұл Жолдау жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болатындығының айқын көрінісін байқатты. Елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстарына баса назар аударып, мемлекет тарапынан өз кәсібін бастаймын деген жастарға 2,5 пайыз несие берілетінін, сонымен қатар ел жастары 100 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Бұл дегеніміз – еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек ететін білімді, ойы азат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта оларды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Осы орайда Президент жылдық 2-3 пайыз жеңілдікпен оқу несиелері мен жаңа гранттарды ұсынды. Бұл – озық ойлы, бәсекеге қабілетті елдің білімді жастарына жасалып жатқан үлкен қолдаулар мен мүмкіндіктердің бірі.
Президент Жолдауында алға қойылған педагогикалық және ғылыми салаларға бағытталған стратегиялық міндеттерді біз Отанымыздың табысты дамуы үшін тез жүзеге асыруымыз қажет. Құнды құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлап, алдағы саяси өзгерістерін айқындап берді. Бес бағдарды қамтитын саяси құжатта ел Президенті: «Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз», – деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы еліміздегі жастар мен балалардың әлеуметтік қолдаларды жаңғырту, педагогикалық саладағы кадрларды даярлау саласы жөніндегі бастамаларын да ерекше атап өтті. Жолдауда еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуы үшін қажетті барлық мәселелер көтерілді. Әсіресе пандемия уақытында маңызы артқан медицина, білім беру, ІТ салаларын дамытудың жолдарына екпін берілді. Соның ішінде пандемия салдарынан дамуы тежелген кәсіпкерлік саласын қолдау күшейе түсті.
Мемлекет басшысы Жолдауда айтқандай, әділетті Қазақстан құру енді ғана басталды. Біздің ортақ міндетіміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, ол азаматтардың барлық сындарлы өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап береді. Билік пен қоғамның тұрақты үнқатысуы арқылы ғана қазіргі заманғы геосаясат жағдайында үйлесімді мемлекет құруға қол жеткіземіз. Өз басым Преиздент мерзімінің 7 жылмен шектелуін, ашық бәсекелестік және барлығына тең мүмкіндіктерге ұмтылуын, Қазақстанда жұмыс істейтін Парламент пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа тетіктерін қолдаймын. Бір сөзбен айтқанда, бұл Жолдау нақты міндеттермен айқындалған ұтымды және жүйелі құжат.
Жолдауда Президент білім сапасының, жақсаруы мен мұғалім-дерді колдауға тағы да ерекше назар аударды. Әрине, маңызды мәселе – білім беру жүйесі. Ол үшін алдымен мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керек. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту қажет. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Сонымен бірге педагогикалық, жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданып, оқулықтардың сапасын жақсарту, ғылымның тиімділігін арттыру, ұстаздардың құзырет аясы мен педагогикалық қызметкерлерді ғана емес, студенттерді де жігерлендіретін нақты шаралар мен түлектеріміздің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Осы Жолдаудың жариялануымен ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан тәуелсіз еліміздің тұрақты дамитын ел экономикасын құрудағы, денсаулық, білім, ғылым саласындағы негізгі қажетті бастамаларын жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді мақсаттар мен басымдыққа жету бойынша жасампаз процесс басталды деуге толық негіз бар. Жолдау бізге осынысымен де құнды және еліміз үшін тиімді. Мемлекет басшысының Жолдауда Үкіметке берген тапсырмасы экономикамен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін аса маңызды. Жалпы құнды құжатта ел экономикасын және халықтың әл-әуқатын одан әрі жақсарту бойынша жаңалықтар өте көп болды. Енді сол алға қойған міндеттерді бірге жүзеге асырып, тек нәтижелі жұмыс жасауымыз қажет.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.